Басты бет » Өнер – өмір өрнегі » Қайтейін, қадіріңді білмеппін…

Қайтейін, қадіріңді білмеппін…

IMG_5200

Еһ, шіркін, уақыт-ай! Көзді ашып-жұмғанша ағын су іспеттес зуылдайды келіп, зуылдайды. Сол зуылдаған уақытпен өміріміздің де ағып жатқандығын байқамаймыз-ау кейде. Уақытпен оза шапқан өмірімізде жасаған жаманды-жақсылы, ірілі-ұсақты істерімізге кейбіреуіміз мән бермей, әйтеуір жанталаса жүріп келеміз.

Жұртшылықтың мәдени-көркемдік талғамын қалыптастыруда еңбегі орасан Батыс Қазақстан облысындағы қазақ драма театры таяуда тағы бір тамаша туындының тұсауын кесті. Ол баршаға белгілі башқұрт драмтургі Флорид Буляковтің шығармасы желісінде қойылған «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясы еді.
Атаулы туындыны театр актері, режиссері Самал Абуов сахналаса, ал орыс тілінен қазақ тіліне тәржімалаған театр актрисасы Эльмира Мақашева. Суретшісі Мұрат Мәмбетов. Туа біткен дарындылығымен қоса, тынымсыз еңбектенудің арқасында бұл өнер адамдарының еңбегі көл-көсір. «Егер ерінбей еңбек етсе, тікен де гүлге айналып шыға келетінін» сан мәрте ұқтырған жандар. Жас болса да өз ісінің хас шебері Мұрат Мәмбетов сахнаға сән берген суретші екендігіне халық толық көз жеткізді.
Жалпы, оқиға желісі төсек тартып қалған қарт (Салауат Түменов) пен оның кемпірінің (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытгүл Жақыпова) өмір жолдары хақында баяндалады. Сырқат қартымыз түсінде «ажалмен» бетпе-бет кездесіп, «ажал» оған өмірінің таусылуына үш-ақ сағат қалғандығын ескертіп, «осы уақыт аралығында сауапты іс қыл» дейді. Сонда ғана қарттың ғұмыры да ұзармақшы. Сөйтіп, кемпірі екеуі «қандай сауапты іс тындырамыз» деп ойлана келе, бір сәт кейін шегініп өткен өмірлеріне көз жүгіртеді.

IMG_5377

…Сахнада шалдың жас кезіндегі бейнесі Григорий (Жасқайрат Валиуллиев)  кейпінде көрініп, жас Гришаның өрескел іске барғандығын байқадық. Өзінің жары Василисаның (Жұлдыз Мамедова) мейірімділігін, сұлулығының қадірін білмеген Гриша оны ұрып-соғып, тіпті «көзіне шөп» салады. Айқай-шумен, арпалыспен өткізіп жатырған өмірде олар сәби сүйе алмай қалғаны өкінішті-ақ. Екеуінің соңында ұрпақ қалмады. Сарт-сұрт соққан сағат тілі кенет тоқтады, қос пенденің жүрегі де соғуын тоқтатты… «Өмір» өтті де кетті тұңғиыққа тұншыға тығылып …
Режиссердің көптің ішінен «Қысқа ғұмырды» таңдап сахналауының себебі не, жалпы, аталмыш туынды арқылы халыққа жеткізгісі келген ойы қандай? Осы сауалдар төңірегінде Самал Қадерұлының жауабына көз жүгіртелік.
– Өмір адам баласына бір-ақ рет беріледі. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда адам баласы сыйласып, бірін-бірі қадірлей білгенге не жетсін?! Өмірдің өзі жеңіс пен жеңілістен, сәттілік пен сәтсіздіктен, қайғы мен қуаныштан құралады. Ф. Буляковтың «Қысқа ғұмыр» атты мұңды комедиясын таңдауым себебі де осы қойылым арқылы көрермен өз өмірін саралап өтсе екен деген бағытта алдым.
Атының өзі айтып тұрғандай, осы қысқа ғұмырда адам баласы мына дүниеге аз ғана уақытқа қонақ екенін ұмытып кетеді. Адамдар осыны ойланса екен? Асығып жатқан бір адам. Тез баюға, жетістікке жетуге, мол байлыққа кенелуге, атаққа, айта берсең толып тұр. Біз адам бола тұра ұлы қасиеттерімізді ұмытпайық, сауапты іс жасап бір-бірімізге қол ұшын созайық, көмектесейік, уақытты бағалайық деп айтқым келеді, – дейді.
«Қысқа ғұмырдағы» кейіпкерлерді төрт-ақ адам ойнап сәтті алып шықты. «Бұл қаншалықты қиын, яки жеңіл?» деген сұрағымызға режиссер:
– Қиыншылық қай кезде де болады. Шығарма өзге елдікі болғанымен, автордың ойынан ауытқымай, қазақтың айшықты, көркем тілімен алып шығу және оны халыққа жеткізу өте ауыр болады. Сонымен бірге төрт-ақ адаммен көрермендерді бір деммен ұстап отыру актерларға үлкен шеберлікті талап етеді. Осы қойылымда ойнаған әртістер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытгүл Жақыпова, талантты актер Салауат Түменов, Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері Жасқайрат Валиуллиев, Жұлдыз Мамедоваларға алғысым шексіз, – деген С. Абуов шығармашылық жоспарымен ой бөлісті. Мәселен, ол жаман қасиеттерден аулақ болу үшін, адамдарға ескерту бағытында Қырғыз Ұлттық Жазушылар Одағының мүшесі, драматург Бурул Калчыбаеваның (аударған Э. Мақашева) «Қоңырау» атты үлкендерге арналған ертегі-аңызын қойғысы келетіндігін тілге тиек етті.

IMG_5791

Айтпақшы, «Қысқа ғұмырдың» тұсаукесерінде тек қана қала жұртшылығы емес, сонымен қатар БҚО-ның түкпір-түкпір ауылдарынан да көрермендер келген болатын. Солардың бірі Зеленов ауданының орталығы Переметный ауылының тұрғыны Нұржан Дүзбатыр да осы қойылымды тамашалап пікірін білдірді.
– Бүгінде театрдан әр көрермен тың жаңалық тосып жүретіні белгілі. Қоғамның бет-бейнесін сахна шеберлігімен танытуға талпынған, өзекті мәселелерді көтерген қойылымдар әрдайым көрерменін тәнті етіп жатады. Осы орайда театрымыздың «Қысқа ғұмыр» қойылымы талайға тосыннан ой салғаны анық. Жаратқаннан әмір келіп, қалған қысқа ғұмырда не істеу керектігін жанталаса ойласқан жандардың өзегі от болып жүр. Қайтсем қайырымды іс қылып үлгерем деп жанұшырған қарияның өткен өмірі көз алдынан сырғып өтіп, сүреңсіз әрекетке толы парықсыз пендешілік көрерменін ауыр ойға батырады. Бәлкім, бір ғана қайырымы осының бәрінен түбегейлі құтқарып жіберер деген «әлсіз» пайым ішімізде діріл қағып жатты. Қарияның болашақ туралы мүлдем ойланбастан өткен жастық шағы бүгінгінің проблемасын қаузап тұр. Не шара, бәріне кеш еді.
Хош. Қойылымнан көрермен не ұқты? Әрине, уақыттың қадірін. Жастықтың мәңгілік еместігін шынайы сезініп, мынау жалғанда кейінге ұлағат болар із қалдырудың маңыздылығын ұғынды. Театр ұжымының да діттегені осы ғой деп ойлаймын, – дейді.
Расында да қарбаласқа толы тіршілікте уақыттың қадіріне жете бермейміз. «Қайтейін, қадіріңді білмеппін, қайран өмір» деп кейін бармағымызды тістеп қалмайық, «Қысқа ғұмырдағыдай». Өткенімізді ой елегінен өткізіп саралайық.
Әр пенде таңертең ұйқысынан оянысымен «мен не істеуге тиіспін» деп, ал ұйықтар алдында «мен не тыңдырдым» деп өз-өзімізден есеп алып мағыналы өмір кешейік, онсыз да «ғұмыр қысқа» ғана.

Самал Жамет,
БҚО, Орал қаласы

Суреттерді түсірген Виктор Предыбайло

Пікір жазу