Коллаж Orda.kz
Елімізде дәрісті қай тілде өту керегі күні бүгінге дейін даулы мәселе болып келеді. Жақында Нархоз Экономика және Менеджмент саласында қазақ тілін оқыту тілінен алып тастады. Бұл жайлы Нархоз университеті жеке сайтында жариялады, деп жазды Оrda.kz порталы.
Артынша Экономика және Менеджмент мектебінің оқытушылары қазақ тілін алып тастауға қарсы шығып, министрлікке хат жолдады. Ұстаздар хатта қазақ тілін алып тастауға үзілді-кесілді қарсы екенін кесіп айтты. Ұстаздардың сөзінше, еліміздің 70% қазақ ұлты екенін ескерсек, бұл қазақ студенттерінің өз ана тілінде білім алу құқығын шектеу болады. Ал заңымыздың 7-бабына сәйкес азаматтардың тіліне қарай шеттетуге жол берілмейді. Лауазымды тұлғалар мемлекеттік тіл мен орыс тілін шеттеткен жағдайда ҚР «Тілдер туралы» Заңының талаптары бұзылып, моральдық жауапкершілікпен қатар, басқа да жазаға тартылады.
«Қазақ тілін білу міндетті емес»
Қазақ ұлты үшін 1991 жылы қазақ тілін мемлекеттік тіл деп заң қабылдау өте маңызды қадам болды. Құжаттардың бәрі орысша, мемлекеттік мекемелер орысша жауап қатады, қарапайым халықтың өзі орысша сөйлеседі. Тәуелсіздікке енді қолы жеткен еліміз ана тілінің мәртебесін көтеру үшін қыруар еңбек ету керек болды. Соның ішінде білім ошақтары да тілдік қақтығыстар алаңына айналды. Кейбір мектептер мен ЖОО-да, әсіресе орыс тілділер көп шоғырланған аймақта орыс тілі үстем болды. Кейінгі жылдары көп бастаманың арқасында қазақ тілінің мәртебесі біршама көтерілгенін байқаймыз.
Алайда мемлекеттік тіл жайлы арнайы заң барына қарамастан, қазірдің өзінде осы мәселеде қиындықтар әлі туып келеді. Ал оқыту тіліне қатысты заңның 2011 жылғы өзгертілген нұсқасына қарасақ, білім орындары жеке меншік болғанына қарамастан, білім алушылардың қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ҚР мемлекеттік жалпыға бірдей стандартқа сәйкес орыс тілін немесе бір шет тілін үйретеді. Ана тілінде білім алу қолжетімді болуы үшін, ұйымдар, сыныптар, топтар құрылып, оларға жағдай жасалуы керек. Сондай-ақ, заңда басты басымдықты дәл осы мемлекеттік тілде ашылатын ұйымдарға беру керегі жазылған. Бұл заң 2017 жылдан бастап күшіне енді. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл мен орыс тілі міндеті болған соң, орта білім беру ордаларының аттестаттау кезінде де осы тілдер бар.
Алайда Нархоздың Экономика және Менеджмент мектебі қазақ және орыс тілдерін алып тастап, толығымен ағылшын тілінде білім беруге шешім қабылдады.
Қазақ тілінің трагедиясы
Бүгінде бүтін бір ұлттың мәселесіне айналған «калька», яғни өзге тілден дәлме-дәл аудару тіліміздің ұлттық бояуын кетіріп бітті. Әдебиетімізден бастап күнделікті ауызекі тілімізге сіңіп кеткен калькаларды білмей де қаламыз. Сол кальканы Нархоздың да есігінен байқадық. «Өзіңізге қарай», «ары қарай». Бекеттердің, мекемелер мен дәмханалардың есігінде «өзіңізден кейін» деген аудармасы жазылып тұр.
«Бұл сөздерді «итер», «тарт» немесе жай ғана «ары», «бері» деп айтқан дұрысырақ», – дейді белгілі тіл маманы Назгүл Қожабек.
Кальканың әсерінен қазақша сөйлеп, орысша сөйлейтін жастар көбейді. Тілімізге сіңіп бара жатқан ондай сөздерді жастар «дұрыс» деп ұғып, ойланбай-ақ айта береді.
Заңымыздың 7-бабында қазақ тілі мемлекеттік тіл екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал орыс тілі мемлекеттік мекемелерде және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік тілмен тең дәрежеде ресми түрде қолданылады. Осыған дейін бұл бапты өзгерту үшін талай дау болды. Бірақ мемлекет ол заңды өзгертпеді. Осының нәтижесі болар, кейде мемлекеттік ұйымдардан бастап, оқу орындарына дейін «қазақ тілін білу міндетті емес» деген көзқарас бар. Мысалы, жұмыс және қызметкер іздейтін H.Hunter сайтында қазақша үйрететін Qazaq school online сайты «қызметкердің қазақ тілін білуі міндетті емес» деген хабарлама жариялапты. Бұл жайлы журналист Ерлан Оспан өзінің telegram арнасына салды.
«Пәлі, қазақ тілінің бүкіл драмасы сыйып кеткен хабарландыру», – дейді Ерлан Оспан.
16 маусым күні Нархоз оқу орнында ашық есік күні өтті. Іс-шара кезінде оrda.kz тілшілері студенттер мен ата-аналар арасында сауалнама жүргізді. Олардың бірі бұл өзгерісті құптап, ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік деп санайды. Көбі бұл шешімге қарсы екенін айтып, Қазақстан азаматтары білімді қазақ тілінде алуға құқылы дейді.
«Өзге елдің ұлтаны…»
«Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды»
Жүсіпбек Аймауытов
Студенттердің кейбірі шетелге кететінін, бұл шешім ағылшын тілін жетік меңгеруге таптырмас мүмкіндік екенін айтты.
Ата-аналар арасында сауалнама жүргізу кезінде «қазақ тілін алып тастап, сабақты тек ағылшын тілінде өткізу қаншалықты дұрыс?» деген сұрағымызға кейбір ата-аналар баласының ағылшын тілін жақсы білетінін айтып, «бізге бәрібір» деді. Кейбір ата-аналар ашық есік күніне келгенін, «асығыс» екенін айтып, жауап беруден бас тартты. Орыстілді ата-аналардың пікірін сұрағанымызда «билікті айтқаны» болады деген жауап алдық.
«Ешкім қазақша сөйлемейді. Аудиторияларда негізінен орысша және ағылшынша сөйлеседі. Солай қолайлырақ. Ағылшын бөлімінде орысша сөйлей береді», – деді аты-жөнін жасырған студент.
«Университеттің бұл шешімін құптаймын. Болашақта шетелге кетуді жоспарлап отырмын», – деді осы оқу орнына түскісі келетін абитуриент
«Ағылшын тілі әлемдік тіл болған соң, оны Қазақстанда дамытуға сеп болатын жақсы шешім. Нәтижесінде ағылшынша жетік білетін мамандар шығады. Елімізді әлемге танытады. Ағылшын тілінде естіп, естігенімді ұғып, жаза аламын. Ойымды жеткізгенде сәл қиналамын. Кез келген қиындықты уақыт өте келе еңсеріп кетуге болады деп ойлаймын», – деді осы оқу орнына түсуге ниетті абитуриент.
«Менің пікірімше бұл дұрыс емес. Алайда мемлекет не десе, сол болады», – деп қысқа қайырды ашық есік күніне келген орыс тілді ата-ана.
«Бұл жағдай кәсіби мамандардың жаппай шетелге кету мәселесін өршітіп жібереді. Ағылшын тілінде оқыту арқылы біз шетелге мамандар дайындап береміз. Дегенмен ағылшын тілін білу қажет екенін мойындаймыз. Бірақ үстемдікті дәл мемлекеттік тілге берген дұрыс», – дейді Нархоздың Экономика және Менеджмент саласының ұстаздары.
Үстем тіл
Сонымен қатар, дабыл қаққан ұстаздар бұл шешімнің оқушылар арасында теңсіздік тудыратынын айтты.
«Бұл шешім ағылшын тілінде сөйлейтін азаматтарға үстемдік беріп, қалғанының талаптарын қанағаттандырмаған соң, белгілі бір әлеуметтік теңсіздікке алып келеді», – дейді оқытушылар.
Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, ҰБТ-да ағылшын тілінде тапсыруға талап білдірген түлектердің саны жалпыға есептегенде нөлді құрайды. Оған дәлел, ҚР Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттары бойынша негізгі ҰБТ-2023 қорытындысы туралы мәліметтерінде түлектердің шамамен 75,16%-ы ҰБТ-дан қазақ тілінде, 24,74%-ы орыс тілінде, 0,1%-ы ағылшын тілінде өтті.
Кейбір оқушылар тек қазақ тілі мен ағылшын тілінде дәріс беру жайлы ұсыныс айтты.
«Мен ағылшын мен қазақ тілдерін қалдырғаны жөн деп санаймын. Бұл Қазақстан мемлекеті болған соң, халық қазақша білуі керек. Білімді қазақ тілінде алғысы келсе қазақша дәріс өткізілуі керек. Қазақтарға өз тілінде білім алу қонымды болады», – дейді абитуриент.
Еліміздегі алдыңғы қатардағы оқу орнының бірі Нархозға түскісі келетін қазақ балалары көп. Олардың бірі ағылшынша білсе, енді бірі білмейді. Олар қазақ тілін алып тастағанына алаңдап отыр.
«Мен осы оқу орны экономика саласындағы ең жақсы білім ошақтарының бірі дегенді естіп келіп отырмын. Ағылшын тілін жетік білмеймін. Сондықтан білім алу қиын болатын сияқты…», – деді осы оқу орнына түскісі келетін үміткер.
Сондай-ақ, экономика салаларының бірін бітірген осы оқу орнының түлегі тілшімізге осы мәселеде және қазақ тілін оқыту жайлы пікірін айтты.
«Толығымен ағылшын тілінде сабақ өту, қазақ мектебін бітіріп келген оқушыларға қиын болады. Бірінші өз ана тілімізді меңгеріп алғанымыз дұрыс. Өз тілімізде сала бойынша сабақ бере алатын деңгейге жетпей тұрып, өзге тілде дәріс жүргізіп кету — бірінші сыныптан бесінші сыныпқа бірден аттап кетумен тең. Айта кету керек, орыс мектептерінде қазақ тілі бір-ақ рет жүргізіледі. Қиын ережелерден жалыққан оқушылар «я не знаю казахский язык» деп айта салады да, құлықсыз жүре береді. Осыны шешу үшін орыс мектебінде қазақ тілінің ережелерімен басын қатыра бергенше, бірінші оларға қазақтың ауызекі тілін үйретсе дұрыс болар еді», – деді осы оқу орнының экономика және менеджмент саласының түлегі Елдос Жолдасов.
«3 тілде сабақ беру әділ болады»
Олардың кейбірі елімізде өзге де ұлттар тұрған соң, олардың да құқығын шектемей 3 тілде дәріс өткізген дұрыс деді.
«Мен қазір ғана экономика саласы бойынша емтихан тапсырып шықтым. Көп студент тек қазақ тілін, болмаса тек орыс тілін біліп қана оқуға түсіп жатады. Тіпті тек ағылшын тілін ғана білетін шетелдік студент осы оқу орнына түсуі мүмкін. Сондықтан 3 тілде де дәріс бергенін қолдаймын», – деді экономика және менеджмент саласында оқитын студент.
«Орыс тобында оқимын. Ағылшынша жетік білмеймін. Әрине, мұндай жағдайда білім беру кезінде қиындықтар туады. Әсіресе, ағылшын тілін білмейтін адамға өте қиын болғалы тұр. Өйткені берген дәрісті түсінбей қалады. Сабақ үлгерімі нашарлайды. Ал өз ана тіліндегі дәрісті адам ұғады. Дәрісті түсінбей оқу бітіріп шыққан маманның білімі де төмен болады. Түлектердің дипломында ағылшынша оқып бітіргені жайлы жазылып тұрған соң, жұмысқа тұрғанда сол талаптарға сәйкес бола алмай қалады», – деді 2-курс студенті.
«Менің ойымша, ана тілін алып тастағандары дұрыс емес. Ағылшынша білмейтін балаға білім алу қиын болады. Оған өз тілінде оңайырақ. Өзімнің ағылшыншам жаман емес. Еркін сөйлей алмаймын. Бірақ жазып, оқи аламын», – деді осы оқу орнына түскісі келетін абитуриент.
Сондай-ақ ата-аналар да 3 тілде білім беру дұрыс шешім екенін айтты.
«Осы оқу орнына ашық есік күні болған соң, не айтатынын білейін деп арнайы келіп тұрмын. Мен бұл оқу орнында ғана емес, жалпы Қазақстан оқу орындарының бәрінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде білім алуға мүмкіндік болғанын қалаймын. Өйткені біздің елде өзге де ұлттар тұрады. Ал қазақ тілін алып тастауға толығымен қарсымын. Қазақтар қазақша оқығысы келсе, қазақша оқып білім алуы керек», – деді баласын оқуға түсіруге ертіп келген ата-ана.
«Мен 3 тілде де қатар білім бергенін қалаймын», – деді ашық есік күніне баласын ертіп келген тағы бір ата-ана.
«Ана тілің — арың бұл»
Жазушы Таласбек Әсемқұлов өзінің «Әріп тағдыры» атты мақаласында, Құбылай ханның 18 000 ғалымға «қытай жазуынан бас тарт, әйтпесе бастарыңнан айырыласыңдар» деген шартына қасқая қарсы тұрғанын жазады. Тіл үшін жанын пида етсе, иероглифтік жазуды сақтап қалатынын естіген 18 000 ғалым көзсіз ерлікке барып, осы ұлы мұрат жолында құрбан болыпты-мыс. Әсемқұловтың сөзінше, асырып айтуға бейім қытай зерттеушілерінің бұл сөзі шындыққа жанаспайды. Бұл жерде мән беретін дүние — ана тіл мен ата дәстүрді сақтау жолында жанын қиюға әзір болған ғалымдардың ерлігін өнеге ету болып тұр. Білім ошақтарында өз тілімізде білім бере алмасақ, ғылымның әр саласын ана тілімізде айтып жеткізе алмасақ, тәуелсіздік деген сөз жүзіндегі дүние болып қала береді.
Оқыту тілін ауыстырған елдер
Тарихқа көз жүгіртсек, бір елдің отарындағы ұлттың тілін шектету, мектептерін жабу сынды жағдайлар өте көп. Мысалы, Америка филиппин жерін отарлағаннан кейін, негізгі оқыту тілін ағылшын тіліне ауыстырған болатын. Кейін 2012 жылы Филиппиндіктер ана тілінде білім беру саясатын қолға алды. Алайда қазірдің өзінде филиппиндіктер сөйлегенде ана тілінде емес, ағылшын тілінде заулай жөнеледі. Оңтүстік-шығыс Азияда көп жылдар бойы ағылшын тілі үстем болып келді. Енді олар ұлттық тілінің қолдану аясын кеңейту үшін түрлі бағдарламалар жасап, қолынан келгенше өз тілінің мәртебесін көтеруге тырысып жатыр.
Оңтүстік Африкада апартеид (нәсіліне қарай жергілікті халықты шеттету) кезеңінде өз тілінде сөйлейтіндердің саны көп болғанына қарамастан ағылшын және африкалық тілдер білім ошақтарында негізгі оқыту тілі болды. Қара нәсілділерді және басқа ұлттардың тілін, мәдениетін шеттету саясатына қарсы күрескен Нельсон Манделаны білмейтін адам кемде-кем шығар. Нельсон Мандела билікке келген соң, жергілікті тілдерді шетқақпайлау доғарылып, білім беру саласында бірқатар өзгерістер болды. Бұл мысалдар білімді қай тілде беру маңызды екенін және ұлттық тілді қайтадан жаңғырту басқа мемлекеттің отарында болған ел үшін орасан зор еңбекті қажет ететінін көрсетеді. 70 жыл Ресей құрамында болғанда қазақ тілінің басынан да талай қилы кезең өтті. Тәуелсіздік алған соң, қазақ тілінде білім алу үшін бірталай күрес жүрді. Наразы ұстаздардың Нархоз басшылығына қазақ тілін алып тастауына қарсы арызы да соның бір дәлелі.