Кеше Алматы қаласына жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы жас ғалымдармен кездесті.
Кездесу барысында Алматылық он жас ғалым пәтер иегері атанды. Олар салтанатты түрде Президенттің қолынан тұрғын үй сертификаттарын алды. «Өткен жылы 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмам бойынша оларға тағы 200 пәтер бөлінеді», — деді Президент ғалымдардың алдында сөйлеген сөзінде. Бұл маңызды оқиға жас мамандардың ғылыми-техникалық прогреске және Қазақстанның зияткерлік әлеуетін нығайтуға қосқан үлесінің маңыздылығын көрсетеді. Президент жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау мемлекеттің міндеті екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы:
– Бүгін Сіздермен Ғылым ордасында жиналып отырмыз. Қуаныштымын. Бұл – қазақ ғылымының қара шаңырағы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді.
Жалпы, осы жерде халқымыздың көптеген көрнекті ғалымдары еңбек еткен. Ғылым ордасында есімі ел тарихына жазылған біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты. «Ғалымның хаты өлмейді» деген. Халқымыз әлі күнге дейін оның ашқан жаңалықтарының игілігін көріп отыр.
Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ, – деді.
Шара соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекеттің міндеті екенін атап өтіп, ғылымның түрлі саласында еселі еңбек етіп жүрген бірнеше азаматқа салтанатты түрде пәтер сертфикаттарын табыстады.
Пәтер сертификаттарына ие болған жас ғалымдар: Айназ Абилдина – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, Жанғазы Молдамұратов – Халықаралық білім беру корпорациясының жалпы құрылыс факультетінің деканы, Әлия Темірхан – Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғылыми қызметкері, Ерғали Құрманов – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, Рамазан Жанұзақ – Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының зертхана меңгерушісі, Жансая Омарова – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің аға оқытушысы, Нұрлан Бакранов – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының бас қызметкері, Шынар Құлтаева – Халықаралық білім беру корпорациясының қауымдастырылған профессоры, Сәмет Байжұма – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, Бауыржан Әділхан – Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының лаборатория меңгерушісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан салтанатты түрде пәтер сертификатын алған жас ғалымның бірі – Сәмет Байжұма. Ол – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің оқытушысы. Ғылымдағы еңбек жолын ҚазҰУ-дағы «Әл-Фараби» орталығында ғылыми қызметкер болып бастаған. Көпбалалы әке.
Президент қолынан пәтер сертификатын алған жас ғалымдардың тағы бірі – Халықаралық білім беру корпорациясының қауымдастырылған профессоры Шынар Құлтаева.
Шынар Құлтаева Мемлекет басшысына жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, ғылымның көкжиегін бағындыруға шексіз мүмкіндіктер бергені үшін алғысын білдірді. Жас ғалым өзінің бүгінгі жетістігі ғылым жолындағы жастарға үлгі болса екен деп, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етуге шақырды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Ерғали Құрманов салтанатты түрде пәтер сертификатының иегері атанды. Жас ғалым бүгінде ҚазҰУ-да физика және астрономия саласында ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады.
Алматы қаласынан пәтерлі болған Ерғали Бержігітұлы өз сөзінде ҚР Президентіне жас ғалымдарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек үшін ризашылығын білдірді.