Басты бет » Жастар үні » Стамбулдағы қазақ дәрігері: Қазақстан медицинасына үлес қосу – мақсатым

Стамбулдағы қазақ дәрігері: Қазақстан медицинасына үлес қосу – мақсатым

Онкологиялық аурулардың жылдан-жылға жасарып, артып бара жатқаны жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Отандық онколог-дәрігерлердің осы тақырып аясында берген сұхбаттары да аз емес. Бұл жолы Түркия медицинасына өзіндік үлес қосып, Стамбулға ем іздеп барған отандастарымыздың ризашылығына бөленіп жүрген қазақ дәрігерімен жақынырақ таныстырғанды жөн көрдік. Түркиядағы сүйек кемігі трансплантациясы бағытында үздіктер қатарындағы BAU Medical Park Göztepe медициналық орталығының балалар онкогематологы Сүлеймен Жұматаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Сүлеймен мырза. медицинаға, оның ішінде онкология саласына қалай келдіңіз?

– Жалпы медицина саласында қызмет ету, ақ халатты маман болу балалық арманым емес еді. Ата-анам бағыттап, жол сілтеген мамандық болды. Оқуға түскеннен кейін 1-2 курстарда медицинаға қызығушылығым оянып, өзімнің дұрыс бағытта екеніме көзім жетіп, білімімді әрі қарай жетілдіруге тырыстым. Қазір дәл осы мамандықты таңдағаныма, дәрігер болғаныма өкінбеймін, тек қуанамын. Неге онкология десек, генетика, бағаналы жасуша, трансплантация тақырыптары маған қызық болатын. Трансплантацияжасауды әрі балаларды жақсы көргеннен кейін балалар онкогематологиясына бет бұрдым.

Бірнеше мемлекетте біліміңізді жетілдіріп келіпсіз, қазір Стамбулда жұмыс істеудесіз. Таңдау неге Түркияға түсті?

– Түркияның мәдениеті қатты ұнады, отбасылық, қаржылық жағынан да ыңғайлы. Негізгі себеп – бағаналы жасуша трансплантацияларын жасайтын Еуропадағы үздік профессорлардың бірі Мехмет Акиф Есилипектен білімімді жетілдіруге, тәжірбие жинауға келдім. Қазір сол кісімен бірге жұмыс істеймін.

– Онкологиялық аурулардан емделуге қай елдерден науқастар жиі келеді?

Науқастар әртүрлі елдерден, әсіресе ТМД елдерінен келеді, нақтырақ айтсақ, Қазақстан, Ресей, Әзербайжаннан өте жиі жүгінеді. Шығыс Еуропа елдері, Араб және Африка елдерінен келетіндер де аз емес.

– «Қазақстан медицинасы аса қауіпті ауруларды емдеуде әлсіз» деп басқа мемлекеттерге, оның ішінде Түркияға ем іздеп кететіндер аз емес. Шынымен, Қазақстан мен Түркияда онкологиялық ауруларды емдеуде айырмашылық бар ма?      – Айырмашылық бар, біріншіден, екі елдің медициналық қызмет көрсету жүйесіндегі ерекшеліктерінде, кемшіліктерінде. Екіншіден, Түркия мен Қазақстандағы мемлекет тарапынан медицина саласына бөлінетін қаржы көлемінде. Түркияда медицина саласына бөлінетін қаржы көлемі өте үлкен. Үшіншіден, кадр мәселесі, мықты мамандардың көп болуы. Өкінішке қарай, Қазақстанда медицинасы үшін білікті мамандардың саны арту үшін көптеген жылдар қажет.Дегенмен елімізде ілгерілеу бар.

– Онкологиялық ауруларға дегенкөпшіліктің алаңдаушылығы артпаса, азаймады. Осындай сырқатқа шалдығудың басты себептері қандай?

– Негізгі себептерінің бірі генетикалық бұзылыстар. Генетикалық бұзылыстардың себебі әртүрлі факторларда, ол радиация болуы мүмкін, дұрыс тамақтанбағаннан, тіпті киімнен болуы да мүмкін. Қазір адамдар жақсы көретін тағамдық қоспалар да әсер етеді. Аталған факторлар генетикалық бұзылысқа, генетикалық бұзылыс онкологиялық ауруларға әкеп соғады.

– Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін қандай ережелерді ұстану керек?

– Нақты мынау болуы керек дейтін шарт жоқ. Бастысы, дұрыс тамақтануға тырысу, уақытылы медициналық скринингтен өту міндетті.

– Емдеу барысында науқастарға тек медициналық жағынан емес, психологиялық көмек те қажет болуы мүмкін. Сіздерде осы мәселе қаншалықты қарастырылған?            – Иә, ең маңызды көмектің бірі – психологиялық көмек беру. Клиникада психолог мамандар бар, науқастарды сол мамандарға қарай бағыттаймыз, қажет болған жағдайда психиатр да қосылады. Бірақ көп жағдайда психологтар көмек бере алмайды. Күнде көріп, өзіміз емдеп жүрген науқасты өзімізден артық ешкім түсінбейді. Өзіміз дәрігер де, психолог та болып, сөйлесіп, түсіндіріп, қолдап, көңіл бөліп, мотивация береміз.

– Болашақта елге оралып, Қазақстанның медицинасына үлес қосу ойыңызда бар ма?   – Әрине, міндетті түрде, бұл менің үлкен армандарымның бірі. Қазақстан медицинасының дамуы, онкологиялық ауруларды емдеуде сапалы қызмет көрсету, науқастардың шетелге шықпай-ақ Еуропа, Америка елдеріндегідей жақсы көрсеткіштермен емделіп шығуы – менің арманым, мақсатым. Алдағы уақытта осы жолда қызмет етемін.

– Бос уақытыңызда немен айналысқанды қалайсыз?

– Менің ойымша, адамда бос уақыт болмауы керек, барлық іс-әрекет жоспарлы түрде болғаны дұрыс. Кітап оқу, спортпен айналысу, кино көру, отбасыммен уақыт өткізу деген әрекеттер бос уақыттан емес, жоспарлы түрде орындалуы керек. Кез келген әрекет адамның тұлғалық дамуына әсер етеді, спортпен айналысуға да, қоғамдық жұмыстарға да, отбасымен уақыт өткізуге де арнайы жоспарланған уақыт болуы шарт.

– Отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз

– Аллаға шүкір, үйленіп, отбасы құрғаныма 9 жыл болды, бір ұл, екі қызымыз бар. Келіншегім де медицина саласының қызметкері, педиатр боп жұмыс істейді. Ұлым – 2-сынып оқушысы, қыздарым – балабақшада.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқан

Сәния ИБРАЕВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
3-курс студенті