TikTok әлеуметтік желісінің бұғатталуы мүмкін деген ақпарат соңғы уақытта жиі талқыға түсіп, жастар мен кәсіпкерлерді уайымдатып қойғаны жасырын емес. Аталған әлеуметтік желі жастар үшін көңілді құрал, кәсіпкерлер үшін өз өнімін сатуға үлкен мүмкіндік, шығармашыл жандар үшін креатив алаңы болғанымен, көптің көңілін күпті еткен тұстары да жетерлік.
Түймедейді түйедей етіп, болмашы нәрсені үлкен қауіпке айналдырып, жылдам, ауқымды тарататын Тiktok-тың әсері бір адам үшін ғана емес, бүтіндей ұлтқа қауіпті болуы мүмкін. Депутаттар сауал жолдап, бұл мәселеге қатысты өз алаңдаушылықтарын білдірген болатын. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да TikTok-ты бұғаттау туралы ұсыныстарға пікірін айтты.
«Қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзу фактілері өте көбейіп кетті. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Оның бәрі ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етсе, әлбетте, осындай шараларды қабылдауға тура келеді», – деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілінің сауалына берген жауабында.
TikTok-ты шектеу қаншалықты қажет шешім? Осы сұрақтың аясында жауап іздеп, көпшіліктің ойын білген болатынбыз.
– Өз басым Тiktok-та жаңалықтарды, автокөлік жүргізіп үйрену, жол ережесіне қатысты, тамақ, торттың түр-түрін дайындауға арналған видеосабақтарды қараймын. Шектеуі керек шығар…
«Не үшін шектеу керек?» десеңіз, халықтың басым көпшілігі осы желіде отырады, басы бар, аяғы жоқ видеолар салады, біреуді ұрып-соғып, балағаттап жатса да түсіріп, күліп жататындар да аз емес, жасы үлкені де, кішісі де, мейлі балалар, оқушы болсын, ол видео-суреттер әлеуметтік желіге тым тез таралып кетеді, заңдық тұрғыдан бұл қате. Оған ешқандай шектеу қойылмаған. Бұл бірінші уақытты алады, керек емес ақпараттарды санасына сіңіріп, адамның ой-өрісін, көзқарасын өзгертеді емес пе?! Қандай да бір шектеу қойылу керек, тіпті TikTok желісін жауып тастаса да қарсы емеспін!
– Мен TikTok желісіне күніне 2-3 сағатымды армаймын, баланы дамыту жұмыстары жайлы ойындар, тәттілерге арналған рецепттер үшін қараймын.
TikTok-қа шектеу қою керек деп санаймын. Біріншіден, көп адамдар стримда отырып, ауыздарына келгенін айтып, бір-бірімен ұрысып отырады. Қазіргі өсіп келе жатқан жасөспірімдерге дұрыс тәрбие емес. Екіншіден, эскорт қызметін көрсететін қыздардың өздерін жарнамалайтын видеолары жиі кездеседі. Мүлдем бұғаттамаса да, пайдалы, құнды дүниелермен бөлісетін контент қана көрсеткенін қалаймын.
Фариза ЕРМЕК, «Новое Телевидение» телеарнасының жүргізушісі:
– TikTok желісінде жасыратыны жоқ, соңғы кезде жиі отырамын. Қандай мақсатта? Идея алу мақсатында. Өзім видеоролик жасағанды қатты ұнатамын. Ал TikTok желісі өз кезегінде менің шығармашылығым мен идеямды ұштауда қолғабыс етуде. Негізі, әр нәрседен жақсы тұсын, яғни плюс көруге болады. Мәселен, менің педагог құрбым да осы қосымшадан сабағын қызықты етіп өткізу мақсатында басқа да ұстаздардың бейнеролик есебінде жүктеген түрлі заманауи әдіс-тәсілдерін жұмыс барысында қолданады. Сол үшін әр адам белгілі мақсатта пайдаланса, пайдасы орасан. Ал жас шектеуге келсек, тым құрығанда 14+ болуы керек деп ойламын. Өйткені жас баланың ақпаратты, белгілі бір дүниені фильтрлеп қарауы екіталай.
Толқын ҚАЛАБАЙ, студент:
–ТікTok әлеуметтік желісіне күніне 3-4 сағатымды арнаймын. Көбінесе қызықты, мотивациялық видеолар көру үшін қараймын. ТikTok әлеуметтік желісін шектеу керек деп ойлаймын. Біріншіден, мұнда баланың жас ерекшелігіне ешқандай шектеу қойылмаған. Екіншіден, жастар алтын уақытын текке жұмсайды. Қоғамнан оқшаулана бастайды. Үшіншіден, ТikTok-та адамның денсаулығына, оның интеллектуалдық, психикалық дамуына зиян келтіретін бейнелер өте көп таралуда.
– Мен қазіргі таңда TikTok әлеуметтік желісін қолданбаймын, себебі ондағы дүниелер маған қажет емес, пайдасыз және бұрын сол бағдарламаны қолданғанда уақытымның қалай өткенін байқамай да қалатын едім.
Қазіргі таңда TikTok желісі төңірегінде көптеген пікірталастар жүріп жатыр, жеке ойым – бұл әлеуметтік желі пайдасыз. Түбегейлі шектеуге де болмайды, бізге керегі жас шектеуі, бағдарлама қолданудағы уақыт шектеуі, сапасыз контентті азайту, сонда ғана тиімді болмақ.
Көпшіліктің пікірі біз күткендей-ақ, уақытты текке құртпай, ұтымды пайдалансаң, Тiktok көмекші құрал іспетті. Желіге жіпсіз байлансаң, уақытыңды ұрлайды, санаңды қажетсіз, мәнсіз ақпаратпен торлайды. Түптің түбінде Тiktok-ты қалай, қай жағынан пайдалану адамның өзіне ғана байланысты екенін ұмытпайық!
Дайындаған
Сәния ИБРАЕВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
3-курс студенті