Басты бет » Жаңалықтар » ЖАУЫНГЕРДІҢ ЕҢ ҚЫМБАТ СУРЕТІ

ЖАУЫНГЕРДІҢ ЕҢ ҚЫМБАТ СУРЕТІ

9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында елімізді фашистерден азат ету жолында соғыс даласына аттанып, қар жастанып, мұз құрсанған, бораған оқтың ортасынан тірі оралған қарт жауынгерлер жайында мерзімді баспасөз беттерінде жазылып, айтылып жүр. Деректі фильмдер де түсірілді. Жауынгерлерден сонау ауыр зұлмат соғыс даласы туралы сұрасаң, қинала әңгімелейтінді. «Үстімде қара шинелім, ақсаң басып келемін» дегендей, майдан даласында бір адамдай ауыртпалық көрген, бірақ жігері жасымаған қарт-жауынгерлердің бірі Сәрсенғалиев Қаби ата еді.

Қаби Сәрсенғалиұлының көзі тірісінде үйіне Орал қ.ІІБ кадрлар жұмысы бөлімінің инспекторларымен арнайы барып, Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтағанбыз. Қаби ата бүгін ортамызда жоқ, бірақ ол кісінің жүрген өнегелі жолы мен ерліктері жастардын жанында сақталып қалады. Үйіне барғанда әңгімеге тартып, сұхбат алғанбыз. Мақсатымыз – жауынгердің ерлікке толы өмір жолын органға қызметке қабылданған жастарға, жеке құрамға үлгі етіп көрсету, жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеу еді. Кейінгі ұрпаққа жауынгерлердің өнегелі жолын ұлықтау болатын. Қаби ата өңіріндегі медаль мен ордендерін өте ыстық көреді, өңірін оң алақанымен бір сипап өткен соң ашылып әңгімесін айтқан еді.

Жауынгер 1925 жылдың 6 маусымында Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөкей ордасы ауданы, Жиенқұм ауыл советінде дүниеге келген. 1939 жылы 7 кластық білім алып, сол кездегі тұрмыс тауқыметінің ауырлығы сондай, әрі қарай білім алуға мүмкіндігі болмайды. Қанша жерден білім алайын десе де, реті шықпапты. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген осы шығар. Әкесі де осы жылы дүние салған. Үш баламен қалған анасы көзі жәутеңдеген балаларын аш қылмай өсіруді ойлап, қайратын бойына жинайды. Колхоздың «Қосшы» сиыр фермасында пішен шауып, барлығы еңбекке араласады. Бұғанасы қатаймаған жас бала Қабидың қолына осы жылы айыр ілігеді. Пішен шауып, шөмелей жинап, қолы алынып, алақаны удай ашыса да шыдайды. Себебі, анасы күннің аптап ыстығына қарамай талмастан пішен орушы еді. Көшенің шаңын көкке шығарып жүрген қара сирақ баланың тәтті балалық шағын зұлмат соғыс ұрлаған. Күс басқан, күн қақтаған қолдары айыр, кетпен, күректен босамапты. Қайсыбірі май топыраққа рахаттана аунап, ойнады ма екен?

«1941 жылы соғыс басталғанда мен шабындық даласында едім. Ересек азаматтар түгелдей майдан даласына аттанды. Шиеттей бала-шаға мен әйелдер ғана колхозда еңбек етті. 1942 жылы сол колхозда есепші қызметіне ауыстым. 1943 жылдың 1 қаңтарында, 17 жасқа толмай мен соғысқа аттандым. Башкирияның Кольтубаков станциясына түстім. Солдаттарға казарма жасау үшін жер қаздық. Яғни, жерді терең етіп ор қыла қазып, солдаттарға пана дайындадық. Қандай қиын еді. Ол кезде орман ағаштарының әр діңгегі, дәу жапырақтар, бұтағы саған пана болатын. Соған қуанатынбыз», – деген әңгімесінде қарт жауынгер.

Бұдан әрі Қаби Сәрсенғалиұлы 1943 жылдың 8 мамырында Орынбор қаласындағы №365-ші әскери танк полкіне қабылданып, кіші командирлікке дайындайды. 1943 жылдың қыркүйегінде нағыз майдан даласына аттанады. Харьков қаласындағы Полтова ұрыс даласында неміс басқыншыларымен бетпе-бет келіп, қызу кіріседі. Одан соң №5-ші танк армиясының бірінші барлаушы полкінде болады.

«Барлаушы болғасын соғыс уақытында барлық фронтқа жіберді. Көп қалада болдым. Қасымда болған қаруластарымның дені Ресей Федерациясынан еді. 1982 жылы, 1984 жылы, 1989 жылы жолдастарыммен Мәскеу қаласында кездестім. Белоруссияның Минск қаласына барып, кездесіп қайттым. Сұлтанғалиев Қасан есімді командиріммен біраз қиындықты жеңдік. Қасан маған өте ыстық. Ұқыпты, қырағы, адамға жанашыр, қамқор жігіт болатын», – деп еске алған-ды. Осы тұста әңгімесін доғарып, қара түсті шағын фотосуретті көрсеткен болатын. Бізден үлкейтіп беруін өтінді. Осы фотосуреттің жауынгер тағдыры үшін аса маңызы барын түсіндік. Бұл 1945 жылдың 1 қаңтарында түсірілген сурет еді.

1948 жылы армиядан елге оралып, аудандық партия комитетіне қызметке кіріседі. Қауіпсіздік комитетінде жыл жарым еңбек етіп, Орда ауданына учаскелік инспекторлыққа , одан Жәнібек ауданындағы қызметке жіберіледі. Тәжікстанның Сталинобад қаласында арнайы милиция курсынан өтіп, 1 жыл білім алған Қаби Сәрсенғалиұлы қызыл дипломмен аяқтайды. Одан әрі 1953-1983 жылдар аралығында Теректі аудандық ішкі істер басқармасында аға жедел уәкіл қызметінен жоғарылап, 1963 жылдың ақпанында Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалады. Төрт жыл Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімінде басшы, 14 жыл Чапай аудандық ішкі істер бөлімінде басшылық қызметте болады.

Осынау жылдардағы Ішкі істер органындағы күндіз-түнгі еңбегі еленіп, 1984 жылы Ішкі істер министрлігінен полковник шенімен құрметті демалысқа шығады. Жұбайы Науша Серікқызымен он баланы өрбітіп, мәуелі бәйтерекке айналды. Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органының ардагері Қаби ата өмірінің соңғы күніне дейін Орал қаласында тұрды. Жұбайы Науша Серікқызы ұрпақтарының ортасында асыл әже атанып, қартының ұрпақтарын өрбітіп, амандығын тілеп отыр. Қаби Сәрсенғалиұлының «2 дәрежеді Отан соғысы» ордені, «3 дәрежелі Даңқ ордені», «Ерлік істері үшін» медалі, «Кенигсбергті алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдары бар. 1943 жылы «Үздік барлаушы» кеуде белгісімен марапатталған. Жау басқыншыларына қарсы ерлік істері үшін 18 мәрте алғыс алған. Осындай ерлікке толы, қаһарман жауынгерлердің есімдері қазаққа қымбат-ақ.

 

Гүламан Исмагулова,

Орал қ.ПБ баспасөз қызметкері