Басты бет » Жаңалықтар » Үлкендер жолы – ұлылық

Үлкендер жолы – ұлылық

Ішкі істер саласында қызмет атқару кімнен болса да жоғары жауапкершілікті талап етеді. Өзінің тағдырын, барлық саналы ғұмырын осы саламен байланыстырған әрбір адам ең алдымен халықтың қызметшісі екенін терең сезінуі тиіс. Ішкі істер органында 30 жылдан аса уақыт тапжылмай қызмет еткен ардагер Қайырлы Саматовпен жолығысудың реті 7 мамыр қарсаңында ғана туды.

Қайырлы  Сегізбайұлының әкесі  Сегізбай Саматов 1912  жылы дүниеге келген.  Ұлы Отан соғысының ардагері. Сонау зұлмат соғыс жылдарында әскери көлік жүргізушісі болып, еңбекке ерте аласқан. 1941 жылы майдан даласына аттанған әкесі соғыстың зардаптарын Мәскеу қаласынан бастап көрген,  соғыстың соңына дейін  жүріп Калининград  қаласында аяқтаған. Сегізбай Саматов-Казталов ауданының тумасы. 1937 жылы Оралдан жүргізушілік курсын аяқтап, өмірінің соңғы уақытына дейін беделі биік әрі сауатты жүргізуші болған көрінеді. Сол кезеңде Бостандық совхозындағы машина-трактор шеберханасында жалғыз жүргізуші болып, соғыстан кейін де қираған ауыл-селоның көтерілуіне зор үлесін қосып, жауымен шайқасып жеңіске жетті. Соғыстан кейін де еселі еңбек етіп ел ағасына айналды.  Анасы Қалила Мұқатова – тыл ардагері, жеңісті жақындатуға үлес қосқан қазақтың қызы. Анасы да қасірет пен бақыттың, ерлік пен сатқындықтың. Отансүйгіштік пен ездіктің өлшемін танытқан  соғыстың салқынын сезініп, дағдарысына төтеп бере білген, 14 құрсақ көтерген жан.  Анасы 1972 жылы ауылда зейнеткерлікке шыққан.  Бүгінгі  ардагер Қайырлы Саматовтың әке-шешесіне де соғыстың  зардабы ойсырата тиіп, әкесі 14 жасынан ерте еңбекке араласып, соғыс даласындағы майдангерлерге азық-түлік пен Астраханнан балық тасыған. Тылдағы еңбек  бұғанасы қатаймаған әкесін ерте есейтіп  балалық шағындағы қиындықтарға мұқалмай анасымен отбасын құрып, бала өрбіткен мәуелі бәйтеректер. Олар – қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, даму жолына түскен ержүрек тұлғалар. Ауылында белі қатпаған бала, жер таянған қартпен бірлесе жүріп ұзақ жыл еңбек еткен жандар.

– Әкемнің төсбелгі, ордень, медальдары көп-ақ. Олар еңбекпен піскен жандар ғой, әкем арабша сауатты еді, 3 кластық қана білімі бар,  партия мүшесі болактын, 90 жасында 2002 жылы Жаңақала ауданында өмірден өтті, – дейді әкесін есіне алған Қ.Саматов.

Ата-анасының еңбексүйгіштігіне әлі күнге дейін басын иетін  ішкі істер органының ардагері Қайырлы аға 1948 жылы Казталовка ауданына қарасты Бостандық совхозында дүниеге келген. 7 жасында совхоздағы мектептің 1 класына қабылданып, 1966 жылы аяқтаған. Жас жігіттің арманы Қарағанды қаласындағы политехникалық институттың таулы-автоматтандырылған факультетіне түсу еді, алайда, сол кезеңде мүмкіндік болмай, «Казглавмедтехника»  мекемесіне медицина құралдарын бірнеше облыстарға таратущы қызметіне орналасып, политехникалық институттың дайындық курсында оқиды.

1967 жылдың шілде айында Қарағанды қаласынан әскерге Краснояр өлкесіне қарай аттанып, Моңғолияда әскери азаматтық борышын өтеуге  жіберіледі. 1969 жылы әскерден аман-есен оралған зіңгіттей жігіт  Абай қаласындағы шахтаға шахтер болып жұмысқа тұрады.

– Ол кезде бокспен айналысып жүрдім, жұмыстан  соң бокс секциясына барамын. Бір күні мен тұрып жатқан жатақхананың әр бөлмесіне бас сұғып, аралап жүрген бейтаныс майор менің спортпен шұғылданатынымды, ептілігімді байқап қойған болса керек, анкеталық сұрақтар қойды, сұрақтарына нақты әрі қысқа жауап қайтардым. Бақсам, бұл бейтаныс майор Абай қаласындағы аса ауыр қылмысты ашу үшін іздестіру жұмыстарында жүр екен. Менің тұшымды жауаптарыма  әрі физикалық дене бітіміме қызығып, ертесіне таңмен қалалық ішкі істер бөліміне соғып кетуімді сұрады, – деп еске алады.

Бүгінгі ардагер Қайырлы Сегізбайұлының ішкі істер органындағы қызметі осы бейтаныс майормен танысудан басталыпты. Осылайша, 1970 жылдың  мамырында ішкі істер органына құжаттарын тапсырып, тамызда Алматыдағы алғашқы дайындық курсынан өткен. Бұл жерде де әр тапсырманы мұқият, адал атқаруымен ерекшеленіп, 1972 жылдың қыркүйегінде Арқалыққа өндірістік тәжірибеден өтуге аттанған. Қасындағы Бақтығали Тапишев жедел уәкіл қызметіне, өзін аса маңызды істер жөніндегі тергеуші лауазымына тағайындайды. Бұл кезде жолдасы Гүлжиян медициналық институттың 3 курсынның суденті еді. Ауылдағы әке-шешесі сырқаттанып қалуына орай жолдасы оқуын тастауға мәжбүр болып, елге оралған. Арқалықтағы өндірістік тәжірибесі тәмамдалған соң сол кездегі Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, майдангер Мүфтиғали Сейітжанов тергеуші етіп қызметке қабылдаған. Бір жыл тергеуші лауазымын мінсіз атқарып,  Фурманов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел қызмет жөніндегі орынбасары лауазымына  қызметке шақырылған.  Одан әрі Ақжайық ішкі істер бөлімінде инспектор қызметін де атқарып, бірнеше ауыр, аса ауыр қылмыстардың ашылуына себепкер бола білді. Фурманов аудандық ішкі істер бөлімі Патрульдік полиция батальонының бастығы, Шыңғырлау ауданында бөлім бастығының орынбасары    лауазымдарын тәжірибесі мен білімін шебер ұштастырудың арқасында абыроймен атқара білді.

Қызмет атқару барысында Қарағандыдағы заң институтына біліктілігін көтеруге жолдама беріліп, Алматы қаласына шақырылып,  Жаңғала аудандық ішкі істер бөліміне бастық болу жауапты лауазымы ұсынылған. Осылайша, 1986 жылдың қазаны-1993 жылдың мамырында аталмыщ бөлім бастығы қызметін мінсіз атқарған.  Бұл кезде отбасындағы бес баласы өсіп-өніп, алды студент  атанып, қаладағы жоғары оқу орындарының қабырғасында оқыды.  Отбасы қамы, бала-шағаға ыңғайлы қоныс табу, ұл-қыздарына жақын болуды ойластырған ата-ана Орал қаласына  қоныс аударған. Орал қаласына көтеріліп көшіп келген соң Шаған полиция бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды.  Тұрғындар арасында заңдылықты сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұртшылықтың құқықтық сауаттылығын көтеруге белсене ат салысты.

1994 жылдың мамырында 30 жылдан аса еңбек өтілі бар, подполковник шенімен зейнеткерлікке шықты. Өте сабырлы, салмақты мінезге бай бұл ардагер қазір немере-жиендеріне қарасып, күллі уақытында бала-шағасының жанында, олардың тәтті қылықтарын тамашалап, қызықтарына тоймайды.

«Еңбек – бақытқа апарар жол» деген қағиданы ұстанған ардагер аға зейнеткерлікке шыққан соң да еңбектен қол үзбей  Орал қаласындағы медициналық колледждн, облыстық  онкологиялық ауруханада, «Атриум» сауда үйінде заңгер қызметтерін атқарған.  Құрмет пен қошеметке лайық ішкі істер органының ардагері, запастағы подполковник Саматов Қайырлы Сегізбайұлы еңбекқорлығымен жастарға үлгі.

Гүламан  Исмагулова,

Орал қ.ПБ