Басты бет » Өнер – өмір өрнегі » Қазақ ұланы – «Азияның ең танымал әншісі»

Қазақ ұланы – «Азияның ең танымал әншісі»

«Қазағым, осы шығар тектілігің,
Қуанып мақтанатын жетті күнің.
Ең үздік Азияның әншілері,
ДИМАШқа жанкүйер боп кетті бүгін!..»

Ия белгілі ақын Саят Әбенов «Қуан, Қазақ!» деп Димаш бауырына жыр арнапты. Расымен де, қуан қазағым! Қуанатын күн туды. Ұланың сені әлемге танытып, қазақтығыңды, азаттығыңды асқақтатып жатыр. 

Димаш

Күні кеше өткен бүкіл Азия жұрты көз тіккен үлкен додада жас әнші Димаш Құдайберген топ жарып «Азияның ең танымал әншісі» атағын жеңіп алды.
China Top music Awards шарасы – әлемдегі үлкен масштабтағы марапаттау кештерінің бірі. Бұл Қытайда Грэмми марапаты ретінде танылған. 2001 жылдан бастау алған ауқымды шара жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Жүйріктердің жүйрігіне, шын талантқа табыс етілетін жүлде осы жолы ҚАЗАҚ ҰЛАНЫНА бұйырды. Шанхайда өткен шараның марапаттау рәсімінде Димаш Құдайберген SOS d’un terrien en détresse әнін орындады. Бұл әнді қазақстандық әнші I am a Singer байқауының бірінші кезеңінде орындаған болатын. Бұл туралы әншінің PR-директоры Алпамыс Шаримов хабарлады.
Димаш бұл жолы да өзінің ұлтжандылығын, ана тіліне деген құрметін танытып, өз қуанышымен қазақ тілінде бөлісті.
– Ассалаумағалейкүм, құрметті әлеумет! Өте қатты қуаныштымын, қазір. Бұл менің шет елдегі алып тұрған ең алғашқы үлкен сыйлығым. Ең алдымен мен өзімнің ата-анама және де жан досыма көп рақмет айтамын, мені қолдап-демеу болып жүргендеріне. Және де менің бағымды ашқан, әлемге танытып жатырған “Singer” жобасына алғыс айтамын! Менің қолдап жүретін барша тыңдармандарыма рақмет айтқым келеді! Бар болыңыздар, аман болыңыздар! Бұл тек бастамасы ғана! – деді Димаш Құдайберген.

Димаш1

Енді Әлем Димаш десе қазақты, қазақ десе Димашты танитын болды. Димаштың өнерін бағалағандар қазақтың тілі мен өнерін үйреніп жатыр. Қазақты танып жатыр. Димаштың әлі талай асуларды, биік белестерді бағындырарына сенеміз! Ақ жол, ҚАЗАҚтың ҚАЙСАР ҰЛАНЫ!

Пікір жазу