Басты бет » Жаңалықтар » ЖАҚСЫ ОЙЛАР ЖӘНЕ АФФИРМАЦИЯЛАР

ЖАҚСЫ ОЙЛАР ЖӘНЕ АФФИРМАЦИЯЛАР

Оқырмандарымның біразы менің «не ойлап, не айтқанымыз, сенімдеріміз – бәрі бізге әсер етеді» деген пікірде екенімді біледі. Осы айтқандарым өміріміздің қандай бағытта дамитынын көрсетеді. Ғалам әрбір ойымыз бен айтылған сөзімізді тыңдап тұрып үн қатқандай сезіледі. Мұндай байланыс өмірімізді жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік береді. Ойымыз бен сөзіміз үлкен күшке ие. Жақсы ойлап, сөзімізді өзгертсек, өміріміз де өзгермек. Тек өткенімізді өзгерте алмаймыз: балалық шағымызда қандай қиындықты бастан кешсек те, дәл қазіргі сәттегі күйімізді өзгертіп, өмірімізді дұрыс арнаға бұруға болады. Мұндай тұжырым бізге қанат бітіріп, еркіндік сыйлайды, ойға алғанымыз шындыққа айналады. Меніңше, барлық проблеманы осы жолмен шешу керек: әуелі ойымызды езгертсек, өмірімізді де езгертеміз.

Қазір сүріп жатқан өміріміз – өткеннің көрінісі. Өткен өмірімізде нені ойласак, елестетсек, соны сүріп жатырмыз. Сондықтан өмірімізде бізге ұнамайтын бір нәрсе болып жатса, келешекке арналған жаңа жоспарларды қайта ойластыруымызға болады. Қазір құрған жоспарымыз тез арада нәтижесін береді деуге келмес, дегенмен келешекте өміріміз міндетті түрде жақсы жаққа өзгереді. Ертеңіміздің жарқын болғанын қаласақ, бүгіннен бастап жақсы нәрсені ойлауымыз керек. Қазіргі таңдағы ойыңыз болашағыңыздың қандай боларына әсер етпек. Менен кебісі: «Айналам негативті ойлайтын адамдарға толы болса, менің ойым қалайша позитивті болмақ?» деп сұрап жатады. Егер айналамда жағымсыз ойлы адамдар болса, мен жай ғана ішімнен «Сіз үшін солай шығар, ал мен үшін мүлдем олай емес» деймін. Кейде ойымды сыртыма шығарып та айтамын. Мұндай көзқарас негативті ойлайтын адамдар қаншама жағымсыз ойлар айтса да, менің жақсы ойда қала беруіме мүмкіндік береді. Дегенмен ондай ойдағы адамдармен араласудан қашқақтаймын. «Неге мен әрдайым осындай жағымсыз ойға берілгіш адамдардың арасында жүремін?» деп өзіңізден сұраңыз. Басқаларды өзгерте алмаймыз, тек өзімізді ғана өзгерте аламыз. Біз іштей өзгерген сәтте басқалар да бұл өзгерісті байқайды. Ең маңыздысы – санамыздағы ойларды өзгерту ғана. Уақытымыз қаншалық тығыз, жұмысымыз қаншалық қиын болсын, біз ойлауды тоқтатпаймыз. Сондықтан ойымызға тек өзіміз ғана әсер ете аламыз.

Мен тілдік қорымызда «нейропептид» сөзінің болғанын қалар едім. Бұл терминді алғаш рет ми қызметін зерттеген Кэндэйс Перт енгізген екен. Біз сөйлегенде немесе ойланған кезде біздің денемізде «саяхат» жасайтын «химиялық хабаршыны» ол осылай атаған екен. Біреуге ашуланып, кінә таққан кезімізде түзілетін химиялық заттар иммундық жүйемізді күйзеліске ұшыратады. Ал жағымды ойланған кезде, бұл хабаршылар иммундық жүйемізді күшейтетін басқа химиялық заттарды жеткізеді. Дене мен ақыл-ой арасында тығыз байланыс бары баяғыдан белгілі, енді мұны ғылым тағы бір дәлелдеп берді. Бұл байланыс ешқашан әлсіремейді. Әрбір ойыңыз денеңіздің әрбір жасушасына өз таңбасын қалдырады.

Біз әр сәт сайын саналы, кейде санамыздан тыс, пайдалы кейде пайдасыз ойларға ерік береміз. Бұл ойлар ағзамызға әсер етеді. Әрине, бір ғана ой кеп әсер ете қоймас, алайда күніне 60 000 түрлі ой ойлайтынымызды ескерсек, жинақтала келе, олардың үлкен әсер ететіні сөзсіз. Улы ойлар денемізді улайды. Ғылымға сүйенер болсақ, жағымсыз ойларға берілмеуіміз керек. Себебі олар иммундық жүйемізді әлсіретіп, денсаулығымызға кесірін тигізуі мүмкін.

Мен: «Бәріміз бірміз; тең жаралғанбыз» деген сөздің астарын ұзақ уақыт бойы түсінбей келдім. Бұл сөз маған еш мағынасы жоқтай көрінетін. Менің көргенім – бай мен кедейлер, әдемі мен ұсқынсыздар, ақылды мен ақымақтар, түрлі ұлт, түрлі нәсіл, сансыз діндер мен өмірге түрлі көзқарастар. Адамдар бір-біріне еш ұқсамайтындай көрінетін. Бәріміз теңдей жаралғанбыз деп қалай айта аламыз?

Біртіндеп бұл сөздің мәнін түсіне бастадым. Түсінігімнің қалыптасуына әсер еткен автор әрі лектор Кэролайн Миске рахмет айтамын. Өздеріңіз көріп отырғандай, ойларымыз бен сөздеріміз бәрімізге бірдей әсер етеді. Нейропептидтер (химиялық хабаршылар) денемізде бір нәрсені ойлаған не айтқан сәтімізде сол баяғы әдіспен хабар тасиды. Америкалық бол, қытай не италиялық бол, жаман ой кезкелген дене үшін зиян. Ашу-ыза христиан, еврей, яки мұсылман адам болсын, бәріне теңдей кері әсерін тигізбек. Олардың барлығында нейропептидтер бірдей әрекет етеді.

Кешірім мен махаббат бәрімізді емдейді. Жер бетіндегі әр адам денесін емдемес бұрын, алдымен ішкі жан дүниесін емдеп жазуы керек. Бұл жолда біз кешірімшіл болуға және өзімізді жақсы көруге үйренуге тиіспіз. Дүниенің қай бөлігінде болсаңыз да, бұл сабақтарды үйренбей кетуге болмайды. Әлде сіз қасарысып, өз ойларыңыздың дұрыстығын дәлелдеп бағудасыз ба? Әлде өзгені де, өзіңізді де кешіруді үйренгіңіз келе ме? Өзіңізді жақсы көріп, байлыққа кенеліп, өмірдің бар рахатын сезгіңіз келе ме? Бұл өмір сабақтары бәрімізге теңдей әсер етеді. Бәріміз – бірміз. Барлығымыз тең жаратылдық. Махаббат бәрін емдейді!

Сонымен, дәл қазір қандай ойда отырсыз? Денеңізде нейропептидтердің қай түрі жүр? Ойларыңыз сізге зиянын тигізді ме, әлде көңіл күйіңізді жақсартты ма?

Көпшілігіміз мәмілеге келудің орнына, қолдан жасап алған өкпе-ренішке толы қамауда отырамыз. Мұндайда біз өзгелерді айыптаудан ештеңе өзгермейтінін ұмытып кетіп жатамыз. Кінәлаушы адам кінәлап отырған адамына қарағанда көбірек жапа шегеді. Ал айыптайтын ойларды тасушы нейропептидтер денеміздегі жасушаларды ақырын улай бастайды.

Бір нәрсенің ақиқат екені аян, өзімшілдігіміз бізді бағынышты әрі бақытсыз етеді. Нәпсі әрқашан не істеу керектігін айтып отырады, «тағы бір рет аса, тағы да іш, темекіні одан әрі шеге түс, тоқтама» дейді. Алайда біз жай ғана денеден, ойлар мен нәпсіден тұрмаймыз. Денемізге өзіміз иелік етеміз. Ойларды ойлайтын – өзіміз. Өзімізді құрметтеп, жоғары бағаласақ, нәпсіге ешқашан жол бермейміз. Ойлағанымыздан да көп нәрсеге қол жеткіземіз.

Дәл қазір орныңыздан тұрып, мына кітапты қолыңызға алып, айнаның алдына барғаныңызды қалаймын. Көзіңізге тік қарап, дауыстап былай деңіз: «Мен өзімді жақсы көремін, дәл қазіргі сәттен бастап өмірімде жақсы өзгерістер болады. Күнбе-күн өмірімді жақсартуға тырысамын. Мен өзіме сенімдімін және бақытты болуға лайықпын». Осы сөздерді үш-төрт рет қайталаңыз. Арасында терең тыныстаңыз. Жақсы сөздер айтқан сәтте миыңызға қандай ойлар келіп жатқанын байқаңыз. Мұндай жаттығу сізге таныс. Енді жаман ойлар болса да, олардан көп күш салмай құтыласыз. Бұдан былай айнаға қараған сәтіңізде көзіңізге қарап тұрып, жақсы сөздер айтқаныңызды қалаймын. Асығып тұрсаңыз, жай ғана «Мен өзімді жақсы көремін» деңіз. Осындай қарапайым жаттығулар өміріңізде үлкен өзгерістер әкелуі мүмкін. Маған сенбесеңіз, тексеріп көріңіз.

Луиза Хейдің «Әйел даналығы» кітабынан
аударған Әсем Күзембаева