Басты бет » Жаңалықтар » Жани Савельев балалар үйіндегі бүлдіршіндерді қуантты

Жани Савельев балалар үйіндегі бүлдіршіндерді қуантты

"Әр баланың жылы үйі болса екен...". Анасын таппай жүрген Жәнібек Астанадағы жетім балаларға сыйлық жасады

Фото Жани Савельевтің инстаграм парақшасынан
Туған елінен жырақта, Бельгияда өскен қазақ баласы Жәнібек Жұмағұлов (қазіргі есімі Жани Савельев) бірнеше ай бұрын Қазақстанға туған анасын іздеп келген болатын. Алайда осы күнге дейін Жәнібектің анасын табуда көптеген қиындықтар туындағанымен іздеу шаралары әлі де жалғасуда.
Жақында Жәнібек Қазақстанға келіп, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Қазақ радиосы дәстүрлі «Мың алғыс» шарасына қатысты. Шарада ол қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, баршаға алғыс айтты.

 «Қазақстанға келгенде анамды бірден тауып аламын деп ойладым, бірақ бұл мен ойлағаннан қиынырақ болып шықты. Менің оқиғам 4 баланың анасын табуға көмектескеніне қуаныштымын. Бұл менің де анам табылатынына үміт сыйлайды. Қазақстандық достарым көбейді, алдағы уақытта жетім балалардың ата-анасын табуға көмектесетін бір жоба бастағалы жатырмын», – дейді Жәнібек.

Анасын іздеген Жәнібектің оқиғасы 2001-2002 жылдары Арқалықта туған тағы 4 баланың анасымен табысуына түрткі болды.

 Алғыс айту күніне орай келген сапарында Жәнібек Астанадаға балалар үйіне барды. Балаларға сыйлықтар табыстап, өзінің балалық шағымен табысқандай әсер алғанын Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Бұл жолғы жазбасын Алғыс айту күніне арнаған Жәнібек олар қандай болса да кезінде өзі қалған Арқалықтағы жетімдер үйінің тәрбиешілеріне ризашылығын білдірген.

«Менің өмірім Қазақстанның Арқалық қаласындағы Балалар үйінде басталды. Соңғы айларда мен бұрын Балалар үйінде жұмыс істеген кейбір тәрбиешімен танысуға мүмкіндік алдым. Мен оларға өте ризамын.

Кейбір балалардың анасы да, әкесі де жоқ және олар кәмелет жасқа толғанға дейін осы Балалар ауылында, түрлі жастағы балалармен бірге аралас отбасында тұрады екен. Олар сыйлықтарды алып, ашып, көріп жатқанда, жүзіндеріндегі қуанышты байқап, өзім де толқып кеттім», – дейді ол.

Осы ретте Жәнібек өзінің ақжарма тілегін де жеткізді.

«Мерекедегі менің тілегім – әр баланың жақсы, жылы үйде өмір сүргенін қалаймын. Әр баланың әдемі әпкесі мен ағасы болып, жалғызсырамауын тіледім. Әр адамның алдында жарқын болашақ болса екен деп тілеймін», — деп жазды.