Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвондода (Корея Республикасы) өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Мемлекет басшысының атынан алғыс хаттар табыс етті.
Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын оқып беріп, спортшыларды қол жеткізген нәтижелерімен құттықтады.
Премьер-Министр бұл Қазақстанның жастар арасындағы қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы алғашқы алтыны екенін атап өтті.
Жалпы медаль саны бойынша Қазақстан әлемнің 78 елі арасында 20-шы орынды иеленді.
«Спорт – елдің мәртебесін биіктетіп, мемлекеттің қуаты мен өсіп келе жатқан әлеуетіне деген адамдардың сенімін нығайта түсетін маңызды фактор. Қазақстандықтар Сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады. Өздеріңіз сияқты ерік-жігері мықты жас спортшылардың еліміздің болашағы екеніне кәміл сенемін. Жеңіс жолында қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар ерекше алғысқа лайық. Бүгінгі бағындырған биік белестер алдағы олимпиадалардағы жетістіктердің бастауы деуге болады», — деді Олжас Бектенов.
Шаңғымен тұғырдан секіру бойынша IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Илья Мизерных пен оның жаттықтырушысы Қайрат Биекеновке алғыс хаттар табыс етілді.
Сонымен қатар шайбалы хоккей бойынша қола жүлде олжалаған Арсений Кучковский, Никита Кулаков, Темірлан Айболұлы, Матвей Решетько, Расул Тұрсынов, Жаһангер Тілеухан, Таир Бигаринов, Егор Кравченко, Роман Мичуров, Әділхан Саттар, Әнуар Ахметжанов және команданы жаттықтырушы Рамазан Қайдаровтың да еңбектері аталып өтілді.
Суреттер ҚР Үкіметінің ресми телеграм арнасынан алынды.
https://t.me/KZgovernment