Басты бет » Жаңалықтар » «АСЫЛ ДОМБЫРА» АҚ ЖАЙЫҚҚА КЕЛДІ

«АСЫЛ ДОМБЫРА» АҚ ЖАЙЫҚҚА КЕЛДІ

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасының ұйымдастыруымен «МҰХИТТЫҢ МҰРАГЕРЛЕРІ» атты батыс дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің өнер кеші өтті. Кеш соңында «Хабар» арнасы мен «Assyltas» қоғамдық қоры ұйымдастырған «АСЫЛ ДОМБЫРА–2023» тележобасында Бас бәйгені жеңіп алған Батыс Қазақстан облысы ақындарының командасына «Асыл домбыра» салтанатты түрде табысталды.
«Атамекен» өнер ордасының кулуарында Жайық топырағынан түлеп, домбыраны дос тұтқан тарихи тұлғалардың аспаптарының көшірмелерінен және тұтынған киімдерінен көрме жасақталып, жұрт назарына ұсынылды. Көрмеге облыстық халық шығармашылығы орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі қолғабыс етті.

Заманауи форматта алғаш рет ұйымдастырылған кештің тізгінін ұстаған ақын Бауыржан Ширмединұлы қара сөздің майын тамызып, рухани кештің шырайын кіргізді.
Концертте атақты Хатимолла Бердіғалиев, Серік Абдрахманов, Сағадат Рахметжанов, Асхат Оразов, Сәуле Таудаева, Зияш Аманғалиев, Күләш Қуанышқалиева, Қайрат Кәкімов, Жақсылық Есламғалиев, Фархат Оразов, Ақмарал Кемелханова, Дастан Есентеміров, Айжан Мұхаметжанова, Бейбіт Қажығалиев, Армат Алдамжаров, Ернар Өмірәлі, Данияр Елеуов, Назгүл Қабиева, Нұралы Айтуғанов әуелетіп ән салды. Тыңдарман тамсанды. Мыңғырған жылқының дүбіріндей мыңға жуық адамның қиқуы дәстүрлі әншілерді шабыт құшағында шалқытты. Әсіресе, жас әнші Кенесары Болғанбаевты сахнадан жібермей, шырқалған әнді қайта шырқатты.
«МҰХИТТЫҢ МҰРАГЕРЛЕРІ» мұхит асып кетпесе де, Жетісуға жетіп жығылатын сыңайлы… Құттықтау сөзін сөйлеген БҚО әкімі Нариман Төреғалиев бұл жобаның Астана, Алматы төрлерінде өтуіне ықпал ететінін ынталы кейіпте жеткізді. «Ел алдында айтылған сөз — ер мойынында» дейді қазақ мұндайда…
Сондай-ақ кеш барысында былтыр «Хабар» арнасы мен «Assyltas» қоғамдық қоры бірлесе ұйымдастырған «АСЫЛ ДОМБЫРА–2023» тележобасында 20 команданың арасынан оза шауып, Бас бәйгені жеңіп алған батысқазақстандық ақындар командасына «Асыл домбыра» салтанатты түрде табыс етілді.
Бұл аманатты арқалай келген айтыстың абыз тұлғасы Жүрсін Ерман жеңімпаз ақындарға: «Бастарыңнан бақ таймасын», – деп батасын берді. Сондай-ақ, Жүрсін Молдашұлы: «Алтын домбыраны» да, «Асыл домбыраны» да ұтып алған қазақта Жансая Мусинадан басқа ақын жоқ!» – деп қадап айтты.
Кештің құрметті қонақтары, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Assyltas» қоғамдық қорының төрағасы, меценат Дулат Тастекей «Асыл домбыраны» БҚО әкімі Нариман Төреғалиевке табыстаса, өңір басшысы елдің мерейін үстем еткен Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов, Бауыржан Ширмединұлына ұстатып, жерлестердің ықыласын Алғыс хатпен қуаттады.
Марапат шарасы «Атамекен» өнер ордасының кулуарында жалғасты. Құрметті меймандар мен Нариман Төреғалиұлы «Асыл домбыраны» арнайы дайындалған құтты тұғырына қондырды.
«Асыл домбыра» «Атамекен» өнер ордасының кіре беріс холлына қойылып, мекемеде өтетін барлық концерттерге келетін қала тұрғындары мен қонақтардың көз алдында жарқырап тұратын болады.
«Атамекен» өнер ордасының баспасөз қызметі