Басты бет » Жаңалықтар » Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылады

Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылады

– Лондонға сапарым аясында біз табысты жетістіктерге қол жеткіздік, – деп жазды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшыларынан құралған делегация әлемдегі ең беделді ЖОО-на арнайы барды.

Осы сапар аясында әлемдегі бірегей ЖОО саналатын Ұлыбританиядағы Оксфорд университеті арасында өзара ынтымақтастық байланыс орнатып, өзара келісімге қол қойылды. Соның нәтижесінде Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту қолға алынбық. Сондай-ақ Бодлиан кітапханасының Қазақстанға қатысты көне қолжазбалары таныстырылды.

Бодлиан кітапханасы – өте ірі, рухани ордалардың бірегейі. Бұл кітапханада Түркі философы Шейх Ахмед Таразидың «Кемелдік ғылымы» қолжазбасының жалғыз данасы сақталған.

– Университетке экскурсия жасап, тарихымен етене танысып шығудың сәті түсті. Мұнан соң британдықтарға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен даярланған Oxford Qazaq сөздігінің алғашқы басылымын таныстырып, бұл еңбектің қаншалықты маңызға ие, іргелі зерттеулердің негізінде жазылған еңбек екендігін баяндап өттім, – дейді министр.

Сөздіктің алғашқы басылымы 60 мыңнан астам сөзді құрайды және еңбек 1 300 беттен тұрады. Сонымен қатар осы сапар аясында Саясат Нұрбек қазақстандық жас өнертапқыш Санжар Тайжанмен кездесті. Естеріңізде болса, Tesla ұйымдастырған Not-A-Boring Competition турниріне қатысқан қазақ жігіті Санжар Тайжан мен оның командасы ұсынған бұрғы машинасы Илон Масктың назарына іліккен болатын.

«Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов кезінде:

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек»,

– деген болатын. Өскелең ұрпақ білім мен біліктілікті тұғыр етіп, биікке қанат қаға берсін деп тілеймін!» – деп жазды Саясат Нұрбек.

Фотосуреттер Ғылым және жоғары білім министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды