Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа әскердегі мәселелер жөнінде депутаттық сауал жолдады.
Ол өзінің депутаттық сауалында бүгінгі күні әскердің әлеуетін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, мынадай ұсыныстарды айтты: оқу орындарында дрондармен ұшу, құрастыру, жетілдіруге қатысты жан-жақты қамтылған бағдарламаларды енгізу, сарбаздардың өз-өзіне жедел көмек көрсету бағытын мектептерде, жоғарғы оқу орындарында кеңінен үйрету, қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз ету бағдарламаларын әлемдік стандарттарға көшіру, әлемдік озық технологияларды елімізге алып келіп, қажетті қару-жарақ шығару өндірістерін елімізде ашу.
Депутаттық сауалдың толық нұсқасы
Дәл қазір жан-жағымыз отқа оранған, ертеңіміздің не боларын білмейтін, алмағайып заманда өмір сүріп жатырмыз. Саяси ойын төбеңнен бір соққанда досыңның қасқа, көршіңнің жауға айналғанын көзіміз көріп отыр.
«Қауіп-қатер қай жағымнан қаптайды?» деп,
Талапты ер түн ұйқысын төрт бөледі.
Ұйқыда үнемейі жата берсең,
Үстіңе қаптап, лаулап өрт келеді» дегендей дәл қазір бейғам, ұйқыда жататын уақыт емес, жарақтанатын уақыт, бес қаруыңды сайлап қамданатын уақыт…» дейді депутат.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабының «Әскербасы» тақырыбында былайша айтылған:
Мемлекеттің бақыты екі нәрсеге байлаулы: бірі – САҚТЫҚ, екіншісі – әділ ЗАҢ.
Қандайда бір БЕК сақ болса, елін қорғайды, дұшпанынан үстем болады.
Әй, Патшам! Әскерің әрдайым дұшпаныңнан үстем болсын!
Күмәнсіз Бекке әскербасы керек, жараспаған дұшпанның ұйқысын қашыру үшін, құрыштай қатал, соғыс ісін жетік меңгерген, тәжірбиелі ержүрек батыр керек.
Әскерді бастау, шеп құру, отанды жаудан қорғау – үлкен іс.
Бұл іске таңдаулы, қырағы, ықтиятты (ұйқылы-ояу емес) ер керек, осалдығынан бәлеге ұшырамасын.
Әскербасы тәкаппар емес, көңілі кең, жомарт, суыққанды, дастарханы кең болу қажет.
«Назар сал, сол кезде Оның маңына таңдаулы МӘРТ жігіттер жиналар әрі олар тәтті жандарын пида ете отырып, таулар мен далаларды бағындырады әрі мемлекетіне қорған болады» делінген.
Осыдан мың жыл бұрын ЕЛ билеген бабаларымыз әскеріне ерекше мән беріп, әлемге үстемдік құрған. Мәрт жігіттер деп отырғаны бүгінгі тілмен айтсақ «АРНАЙЫ ЖАСАҚ» деуге болады.
Заманауи технологияларды, ғылым-білімді, соғыс өнерін, ерекше меңгерген арнайы жасақ құру қажет.
Тарихта аз әскермен көпті жеңген кездеріміз көп болған. Мәселен, Орбұлақ шайқасында Салқам Жәңгір 600 ғана сарбазымен 50 мыңдай жау әскерінің талқанын шығарып, бетін қайтарғанын білеміз.
Мәселе әскердің санында емес, сапасында әрі рухында.
Біз қуатты мемлекет болу үшін қуатты әскеріміз болуы қажет, қуатты әскер болуы үшін намысты ерлерді тәрбиелеуіміз қажет. Намысты ерлер тәрбиесін мектептен бастаймыз. Оларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, ана тілін құрметтеуге, дәстүрмізді сақтауға, тарихымыз бен әдебиетімізді терең оқуға, батырлар жырын жаттатып, мәселен:
«Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен.
Ел шетіне жау келсе,
Мен барайын дер екен» деген жырды жаттап санасына түйіп өскен бала, өскенде ұлтының қорғаны болмақ.
Отанды қорғау – баршамызға ПАРЫЗ.
Әкім-қараның баласы деп бөліп жармай, барлық ер-азаматтар Отан алдындағы борышын өтеуге, әскерге баруға міндетті.
Барлық әскери бөлімдерде Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды батырларымыздың өмірі мен кітаптары, әсіресе Соғыс өнерінің Гималайы Бауыржан Момышұлы атамыздың отызға тарта барлық шығармалары сарбаздарымызға міндетті түрде оқытылу, енгізілуі қажет. Өкінішке орай, өзіміз қадірін біле алмай жүрген Бауыржан Момышұлының әскери еңбектері әлемнің 8 елінде білім ретінде
оқытылады.
Әскеріміз физикалық тұрғыда күшті болуы үшін ММА, аралас жекпе-жек, джиу-джитсу спорт түрлерін кіргізуіміз қажет.
Әскери әмірлер, бұйрық-пәрмендер тек мемлекеттік тілде ғана берілу қажет.
Әскери құпия құжаттар мен бұйрықтарға қолжетімділікті шектеп, қатаң түрде қадағалауға алу қажет.
Әр жылда шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу мақсатында, сарбаздардың біліктілігін арттыру үшін әскері қуатты мемлекеттерге оқуға жіберу керек.
Әскери қызметкердің отбасылық жағдайы ескеріліп, баспанамен қамтамасыз ету, атқарған стажына сәйкес қосымша көптеген әлеуметтік жеңілдіктер қаралу қажет.
Біздің елімізге әлемдегі орын алып жатқан әскери қақтығыстарды ескере
отырып, келесі салаларға аса мән бергеніміз жөн:
1. Пилотсыз ұшу аппараттарын басқарушылар санын көбейту аясында оқу орындарында дрондармен ұшу, құрастыру, жетілдіруге қатысты жанжақты қамтылған бағдарламаларды мектептерге енгізу.
2. Әскери медицина аясында сарбаздардың өз-өзіне жедел көмек көрсету бағытын мектептерде, жоғарғы оқу орындарында кеңінен үйрету. Оған қажетті материалдық, оқу-құралдармен, медикаменттермен қамтамасыз ету.
3. Қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз ету бағдарламаларын әлемдік стандарттарға көшіру. Бізде әлі күнге дейін Совет үкіметінен қалған қаружарақтарды оқ-дәрімен қамтамасыз ету, инженерлік техникаларға, ұшақтарға техникалық қызмет көрсету белгілі бір елден ғана екенін ұмытпауымыз
керек. Әлемдік озық технологияларды елімізге алып келіп, қажетті қару-жарақ шығару өндірістерін елімізде ашуды қамтамасыз ету.