11-12 желтоқсанында «Атакент» көрме орталығында Tech Cup Almaty робототехника және дрондар бойынша IX ашық чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен 6-22 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер қатысады. Жарысқа 2500-ден астам оқушы, оның ішінде ауыл мектептерінен де қатысады деп күтілуде.
Жас өнертапқыштар роботтар мен дрондармен ойынында жарысып қана қоймай, «өнердегі ғылыми инновациялар» тақырыбында өздерінің инновациялық жобаларын ұсынады. Чемпионат аясында барлық қатысушылар үшін шеберлік сыныптары, оқушылар арасынан стартап-кәсіпкерлер аллеясы, жетекші IT-компаниялар спикерлерінің және Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының семинарлары жоспарланған. Сондай-ақ павильон аумағында Дүниежүзілік Код сағаты өтеді.
Жеңімпаз командалар: Үндістан, Индонезия, Түркия чемпионаттарына қатысуға лицензиялармен, 10 000 000 теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтармен, ҚБТУ, Тұран, Satpayev және SDU университеттеріне гранттармен марапатталады.