Басты бет » Жаңалықтар » Жәудір САРЫПБЕКОВА: Театр менің екінші үйімдей жылулық сыйлайды

Жәудір САРЫПБЕКОВА: Театр менің екінші үйімдей жылулық сыйлайды

Қазір театр, кино саласында өз орнын қалыптастыра білген талантты жандар көп. Сондай өнер майталмандарының бірі – Жәудір Сарыпбекова. Оның жары Руслан Нұрманов та театр және кино актері. Талантты жұп бүгінде Шымкент қаласындағы Жұман Шанин атындағы драма театрда қызмет атқарады. Жәудір – театрда ғана емес, танымал фильмдерде басты рөлді сомдау арқылы халықтың сүйіспеншілігіне ерекше бөленген талантты актриса. Бүгінгі сырлы сұхбатымыз сол ерекше дарынды жанмен болмақ.

– Жәудір ханым, жастық шақ – адам өміріндегі ең бір ерекше есте қалатын кезең. Сіздің жастық шағыңыз қалай өтті?

– Әрине, жастық шақ – кімге болса да тәтті кезең. Мен өзімнің жастық шағым деп мектепті бітіріп, үлкен өмірге имене басқан шағымды айтар едім. Бойжетіп ауылдан алыстай бастағанда жастығымның жалынды шақтары маған демеу болды. Оқуға түскенде қатарлас құрбы, достарым өз әке-шешесімен бірге қалада, өз үйлерінде тұратын. Біз секілді ауылдан арман қуып келген жастар жатаханада бір нанды бөлісе жеп, керемет кезеңдерді кешірдік. Сонда да сол уақыттарда сынбай өмірдің ащы-тұщысына шыдай білдік. Қазір орта жастан асқан шақта енді ғана студент болып жүрген жастарды көріп, сол бір ұмытылмас шақтарым қайта айналып келсе ғой, шіркін деп тамсана қараймын. Жастық шақтың қызықтары қанша жасқа келсек те санамызда сақтала береді ғой.

– Студенттік жылдарыңыз жайлы баяндап берсеңіз?

– Мен 2005 жылы Түркістандағы Қазақ-түрік университетіне оқуға түстім. Студент болғаннан бастап өзімді тек жақсы жағымнан көрсетуге тырыстым. Өнер саласында оқығаннан соң негізгі пәндер маған қиындық туғызбады. Сабақтан кешігіп қалғанда ұстаздарым көп жерде маған жеңілдік жасайтын. Сахна тілі, актерлік шеберлік сынды сабақтардан өзімнің сүйікті ұстазымның бірі сабақ беретін. Сол себепті де маған сабақтар қиынға соққан жоқ. Қазіргі таңда бірге оқыған достарыммен, сонымен қатар де жақсы қарым-қатынастамын.

– Театр, кино саласына келуіңізге не немесе кім себепкер болды?

– Жалпы, өнер саласына нақты біреу себепкер болды деп айта алмас едім. Мен театр актрисасы ретінде оқуымды тәмамдағаннан соң міндетті түрде театрда қызмет жасайтыным анық еді. Қай кезеңде болмасын өнер қашанда бір күні жарыққа шығады. Актриса боламын деген арман мені қашанда алға жетеледі. Театр – менің таусылмас махаббатым. Ал кино саласына келетін болсам, 2015 жылы «Асыл арна» телеарнасының «Көке» сериалына кастингке қатардағы актрисалармен бірге менде өз бағымды сынап көрмек болдым. Осылайша, кастингтен өтіп, негізгі рөлде ойнадым. Дәл осылай кино саласына келдім.

– Көпшілік сізді кино актрисасы ретінде таниды. Отандық киноларда жиі бой көрсетесіз. Сан түрлі бейнелер, әртүрлі жанрдағы фильмдердегі кейіпкерлеріңіз сізге не бере алды?

– Қазір ойлап қарасам, драма жанрында көптеп ойнаппын. Өзім ойнаған қойылым немесе кинодағы сахналарға қашанда сыни көзқараспен қараймын. Жыл өткен сайын салмақты да сапалы дүниелерді жаным қалап тұрады. Бұрынғы ойнаған сахналарыма қарап, қазір өзіме-өзім таңғаламын.

– Сіздің түсінігіңізде «танымалдылық» және «атақты болу» ұғымдары қандай?

– Кез келген өнерде жүрген адам танылғысы келеді. Мен айтар едім өнерде жүрген жанның негізі мақсаты да халыққа танылу. Мәселен, бір әншіні алып қарасақ, оның мыңнан аса әні болса да, бір түртіп алар хит әні болмаса оны халық танымайды. Сол сияқты актердің де рөлі ұтымды шықпаса, оны ешбір халық танымайды. Осы үшін біріншіден, еңбектену керек, екіншіден, сол еңбек сапалы болу керек. Сапалы еңбекті халық қашанда көтермелеп, қолдап тұрады. Менің ойнаған кейіпкерлерімді көбінесе халықтың өзі көтеріп  жатады. Әлеуметтік желі арқылы мен сомдаған кейіпкерлердің қысқа эпизодтары мыңдаған қаралымдар жинап жатады. Көтеретін де, түсіретін де патша көңілді көрермен ғой.

– Қазақ театр өнерінің бағыты жайлы не айтар едіңіз? Театрдың қазіргі ахуалы қандай?

– Қазақ театр өнері әлі де болса жаңашылдыққа келді деп айту қиын. Оны халық та әлі қабылдай алмайтын секілді. Өйткені жаңашыл дүние келсе, халық бастапқыда үркіп қалады. Сондықтан өзгерістерді тек аз-аздан бастау керек. Біздің өңірлердегі театрлар сол бәз баяғы қаз-қалпында келе жатыр. Мәселен, күнделікті өмірде таксиде кетіп бара жатып, театрда жұмыс жасайтыныңды айтсаң, таксист ағай аяушылық танытып, «сендерге өзі көрермен бара ма?» деп жатады. Халықтың театр жайы ойы сол баяғы қалпында қалып қойған. Сол себепті халықтың көзін ашу үшін оларды театрға тарта білуіміз керек.

– Кино мен театрда қандай кемшіліктер бар? Кенже қалған тұстары бар ма?

– Театрдағы кемшіліктерді университет қабырғасынан бастаған жөн деп білемін. Астана қаласындағы Шабыт университеті, Алматыдағы Жүргенов университеті сияқты іргелі оқу орындарында сабақ беретін мұғалімдерді меніңше, қайта оқыту қажет. Біліктілік артқан жағдайда ғана студентке сапалы білім беруге болады. Университетті аяқтап келген қазіргі жастар жаңашыл деп айтуға қиын. Оның түп-тамыры әрине, оқыған оқу орны. Одан бөлек, режиссер мамандарына да көп нәрсе жетіспейді. Актер мықты болғанмен режиссер өз ісінің маманы болмаса, онда еңбектің босқа кеткені деп білемін. Кинода да дәл солай.

– Өзіңізге қай сала жақын? Сіз үшін киноға түскен оңай ма, театр қойылымдарында рөл сомдаған жеңіл ме? Қай ойнаған рөліңіз өзіңізге ыстық?

– Маған әрине театр жақын. Театр менің екінші үйімдей жылулық сыйлайды.  Күнделікті барып келетін мемлекеттік жұмыстың да өз бергені мен берері бар. Киноға келмес бұрын театр үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Әрине, кинода тез танылуға болады. Қазіргі танымал актерлардың барлығы дерлік киелі театр сахнасынан шыққан. Мен үшін екеуінің де орны ерекше. Кинода халық  менің сомдаған «5:32» сериалындағы қанішерді ерекше жақсы көреді. Өзіме де сол кейіпкер ерекше сәтті шыққандай. Бұл – ерекше образ. Ал театрда «Қораз» спектакліндегі «Мамаша Кураж» рөлі ыстық деп айта аламын.

– Жарыңызда өнер адамы екенін білеміз. Отбасында екі адамның бірдей өнерде жүруі қаншалықты қиын немесе жеңіл? Бұл жағынан сізге көмек пе әлде қандай да бір кедергі келтіретін кездер бола ма?

– Иә, Руслан екеуміз бір театрда бірге жұмыс жасаймыз. Халық Жәудірді Русланмен, Русланды Жәудірмен таниды. Көбінесе өнерде бірге жүрген жұбайлардың біреуі күнгейге шығып, біреуі көлеңкеде қалып кетіп жатқан жағдайлар көп. Біздің жағдайда екеуміз де бір толқында, бір жолдың бойында келе жатқандаймыз. Бұл көпке бұйыра бермейтін бақ деп ойлаймын. Өнердің екеумізге кедергі тұстары мүлде жоқ, керісінше бір-бірімізді қолдап, демеу беріп отырады. Қазір балаларым кішкентай. Кейде жоспарланған түсірілім уақыттарында сырқаттанып қалатын кездері болады. Сондай кездерде балаларымды ойлап мазасызданып, депрессияға түсіп кетемін. Тіпті, айға жуық гастрольдік сапарлармен де кетіп жатамын. Жақында ғана екі жобаға басты рөлді ұсынды. Түсірілім Алматы қаласында ұзақ уақытқа созылады екен. Отбасылы әйел ретінде, ана ретінде жанұям мен балаларымды ойлап бас тарттым. Күйеуім: «Неге олай жасадың, балаларға өзім қарайтын едім ғой, жас кезде өзіңді шектеме» деген кезде арқасүйер азаматтың осындай болу керек екенін ұқтым. Мен де Русланға дәл осылай қолдауымды білдіремін. Сондықтан маған жарымның өнер адам болуы керісінше орысша айтқанда «повезло».

– Балаларыңыз туралы айтсаңыз. Олар өнерге жақын ба? Болашақта өнер жолын таңдағанын қалайсыз ба?

– Бұрын балаларымыздың өнер саласына жақындатпаймыз деп ойлаушы едік. Уақыт өте келе ол ойымыздың қате екенін түсіндік. Егер балаларымыз өскен соң өнер деп жұлқынып тұрса онда, әрине қолдауға дайынбыз. Біз екінші баламызды өзіміз түсірген «Стажер» деген сериалға түсірдік. Қызымыз бен ұлымыз арасында жарнама роликтеріне түсіп тұрады. Дегенмен біз жұрттың балаларын түсірім алаңынан көріп жүреміз ғой.  Балапандар қыста тоңып, жазда күн өткізіп алып жатады. Сондай кездерде бала шаршайды, бала түгілі үлкендердің өзін қажытып жібереді. Сол себепті балаларымыздың танытудың жолында ары-бері тасығанды жөн көрмейміз.

– Хоббиіңіз не? Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Бос уақытымда кітап оқимын, ипподромға барып атпен серуендеймін деп айта алмаймын. Мен бос уақытым болса отбасыма, балаларыма жұмсаймын. Бүлінген киімдері болса жуып, сабақтарына көмектесіп, ыстық тамақтарын әзірлеймін. Бос уақытымды үйде, теледидардан сериал көріп, үйдің аурасын әйел ретінде бергенді ұнатамын.

– Өнерсүйер қауымды жақын арада жаңа дүниелермен қуантар ойыңыз бар ма? Көрерменге айтар жылы лебізіңіз?

– Қазіргі таңда бірнеше сериалға түсіп қойдым. Солардың жарыққа шыққанын күтемін, бұйырса! Халыққа, көрерменге жолдасым екеуміз ән шығарсақ деген ойымыз болған. Бірақ ол әзірге тоқтап тұр. Бізді қолдайтын көрерменге тілерім көп. Қашанда қазақтың өнерін қолдап жүргендеріңізге мың алғыс! Алдағы уақытта сапалы дүниелермен сіздерді қуанта беру – менің парызым іспетті. Осы жолда талмай еңбектенеміз!

Фариза Ахмет,

Шымкент қаласы

«JASTAR JANARY»