Басты бет » Біз де студент болғанбыз » Күнсұлу Шаяхметова, театр және кино актрисасы: «Мені ешкім актриса болады деп ойлаған жоқ»

Күнсұлу Шаяхметова, театр және кино актрисасы: «Мені ешкім актриса болады деп ойлаған жоқ»

Күнсұлу Шаяхметова – М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры актрисасы және танымал кино әртісі. «Жедел жәрдем», «Адель», «Оңаша арал», «Құдалар», «Үй болу қиын», «Базарбаевтар отбасы», «Жетімдер», «Замуж в 30» киноларына түскен.

14397459_1796312537313495_1584556368_n

– Күнсұлу ханым, бүгінде бірнеше кинокартиналарға түсіп, түрлі қойылымдарда ойнадыңыз. Жүргізушілік қабілетіңіз де жұртқа мәлім. Осындай кәсіби деңгейдегі актриса болып шығуыңызға қандай білім ордасы септігін тигізді?
– Мен көптеген өнер адамдары қанат қаққан, қазақ өнерінің бастауында тұрған талай тарландардың дәріс алған өнер ордасы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдадым. Ол кезде театр және кино институты болған. Фарида Шәріпова, Асылбек Ихсанов, Әубәкір Рахимов бастаған аға-апаларымыздан, Мұрат Настаевич, Гүлжан Аспетова сынды ұстаздардан сабақ алдым.

– Студенттік кезде қандай қызықты оқиғаларды бастан өткердіңіз?
– Енді студенттік кезде бастан кешкен біраз қызықты сәттер болған. Мен интернатта өскеннен кейін туған күн жасау мүмкіншілігім болмайтын. Содан кейін студент болғаннан соң жыл сайын туған күн тойлатқанды, көп қонақ келгенді жақсы көрдім. Содан әйтеуір біреудің плиткасына бірдеңе пісіріп, біреуден бір нан пісіретін духовка тауып алып, оған қолдан түрлі бәліштерді пісіретінбіз. Сол үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Ал ғашықтыққа көп назар аудармай, көбінесе сабаққа ден қоятынбыз. Дискотека деген сияқты кештерге бармайтынмын.

14384012_1796317507312998_1518706743_n

– Мысал ретінде бір естен кетпес оқиғаны айтып бере аласыз ба?
– Мамыр айы. Раушандар жайқалып тұратын. Емтихан тапсыратын кез. Ал студент болған соң ақша жоқ. Содан гүл баққа ұрлыққа түсеміз. Еңбектеп жетеміз жаңағы жерге, тікен-тікен раушанның үстіне. Қыздармен бірге ішіне аздап су құйып тазикты, қайшымызды алып алғанбыз (күліп). Біреу аңдып тұрады. Милиция келе жатса, бір-бірімізге үн, белгі береміз. Сосын еңбектеп жатып, гүл бақтың ішінде қайшымен қырқып-қырқып, бет аузымыз, қолымыз жырым-жырым, қан-қан болып, тазик-тазик гүл ұрлайтын едік. Ол солып қалады таң атқанша. Оны байлап қоясың. Сөйтіп, мұғалімдердің алдына эмтиханға гүл алып келгендей болып отырамыз. Сонда маған айтатын еді: «Сен деген сау адамның тамағын жеп, ауру адамның ісін қыласың», – деп. Неге? Себебі, барып еңбектеп жатып, гүлдің бәрін уысыма жинап, құшақ-құшақ гүлді алып, алаңқайдан жүгіретінмін. Сонда қыздар күлетін еді. Талай қызықты жағдайлар болатын. Қабырғаны сызып, жүре беретін едім, басымды қисайтып алып.))
Мақсат Базарбаевты білесіздер. 1-курста бәріміз қорқатынбыз одан. Мақсат өзі бір сондай еңгезердей, екі иығына екі жігіт қонғандай алып денелі болатын. Қабағын түкситіп алған кезде бәріміз шошитын едік. Ол жатақхананың дәлізінде жүрсе, бітті шықпаймыз. Кір жуатын кезде біріміз-бірімізден: «Мақсат жоқ па?» – деп сұраймыз. «Мақсат жоқ», – деген дауыс шыққан кезде ғана жүгіріп отырып, тазикты ыстық суға толтырып алып, үстіміз су-су болып бөлмеге келетінбіз.)) Қазір ғой Мақсат елдің алдында жүрген, әдемі бір қоңыр дауысы бар азамат. Неге қорықтық екен дейміз. Сыртқы келбетінен шығар деп ойлаймын. Әйтпесе қорқытып-үркіткен дәнеңесі жоқ. Мақсат осыны естісе күлетін шығар.))

12347584_1672568443021239_5611088641935175961_n

– Ал сабақты қалай оқыдыңыз? Қашқан кездеріңіз болды ма?
– Жоқ, жалпы ондай ұғым ойымда жоқ еді. Сабақты өте жақсы оқыдым. Озат болдым. 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін оқу озаты болып, соңғы жылы байқауларға көп қатысуымның себебінен алгебра пәні менде ақсап, содан мен 4-тік бағаға ғана білімімді жетектеп, алтын белгіден өзім барып бас тартқан батыр қыздың біреуімін. Ешкім мені көндіре алмаған болатын. Облыс басшылығы, мектеп директоры, ұстаздарым: «Сен – озатсың. Біз үшін байқауға қатысамын деп сабақтан аздап ақсадың. Бірақ білімдісің», – деп айтқан еді. Мен болсам: «Маған әділ бағамды беріңіздер», – деп медальдан бас тарттым. Бірақ ұтпасам да ұтылмадым. Көбісі «ақымақсың» деді. Баға менің адамгершілігіме емес, біліміме беріледі. Адамгершілік қанмен келеді, жанмен шығады. Ал білім толығады.

– Енді академияда да «сабағыма кесірін тиер» деп байқауларға қатыспай қойған жоқсыз ба?
– Екінші курста Оралхан Бөкей атындағы ең алғашқы көркемсөз оқу шеберлерінің бас жүлдегері болдым. Қыз сынының да бас жүлдесін еншіледім. Одан кейін өмір бәйгесіне шығып кеттік. Мен өте тұйықтау болдым. Содан болар мені ешкім актриса болады деп ойлаған жоқ. Жылдар бойы ішіме жиғаным кейін шықты ғой. Атылды десем де болады (күлді). Менде бәрі оңай болған жоқ. Өнерде де, өмірде де өзімді тоқтаусыз дәлелдеп келе жатырмын. Өмір – күрес. Сондықтан әр нәрсенің қадірін білу, бағалау – өте үлкен қасиет.

– Рахмет!

Сұхбаттасқан
Назым Қайрат

Пікір жазу