Басты бет » Жаңалықтар » АЗАТТЫҚҚА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ ЖАСАҒАН ДЕКЛАРАЦИЯ

АЗАТТЫҚҚА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ ЖАСАҒАН ДЕКЛАРАЦИЯ

«МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”
Мемлекеттік Егемендік Декларациясынан.
1990 жыл 25 қазан
Кеңес Одағы құрамында, 1990 жылы 25 қазанда жарияланған, бүгін 35 жыл толып отырған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы ДЕКЛАРАЦИЯДА осындай: «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ» деген ұлттық қағида бар екен!
Ал осыдан 3 жыл бұрын 2022 жылы 26 қаңтарда парламентте алғаш рет Қаңтар қасіреті шындығын ашуды, ол үшін парламенттік тыңдау өткізуді талап еткенбіз. Сол депутаттық сауалымызда “Ұлттық идеологияны дамытып, ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН КЕЗ КЕЛДІ!”-деп, парламентте алғаш көтерген едік.
Ал сол 2022 жылы 7 қазанда халықтық коалиция форумында да «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан сөйлеген сөзімізде тағы да: “Ұлттық идеологияны қатаң жолға қойып, ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ!” — деп мәлімдедік.
Иә, бұл 2022 жылғы Президент сайлауында құрылған еліміздегі барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың халықтық коалициясында, 3 мыңдай адам жиналған жиында сөйлеген сөзімізде: “Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін енді бізге ұлт болып ұйысу – ең маңызды міндет. Ұлттық идеологиямызды қатаң жолға қойып, ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ!”- деп жарияладық. Сол кезде, Тәуелсіздік орнағалы 31 жылдан соң алғаш айтылып тұрған сөзімізді қуана қолдап кетудің орнына, бүкіл сөзден бір сөйлемді бөліп алып, балақтан тартып жатқандар да болды өкінішке орай…
Бұл ұлттық мемлекет ретінде даму туралы деректі маған 2022 жылы 25 қазанда Республика күнімен құттықтаған белгілі қоғам қайраткері жазушы-публицист, профессор Марат Тоқашбай ағамыз жіберді.
Сол бір Тәуелсіздікке алғаш қадам жасаған, еліміз үшін зор тарихи сәтке куә болған Марат ағамның айтқан маңызды сөзінің бәріміз үшін де өте мәні зор болғандықтан түгел келтіре кетейін:
“Бүгінгі Республика күні мерекесі құтты болсын! 1990 жылы 25-қазанда «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанда Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында аспанға секіріп едік. Ол тәуелсіздікке құқықтық негіз болды. Кейін экс-елбасыға Декларациядағы «мемлекет қазақ ұлттық мемлекеттілігін дамытуға жауапты» деген қағидасы ұнамай, ел жадынан ұмыттыру үшін 2008 жылы ол Тәуелсіздік мерекесіне қосылып жіберілді.
Одан кейін Республика күні мерекесін қайта тірілту туралы қаншама мақала, пост жаздық, баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырдық. Ақыры қазіргі билік Республика күнін Ұлттық мереке мәртебесінде қалпына келтірді. Бұл елімізде Ұлттық мәртебеге ие жалғыз мереке. Біз қуаныштымыз! Өйткені Республика күні дегеніміз Қазақ Республикасының күні деген сөз ғой. Сондықтан да осы қастерлі мерекеміз құтты болсын!”-дейді ақжарма тілегін ақтарған ағамыз Марат Тоқашбаев.
Бұл дерек біз үшін аса құнды! Декларациядағы «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген қағида көзімізге оттай басылды. Өйткені бұл дерек белгілі болғанға дейін жоғарыда айтқанымыздай, 2022 жылы 26 қаңтарда парламентте де, 2022 жылы 7 қазанда халықтық коалиция форумында да сөйлеген сөзімізде де мәлімдеген: “ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ!!”-деген сөзіміздің бұрыннан құжаттық негізі де бар болып шықты ғой! Ол еліміздің Егемендік декларациясында жатыр екен!
Сонда қараңыздар, қылышынан қан тамған Кеңес империясы құрамында тұрып, сол кезде Егемендік Декларациясын қабылдағанда: «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”»-деп мәлімдейді. Бұл әрине, Декларацияның негізгі жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін құрылған комиссия жетекшісі, заңғар заңгерлер, академиктер Салық Зиманов пен Сұлтан Сартаевтар бастаған тарландардың тарихи еңбегі. Пейіште рухтары шалқи бергей!
Декларацияға Кеңес одағы кезеңінің өзінде осы ұлттық қағидалар қалай енгізілді екен деп интернет ақтардық. Іздегеніміз edu.e-history.kz сайтынан табыла кетті.
Иә, сол кезде “ұлттық мемлекет, қазақ” деген сөздерді тарихи құжаттан алып тастап, өз жобаларын ұсынғандар да болыпты. Олар Жоғары Кеңестегі “Демократиялық Қазақстан” деген топ мүшелері екен.
Декларация комиссиясы мүшесі, депутат Сұлтан Сартаев «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттардың «ұлттык республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікіріне қатты қарсылық білдіреді. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып Сұлтан Сартаев: «Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни құқықтық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен. Англия — кұқықтық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ, Франция, Испания, Жапония тағыда басқа көптеген ұлттық негіздегі құқықтық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Бізде осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы “қазақ” деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, ділі калыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халық қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», — деп тойтарыс береді.
Декларация қабылданарда қазақ зиялылары «Егемендік алдымен тілге берілсін» деген өте орынды ұсыныс тастады. Филология ғылымдарының докторлары Бабаш Әбілқасымов пен Сапарғали Омарбеков «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 3 қазандағы санында Қазақ КСР-інің мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясының жобасы тіл туралы заңға қайшы келіп тұрғанын айтып, дабыл көтерді. Тіл туралы заңда орыс тілі — Қазақстан жерінде ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп жарияланған болатын. Декларация жобасын жасаушылардың оны ресми тіл деп өзгертіп жібергені қатты сынға алынды. Ғалымдар орыс тілін Қазақ КСР-інде ресми тіл деп жариялау — қазақ тілінің мемлекеттік статусын жоққа шығарумен пара-пар екенін, өзі көктеп, өркен жайған туған топырағында қазақ тілінің мемлекеттік тілмен қатар ресми тіл болуға да әбден құқығы бар екенін дәлелдеді.
Міне, көрдіңіздер ме, Кеңес империясы кезеңінде қабылданған Декларациядан бері 35 жыл, біз Тәуелсіздік алғанымызға 34 жылдан, яғни бір дәуірден асса да, әлі күнге ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТА АЛМАЙ КЕЛЕМІЗ!
Әлі күнге Тәуелсіздіктің ең басты тіректерінің бірі — Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдай алмай келеміз.
2020 жылы 1 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясында еліміздегі барлық этнос өкілдері «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕЙТІН ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК» деп, арнайы ресми Үндеу жасады.
Бұдан кейін біз енді тағы кімді және нені күтіп отырмыз?!.
Мысалы, Ресейде мемлекеттік тілді талап етсең — патриот болып мақталасың. Өте дұрыс! Елдің бәрінде солай бізден басқа. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілді талап етсең, нашар мағынадағы “ұлтшыл” атанып, датталасың, тіпті сотталасың. Жындыханаға да түсіреді… “Қазақ, Ұлт, Мемлекеттік тіл” десең біздің билікте отырған шенеуніктердің шетінен шекесі тырысып, Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл болғанын білмейтіндей қалтырай жөнеледі…
Тіліміз Тәуелсіздікке жетпей, Еліміз Тәуелсіз бола алмайды!
ТІЛІҢ БОЛМАСА, ТІРІЛІК ТЕ ЖОҚ ! Оған ұлттық идеологиядан жұрдай, ойына келгенін істеген отыз жылғы биліктің аянышты ахуалы айқын куә!
Сондықтан, “Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол — қазақ тілі”, “Қазақстан азаматтары Мемлекеттік тілді білуі -міндетті”-деп, бірегей ұлт саясатын ұстанған ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!
Сонда ғана мемлекет басшысының айтқаны заңмен бекітіледі.
Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны» 1990 жылы 25 қазан күні сағат 18-ден 55 минут өткенде қабылдады. Декларацияға ҚССР Жоғарғы Кеңес Төрағасы Ерік Асанбаев қол қойды.
Ұлттық идеяны дамыту осыдан бір ғасырдай бұрынғы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш идеясынан бастау алатыны белгілі. Сондықтан да Алаш жолын ұстанған “Ақ жол” демократиялық партиясы 2020 жылы жарияланған “Түбегейлі өзгерістер қажет” атты саяси бағдарламасында:
“Біз «Алаш» саяси мұраларын Қазақстанды жаңғыртудың ұлттық идеясы ретінде қараймыз!”-деп айқын жазылған.
Республика күнін Ұлттық мереке ретінде жариялап, Егемендік Декларациясын қайта жаңғыртқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев! Сондықтан ел басшысына ел алғысын айтып жатты.
Ендеше, осыдан 17 жыл бұрын 2008 жылы «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген қағидасы үшін еліміздің экс-президенті жойып жіберген, Тәуелсіздік алуға жасалған алғашқы құқықтық құжат, Азаттық Актысы — Егемендік Декларациясы қайта қалпына келуі зор жетістік, халайық!
Енді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қайта қалпына келтіріп, заңды құжатқа ие болған Егемендік Декларациясындағы «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген ел үшін қазір ең басты болып тұрған ұлттық қағидаға баса назар аударып, Халық арманын іске асырады деп сенеміз!”-деп жазған едік сол 2022 жылы.
ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕМІЗ – РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ 35 ЖЫЛ ТОЛУЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, АҒАЙЫН!
Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, қаны мен жанын берген барымыз да, бағымыз Тәуелсіздігіміздің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!
Алла жар болсын!
Ақ жол!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты