Басты бет » Біз де студент болғанбыз » Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ: «Студенттік кезеңнің бес жылында да еңбектен қол үзбедім»

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ: «Студенттік кезеңнің бес жылында да еңбектен қол үзбедім»

baki

           – Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы! Жақын күндері оқу жылы аяқталып, мектеп түлектері арман қуып, білім іздеп, оқу орындарының табалдырығын аттайды. Яғни, оқу орындарында студенттердің жаңа легі қосылады. Осы орайда, өзіңіз жастық шағыңызды есіңізге алып, студенттік кезеңнің естеліктерімен бөліссеңіз. Қайда білім алдыңыз? Жалпы, қандай студент болдыңыз?
– Мен орта мектепті 1966 жылы «Күміс медальмен» бітірдім. Онжылдықты бітіргеннен кейін ағамның (әкемнің інісі) нұсқауымен Мәскеудің сол кездегі Бауман атындағы техникалық училищесіне түсуге бардым. Бірақ, неге екені белгісіз, ол жерде менің таңдаған мамандығыма құжаттарымды қабылдамады. Бұл менің мұнай саласы мамандығына келуіме түрткі болды. Ол кезде одақта төрт мұнай институты болды. Сол төрт институттың бірі – Уфа мұнай институтының тау-кен, мұнай факультетіне оқуға түстім. 1971 жылы мұнай инженері мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын бітіріп, өндіріске келдім.
Студенттік кезеңнің адам өмірінде ерекше маңызы бар. Әр жас осы кезді мәнді де мағыналы өткізуге тырысады. Мен студенттік кезеңнің алғашқы жылынан-ақ белсенділік танытып, жақсы оқуға тырыстым. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, спортпен шұғылдандым. Өнерге де жақын болдым. Университеттің шекті аспаптар оркестрінде альт аспабында ойнасам, факультетіміздің би ансамблінде биледім. Әрі институтта оқыған бес жылдың барлығында еңбекке араласып, жұмыс жасадым. Студенттік құрылыс отрядының құрамында құрылыста еңбек еттім.
             – Шәкіртінің озғаны – ұстаз мерейі. Ендеше, жеткен жетістіктеріңіздің, еңбекте қол жеткізген табыстарыңыздың артында ұстаздарыңыздың зор еңбегі бары анық. Өзіңіз үлгі тұтатын ұстаздарыңыз кімдер еді?
– Ерекше атайтын ең үлкен ұстазым – бұрғылау кафедрасының меңгерушісі, академик, бұрынғы одаққа белгілі ғалым Метхат Рахметоллаұлы Мәулетов болды. Одан басқа Александр Иванович Севак біз оқыған кезде проректор болып жасады. Кейін 19 жыл институттың ректоры болған адам. Осы кісілер менің ең сүйікті ұстаздарым болатын. Мен мектеп кезінде де, институтта да математика пәнін ерекше жақсы көріп, сүйіп оқыдым. Оқу орнында жоғарғы математика пәнінен сабақ берген Роза Егорова деген ұстазымның сабақ беруі, лекция оқуы, студенттерді оқыту әдісі өте жоғары болатын. Осындай білікті ұстаздарымның берген білімінің арқасында мамандық игеріп, еңбекке араластық.
            – Студент шағыңыздан есіңізде қалған әсерлі, ерекше оқиғаның бірімен бөліссеңіз…
– Студент кезде ондай оқиғалар өте көп болды. Менің есімде ұмытылмастай жатталып қалған оқиға бірінші курста болған еді. Институтқа алғаш түскен шағымыз. Біз қазақ елінен 22 түлек оқуға түстік. Олардың арасында тоғыз ұлттың өкілі бар. Бізді ауылға ауыл шаруашылығы жұмыстарында бір ай еңбек етуге жіберді. Біз барлығымыз сұранып барып, бір жерде еңбек еттік. Жұмыс жасап келгеннен кейін артымыздан Борис Ким деген жігітпен екеуімізге еңбек еткен колхозымыз жұмысты жақсы атқарғанымыз үшін костюм кигізді. Сол кезде бірінші курсқа жаңа келген біз үшін бұл үлкен абырой болды. Ең бір есте қалған тамаша сәт болатын.
Мен отбасымыздағы он баланың үлкенімін. Сондықтан жауапкершілік маған түсті. Менен кейін бір мезгілде екі қарындасым оқыды. Соларға қарайласып, көмектесуім керек болды. Сондықтан үй ішіне көмек көрсету үшін оқи жүріп, жұмыс жасадым. Бірде өзім тұратын жатақхананың қасында құрылыс жұмыстары жүріп жатты. Мен сол жерге қарауылшық болып жұмысқа тұрдым. бір күн жасап, үш күн демаламын. Едәуір жақсы жалақысы болды. Будкада отырып бір жағынан құрылысты қарауылдап, екінші жағынан сабағымды оқып таң атырамын. Келесі күні сабаққа барасың, оңай болған жоқ, әрине. Бірақ соның барлығына төзуге тура келді.
            – Ол кезде студенттердің мерекелік кештері, жиындары қалай өтуші еді?
– Мен екінші жатақханада тұрдым. Ол жатақхана әлі күнге дейін бар. Төменінде студенттер кафесі болды. Онда әр аптаның сенбі күндері түрлі сауық кештері өтіп тұратын. Оған өз жатақханамыздың тұрғындары, басқа факультеттің я Уфадағы басқа оқу орындарының студенттері келіп концерт қояды, соңы би кешіне ұласатын. Сондай қызықты кештер өтіп тұрды. Ол кезде институтта тәртіптің қатал болғаны сонша студенттер арасында ішімдік ішу, бей-берекетсіздік я бір бұзақылық әрекеттер болған жоқ. Ұйымшыл, тату болатынбыз. Кештеріміз өте көңілді, жақсы өтетін. Институтта үлкен акт залымыз болды. Сол жерде концерттер жиі ұйымдастырылатын. Біз оған белсенді қатысатынбыз. Факультетіміздің көркемөнерпаздар байқауында мен домбыра тартатынмын. Достарымыздың бірі ән салады, бірі мандолина сынды аспаптармен қостап, қазақша, орысша әндер шырқап, концерттерге қатысатынбыз.
Біз студент кезімізде гитара аспабын жиі қолданатынбыз. Қазір де солай.
Бірақ мен домбырамды да тастаған емеспін. Әлі күнге домбыра тартқанды жақсы көремін. Ол кезде гитарамен түрлі әндер шырқайтынбыз. Сол кездегі әндер әлі күнге дейін өз мағынасын да, беделін де жойған жоқ. Солардың бірі, «Голубая тайга» деп аталатын ән.
– Завтра снова дорога,
Путь нелегок с утра.
Хорошо хоть немного
Посидеть у костра, – деп шырқайтынбыз. Уфаның жері жасыл орман, табиғаты тамаша. Бұл өлеңнің танымал әрі жиі шырқалатын себебі – ән сол жердің табиғатын суреттегендей әсер қалдыратын. Сондықтын да көпшілігі осы әнді айтушы еді.
            – Сіз қанша шәкіртақы алып тұрдыңыз? Ол кезде тұрмысыңызға жеткілікті болды ма?
– Стипендиям тұрмысыма жалпы жетті. Мен 35 рубль, жоғарылатылған стипендия алған кезімде 42 рубльдей алып тұрдым. Одан басқа институттың студенттік ғылыми қоғамында жұмыс жасап, қосымша жалақы алдым. Және институтта оқыған бес жылда да еңбектен қол үзген жоқпын. Вагоннан жүк түсіру, жүк тасу сынды жұмыстардың барлығын істедім. Қандай ауыр, қиын жұмыс болса да қашқан емеспін. Сондықтан да жағдайым жаман болған жоқ.
             – Сабақ, емтихандарға қалай дайындалушы едіңіз?
– Менде сабаққа да, емтиханға да дайындалу мектеп кезінен қалыптасқан. Мен жастайымнан интернатта жатып оқыдым. Сол себепті де ұқыптылықты, өз бетімше ізденуді үйрендім. Институтта да үнемі жақсы оқуға талпындым. Оның үстіне институтымыздың әйгілі, ең үздік студентімен бір бөлмеде тұрдым. Соның да үлкен әсері тиген болуы керек. Сабақ жібермеуге тырыстық. Лекция кезінде конспектілерді қалдырмай жазып жүрдім. Конспектілерім әлі күнге дейін сақтаулы. Жазғандарымды сабақтан кейін міндетті түрде бір оқып шығатынмын. Сөйтіп, есімде қалады. Келесі күнгі сабаққа дайындалмай, еш уақыт ұйықтап көрген емеспін.
             – Бос уақытыңызды қалай өткізуші едіңіз?                                                                                              – Мен үнемі спортпен айналыстым. Спортпен шұғылданған адам қандай да болмасын ауыр жұмысқа төзе алады. Адамның бойында шыдамдылық, төзімділік қасиеттер қалыптасады. Қандай жүктемелерді де көтеруге жағдайың жететін болады. Бос уақытымызда кинотеатрларға жиі барып тұрдық. Жатақханамыздың қасында СМП-ның (құрылыс монтаждау поезы) клубы болды. Ол жерде кинолардың ақысы арзан, 20 тиын тұратын. Біз үнемі сол клубқа барып, кино көретінбіз. Өзге кинотеатрларда баға қымбатырақ, 40-60 тиын шамасында болды. Студент болған соң, әрине көбіне арзан клубтарға баратынбыз. Көрген киноларым, өкінішке орай, есімде қалмапты. Үнді киноларын өз басым жақтырмадым. Көбінесе шынайы өмірді суреттейтін туындыларды ұнатушы едім.
            – Студент кез несімен ыстық? Студенттік өмірдің қандай артықшылықтары бар?
– Студенттік шақ адамның бойында өмір сүре білу, еңбек ете білу, іздену, талаптану сынды көптеген қасиеттерді қалыптастырады. Ол кезде адам өзін қалай ұстаса, қалай оқыса, соған бейімделеді. Студент шағыңда тамақ дайындауды да, өз киіміңді өзің жуып, үтіктеп, қиындыққа мойымай, төзе білуге үйренесің, былайша айтқанда үлкен өмірге дайындық десе де болады. Әрі уақытыңды дұрыс пайдалана білуге үйренесің. Студент кезгі дағды бойынша мен күнде кешкісін ертеңгі күніме жоспар құрып, күні бойы сол жоспарымды бұзбауға тырысамын. Бұл да бір студенттік кезеңнің артықшылығы. Жалпы, адам көп нәрсені студенттік шағында үйреніп, меңгереді.
            – Сіздердің кездеріңіздегі студенттер мен бүгінгі студент жастардың арасында айырмашылық бар ма?
– Студенттердің қай заманда да мақсаттары бір. Ол – оқып білім алу, мамандық меңгеру. Дегенмен, екі кезең жастарының арасында айырмашылықтар аз емес. Қазір техниканың дамыған заманы. Жастарымыз компьютерді, интернетті меңгерген. Кең көлемде ақпарат алуға мүмкіндіктері бар. Біз ол кезде одақтан басқа шет мемлекетте оқу дегенді білген жоқпыз. Қазір қай елге барып, қандай мамандық меңгеремін десе де жастарымызға жол ашық. Біздің кезімізде саясат басқа болды. Мектепте Дүние жүзінің тарихын кеңінен оқып білсек те, өз тарихымыз оқытылған жоқ. Қазақстанның тарихын кейіннен оқып білдік.
Тағы бір ерекшелік, ол кезде студенттерге шетел тілдері дұрыс оқытылмады. Ол кездегі жастар ағылшын тілін қажетсінбеді десек болады. Қазіргі жастардың басты мақсаттарының бірі – шетел тілдерін меңгеру. Олар бүгінде кемінде үш тілді қатар меңгеруде. Балалардың көзқарасы, жалпы интеллектуалдық деңгейі әлдеқайда жоғары. Барлық ақпаратты оқып та, көріп те үйреніп жатыр. Бір жағынан, оның жақсы жақтары да, жаман жақтары да жетіп жатыр. Тек соны талдап, таразылай білу керек. Кімнің көзқарасы қалай қалыптасады, ол адамның өзіне, сана-сезіміне байланысты.
            – Сіздің ойыңызша, ХХІ ғасыр жастарының білімге деген талпынысы, құштарлығы қаншалықты жоғары?
– Қазіргі жастардың білімге деген құштарлығы, ізденісі көңілімнен шығады. Оған мүмкіндік те мол. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасы жастарға зор мүмкіндіктер ашты. «Болашақтың» арқасында балаларымыз дүние жүзінің үздік жоғарғы оқу орындарында білімдерін шыңдауда. Олар – өз мектептерінің, өз орталарының үздіктері, өздерін көрсете белген жастар. Қазір «Болашақтың» түлектері жоғарғы қызметтерде, басшылық лауазымдарда, министрліктерде еңбек етіп жүр. Бірнеше шет тілін меңгерген жастардың болашағы зор. Мен бірнеше тілде сөйлесе алсам да, ағылшын тіліндегі газет-жорналдарды, кітаптарды еркін оқи алмаймын. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі жастарымыздың білімі, тіл меңгеру деңгейлері бізден әлдеқайда жоғары.
             – Бүгінгі жастарға нендей тілек, ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Студент жастарға айтарым, жақсы оқыған адам далада қалмайды. Білімді жан басшы қызметте болмаса да, ешуақытта жаман маман болмайды. Сондықтан ең басты керек нәрсе – жақсы оқу. Алған білімі – адамның өмір бойғы азығы. Адам өмір бойы ізденіп, өмір бойы оқуы керек. Президентіміздің елімізге, оның ішінде жастарға жасап отырған жақсылығын, жүргізіп отырған саясатын жастар мұқият түсінулері керек. Бүгінгідей мүмкіндік ешқашан болған емес. Осынау тәуелсіздік жылдарында қаншама жаңа оқу орындары ашылды. Білім беру сапасы, техникалық базасы жағынан дамыған шет мемлекеттердің жоғарғы оқу орындарымен теңесе алатын үлкен білім ордаларында жастарымыз білім алып жүр. Осының барлығы ел болашағының нұрлы болуы үшін жасалып жатқан үлкен жұмыстар. «Болашақ» арқылы шетелдердің озық оқу орындарында білім алуға жол ашық. Одан артық қандай жағдай керек. Жастар осыны түсінулері шарт. Студенттерді жаз мезгілінде еңбекпен қамту үшін «Жасыл ел» бағдарламасы және құрылыс еңбек жасақтары құрылды. Еңбек етемін, қаражат табамын дегендерге толық жағдай жасалуда.

Ендігі бір айта кетерлік жайт, жастарымыздың нашақорлықтан, түрлі діни жат ағымдардың арбауынан сақтанғандары абзал. Әр істі ойланып, ақылмен қабылдау керек. Мұндай келеңсіздіктер өзіне, ата-анасына, отбасына, елге зиянын тигізеді. Сондықтан жат әдеттерден сақ болған жөн.

Келесі мәселе – мәдениеттілік. Адамның жас кезінен өзіне дұрыс қарай білуі, өзін дұрыс ұстай білуі қажет. Жас күнінде адам өзін қалай бейімдейді, өмір бойына солай қалыптасады. Мәселен, дұрыс киіне білу, үстел үстінде дұрыс тамақтана білу де адам бойындағы мәдениеттіліктің белгісі. Киім кигенде өзіңе үйлесімді етіп киіне білген жөн. Сән екен деп кез келген нәрсеге еліктеудің қажеті жоқ. Жұрттан ерекшеленіп жүрсем дейтін жастар бар. Мысалы, жігіттеріміз шаштарын өсіріп, құлақтарына сырға тағып алатындар кездеседі. Қыздар арасында кіндігін ашып киіну, мұрындарын тесіп қою үрдісін байқап жүрміз. Көзге оғаш көрінетін мұндай қылықтардан жастарымыз уалақ болса екен.

Студент дегеніміз – болашақ мамандар, ертеңгі ел тұтқалары болар жандар. Былайша айтқанда, еліміздің ертеңі. Сондықтан олар өз өмірлеріне, жүріс-тұрысына, болашағына бей-жай қарамаса екен деген ағалық тілегім бар.
           – Сырлы сұхбат, ашық-жарқын әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!

Әңгімелескен

Венера Ғайнуллина

Пікір жазу