Студенттік шақ – адам өмірінің ең бір қызықты, қимас кезеңі. Студент болуға, білім алуға, өзің қалаған мамандығыңды меңгеруге деген қызығушылық пен ұмтылыс – әр адамның болашағына жасаған алғышарты. Сондықтан студенттік өмірден бастау алған ынта-жігер, мамандығыңа деген сүйіспеншілік сені үлкен өмірде алға жетелейді, өз кәсібіңнің адал иесі болуға бағыттайды.
«Біз де студент болғанбыз» айдарының бүгінгі қонағы – Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының актрисасы Шынар ҚАЛДЫБАЙ. Жас актриса театр сахнасында ең алғаш «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклінде Баянның рөлін сомдады. Бүгінде көпшілікке танылып келе жатқан Шынар қандай студент болды? Өнер жолына қалай қадам басты? Актерлік мамандықты таңдауына не себеп болды? Біз осы сауалдар төңірегінде жас актрисамен сұхбат құрған болатынбыз.
– Қайырлы күн Шынар! Өнер жолын таңдауыңызға не әсер етті? Қандай білім ордасында білім алдыңыз? Не себепті актер мамандығын таңдадыңыз?
– Қайырлы күн! Мен Қазақ ұлттық өнер университетінде музыкалық драма театр әртісі мамандығында білім алдым. Әртіс мамандығын бала кезден қаладым. Кішкентай кезімнен бастап сахнада, өнерде жүргім келетін. Өнер адамы болғым келетін. Негізі, мен Өнер университетіне үш рет тапсырған болатынмын. Бірінші рет тіл қобыз мамандығы бойынша, одан кейін колледжге эстрадалық вокалға тапсырдым. Ал соңында Алланың қалауымен, 11-сыныптан кейін жоғары оқу орнына музыка және театр актерлігіне тапсырып, грантқа түстім.
– Студенттік шақты қалай сипаттай аласыз? Студентке қажет басты қасиет не?
– Студенттік өмір – мен үшін адамның өміріндегі ең қызықты ерекше есте қалатын сәттердің бірі. Ол – жастық жалынға, амбицияға толы кезең. Сол амбиция, сол жалынды, көздегі отты сақтап қалуға тырысу керек. Арманыңа адал болуың керек. Студенттік шақта жан-жақтан әсер ететін күш көп болады. Сенің қолыңнан келмейді дейтін сөздерге мән бермей, өз арманыңа берік болып, арманға жету жолында күресу керек.
– Өнер жолына тәрбиелеген ұстаздарыңыз кімдер?
– Мен өзім Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева, Бағлан Имангазинов сынды ұстаздардың шеберханасында тәлім алдым. Айгүл апайымыздың жеке театры болды. Сол театрында ең алғаш үлкен сахнаға шыққан болатынмын. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклінде Баянның рөлін сомдадым. Ол менің 3-курстағы үлкен сахнаға шығуым болды. Содан кейін көптеген рөлдерді тағы сомдау бақыты бұйырды.
– Шәкіртақы алып оқыдыңыз ба? Шәкіртақыңыз тұрмысыңызға жетуші ме еді? Әлде студенттік кезде еңбек еттіңіз бе?
– Ия, грантта оқығандықтан стипендия алып оқыдым. Стипендия өздеріңіз білесіздер сол уақытта 21 мың тг болды. Ол студенттің керек-жарағына жетеді. Мен 1-курста өз үйімде ата-анаммен тұрып оқыдым. Үйден оқығандықтан ата-анам көмектесетін. Өзім де еңбек еттім. Сондықтан өз ақшам өзіме жететін.
– Жатақханада тұрдыңыз ба? Жатақхана өмірі несімен қызық?
– Жатақхана жайлы айтатын болсақ, 1-курста группаластарымның барлығы жатақханада тұрғандықтан мен оларға қызығатынмын. Бәрі бірге жүреді, әңгімелері бір, ойындары бір. Сосын мен 2-курста бәрімен бірге жүрейін деп жатақханаға көшкен болатынмын. Жатақхана – жалынды жастықтың, қызықтың ортасы.
– Студенттік жылдардан есіңізде қалған сәттермен немесе қызықты оқиғаларыңыздың бірімен бөліссеңіз?
– Біздің студенттік шақ өте қызық өтті. Қызықты оқиғалар көп болды. Студенттер арасында актер-пати болатын. Жылдың басында жаңа түскен балмұздақтарды қарсы алу және жылдың соңында соңғы курсты шығарып салып, тойлайтын едік.
– Актерлік мамандықтық қиындығы, артықшылығы неде?
– Актер мамандығының артықшылығы да, қиыншылығы да бар. Сахнада сомдайтын рөлің дәрігер, мұғалім не юрист тағы сол сияқты маман болуы мүмкін. Ол спортсмен болсын, акрабат болсын, сол кісілер игеретін дүниелерді біз аз уақытта зерттеп, үйренуіміз керек. Сондықтан біз сахнада қандай рөлді сомдаймыз, қандай мамандық иесін ойнайтынымызға байланысты зерттейміз, өзімізге керек-жарақты аламыз. Әртүрлі мамандықтың кейбіреулерінен бізде кішігірім хабарымыз бар деп айтсам, артық айтпағаным болар. Сахнада жүргендіктен әр рөл берілген сайын оны жететін жеріне жеткізіп ойнау үшін сен ол мамандықтың негізін білу керексің. Көбісі ойлайды сахнаға шығып ән айтып, би билейді, бәрі оңай деп ойлайды. Шыңдығына келсек, біздің мамандық бір премьера, спектакль шығару үшін кәдімгідей еңбекті талап етеді. Тіпті, түңгі екі-үшке дейін дайындалып, дұрыс болмай жатса, қонып дайындалатын кездеріміз де болады.
– Студент атануға дайындалып жүрген талапкерлерге тілегіңізді жолдасаңыз?
– Бүгінгі түлектер, сөздің басында айтып кеткендей, өз армандарына берік болса екен. Сырттан келетін пікірлерге сынып кетпесін деп айтқым келеді. Арманына берік болып, соңына дейін барып, берілмесен арман-мақсатына ойланбай сөзсіз жетуге болады.
Сұхбаттасқан
Дильназ Шахматова