Басты бет » Жаңалықтар » Рух пен патриотизм сабағы: Оқушылар шекарашылар өмірімен танысты

Рух пен патриотизм сабағы: Оқушылар шекарашылар өмірімен танысты

Республика күні қарсаңында шекарашылар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында ерекше іс-шара ұйымдастырды. Олар елордадағы №16 Т.Айбергенов атындағы мектептің жанынан ашылған «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелерін арнайы шақырып, ашық сабақ өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Клуб биыл 5 қыркүйекте ашылып, аз ғана уақыт ішінде жасөспірімдердің қызығушылығын оятқан болатын. Ал аталған іс-шара жасөспірімдердің шекарашы мамандығының қадір-қасиетін тани түсуіне, елге адал қызмет етудің маңызын ұғынуға зор септігін тигізді. Сабақ барысында балаларға шекара қызметінде қолданылатын әскери техника, қару-жарақ үлгілері, байланыс құралдары және арнайы киім түрлері таныстырылды. Сондай-ақ шекаралық бақылауда пайдаланылатын заманауи техникалық құрылғылар көрсетілді.

Күннің ерекше сәті – клубтың жаңа қатысушысы Рустам Сыздықовтың салтанатты ант қабылдау рәсімі болды.

Әскери антты қабылдау рәсімін «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің ардагерлері өткізді. Жас шекарашылар өздерін нағыз әскери ортада сезініп, ерекше әсер алды.

«Маған бүгінгі сабақ өте ұнады. Біз шекарашылардың ерлікке толы өмірімен танысып, олардың еңбегіне құрметпен қарауды үйрендік. Ардагерлер мен шекарашы құрамына шын жүректен алғыс айтамыз», – деді бүгінгі сабақтан алған әсерден қуанышын жасыра алмаған клуб мүшесі Тимофей Воробьев.
Іс-шара соңында балалар мен шекарашылар естелік суретке түсіп, өзара жылы лебіздермен бөлісті.