Басты бет » Жаңалықтар » Тіліміз қашан төрге шығады?

Тіліміз қашан төрге шығады?

Кеше «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа жастарды тарту мақсатымен өтінім беруге «Өркен» іскерлік орталығында орналасқан Нұр-Сұлтан қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығына бардым.
Бұл жерде ақпараттық тақтайшалар екі тілде жазылғанымен, есікке ілінген қосымша ақпараттар тек орысша ғана жазылып ілініпті. Жұмыспен қамтуға белсенді шаралар көрсету бөліміне кіргенімде бөлім басшысы болу керек Айгүл З. мені қабылдады. Менің қазақша амандасқаныма қарамастан, орысша жауап қатқан ол сол ресми тілде ақпарат беруге көшті. Қазақ тілінде ақпарат беруін талап еткенім сол еді, ол басқа маманды шақырып: «Ей объясните на казахском» демесі бар ма? Мен не дерімді білмей тосылдым. Қазақтың қазақпен сөйлесе алмағанына, менің қазақ тіліндегі талабыма қазақша жауап бере алмаған қандасым үшін намыстандым. «Мен орыс тілін түсінбей отырған жоқпын, мен қазақ тілінде ақпарат алуды қалаймын» дедім. Қазақтілді маман жас мамандарды жұмысқа алуға қатысты тиісті талаптарды қазақша айтып жатыр. Бір кезде қолыма «Заявка» деп жазылған парақты ұсынып, осыны толтырыңыз деді. «Неге орысша? Маған қазақша нұсқасын беріңіз» дегеніме: «Қазір қазақшасы болмай тұр. Барлық келгендер орысша толтырады. Сіз түстен кейін келіңіз, аудармашыға беріп аудартып қояйық» деген жауап естідім. Не дейін, бөлмеден шығып кеттім. Орталық басшысының орынбасарына барып, өз уәжімді жеткіздім. Ол талабымның орынды екенін және аталған олқылықты түзететіндерін айтты.

Сөйтіп, келесі күні әлгі бөлімге қайта барсам, өтінімнің қазақша нұсқасы әлі дайын болмай шықты. Енді «Ертең келіңіз. Аудармашы аударып үлгере алмады» деді. Бір беттік шағын ғана өтінім толтыру парағын бір күн емес, жоқ дегенде жарты сағатта аударып беруге болады ғой. «Сонда бір өтінімнің қазақшасын алу үшін неше күн жүруім керек?» дедім, ол болса: «Онда электронды почтаңызды жазып беріңіз, сол жерге жіберейік». Ал бұған не айтуға болады?
Кім кінәлі осыған? Жүрген жерімізде орысша сөйлеп, қазақ тілінде жауап алуды талап ете алмайтын өзіміз бе? Әлде кім?

IMG_20190814_114239IMG_20190814_114323

IMG_20190814_115242

IMG_20190814_115247

Венера Мұратқызы

«Жастар жанары»

Пікір жазу