Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар мен бапкерлерді Көшпенділер ойындарындағы жарқын жеңістерімен құттықтап, олар Қазақстанның ұлттық спорттағы абырой-беделін дүние жүзіне паш еткенін атап өтті, деп хабарлады akorda.kz. 
– Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұлттық құраманың жалпы есепте бірінші орынға шыққанын ел мерейін өсірген елеулі жетістікке балады.
– Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі – алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай, Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, Көшпенділер ойындарының мәртебесі – баршамыздың ортақ абыройымыз. Осы ретте Президент бүкіл әлем түркі халықтарына көз тігіп отырғанын алға тартып, бұл жарысты бірлесе дамытуға шақырды.
– Қазақстан осы ортақ іске белсене атсалысуға қашанда дайын. Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиеті: бұл – өзара құрмет және мәңгі достық. Осы даналықты ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ. Біз – Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – ортақ парызымыз. Осы рухты борышымызды өркениетті, мәдениетті түрде, абыроймен жүзеге асыруымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мақсаты – биік, жоспары – айқын, болашаққа сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде әрдайым алға қарай ұмтылып келе жатқанын айтты.
– Біз, соның ішінде ұлттық спортпен айналысатын жастар, басқа да спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, студенттер мен ғалымдар, жұмысшылар мен басқарушылар, әскери қызметкерлер мен мекеме қызметшілері – бәріміз мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет. Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір еліміз тарихи өрлеу дәуіріне қадам басқанын жеткізіп, елде болып жатқан елеулі өзгерістерге тоқталды.
– Біз біртұтас ел болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырдық. Барша жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа бағдар беретін Конституциямызды қабылдадық. Әділетті, Күшті, Озық, Таза Қазақстанның берік негізін қаладық. Мұны ұлт тарихындағы нағыз бетбұрысты оқиға деп бағалауға болады. Конституция – халқымыздың темірқазығы, ел ішіндегі түбегейлі өзгерістерге тың серпін берген қастерлі құжат. Таяуда ғана Құрылтай сайлауы өтті. Құрылтайға кәсіби, іскер, жаңашыл азаматтар кірді. Олардың ішінде жастар да аз емес. Вице-Президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты жасақталды. Көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады. Осылайша, еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылады. Бұл да – ауқымды реформаларымыздың өте маңызды бөлігі. Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ұлт саулығын нығайту және адам капиталын күшейту мемлекеттің конституциялық міндеті саналатынын мәлімдеп, осы бағытта қолға алынған іргелі істерді атады.
– Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды, бірқатары жөндеуден өткізілді. Былтыр менің тапсырмаммен «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа заң отандық спорттың дамуына күшті серпін бермек, соның ішінде ұлттық спорттың өркендеуіне ерекше ықпал етеді. Балаларымыз спортпен немесе дене шынықтырумен міндетті түрде айналысуы керек. Бұл – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осы мақсаттың жалпыұлттық мән-мағынасы айрықша. Өйткені дене-бітімі әлсіз, рухы қауқарсыз халқы бар ел ешқашан озық, дамыған мемлекет бола алмайды. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Сондықтан спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артты, яғни 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге ұлғайды. Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Осы мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінді. Дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 миллионнан асты. Бұл – халқымыздың жартысына жуығы деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, бізді салауатты ұлт деп атауға болады. Бірақ босаңсуға болмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ұлттық спорт түрлерін дамыту – Үкімет пен әкімдіктердің алдында тұрған аса маңызды міндет.
– Қазір осы салада жұмыс істейтін отыздан астам арнайы мекеме бар. Астанада Ұлттық спорт университеті ашылды. Бұл оқу орны спорт саласындағы кәсіби кадрларды даярлауға шешуші үлес қосады деп жоспарлап отырмыз. «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» да табысты қызмет ете бастады. Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да спорт түрлері бойынша мыңнан астам жарыс өткізіледі. Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі, «Ақ бидай» ауыл ойындары, «Қазақстан барысы» додасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Ең бастысы, ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлері заң жүзінде тең мәртебеге ие болды. Бүгінде қазақ спортының беделі зор. Мұны бүкіл әлем мойындайтын болды. Қазақстан спортшылары әрдайым үздіктер қатарында. Күні кеше даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл – шын мәнінде өте үлкен жетістік. Мен Елена Рыбакинаны құттықтадым, оның еңбекқорлығы мен шеберлігін атап өтіп, бойындағы жеке мәдениетінің жоғары екеніне ерекше баға бердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент спорт саласындағы жетістіктерге Үкіметтің, тиісті министрліктің табанды жұмысының алғашқы нәтижесі ретінде оң баға беріп, алдымызда әлі талай міндет тұрғанын еске салды.
– Елімізде түрлі халықаралық додалар өткізілуде. Биыл Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған бірегей жарыс – «Болашақ ойындары» сәтті өтті. Келесі жылы елорда төрінде жеті бірдей әлем чемпионаты жалауын көтереді. Өте ауқымды жұмысты атқаруымыз керек, бірақ мұның бәрі – еліміздің абыройына, беделіне өте қажетті халықаралық іс-шаралар. Ал 2029 жылы Алматыда 10-шы Қысқы Азия ойындары өтеді. Осы маңызды шаралардың бәрін сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, спортшылардың жеңісі, ең алдымен, өскелең ұрпаққа жігер беретінін айтты.
– Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек. Жас ұрпақты табанды, қайсар, шыдамды болумен қатар, оларды әдепті, мәдениетті, тиянақты болуға үйрету өте маңызды. Сонда жастарымыздың тәні де, жаны да сау, санасы сергек болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент спорттағы жоғары жетістіктері, сондай-ақ Бішкек қаласында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға және өткізуге ерекше үлес қосқаны үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыстады.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды
Мемлекет басшысының Жарлығымен спорттағы жоғары жетістіктері, сондай-ақ Бішкек қаласында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға және өткізуге ерекше үлес қосқаны үшін наградталды:
Айдархан Нұрдәулет Мырзаханұлы – «Шардара Армспорт спорт клубы» КММ спортшысы, Түркістан облысы
Ахметов Диас Берікұлы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК жаттықтырушысы, Астана қаласы
Ахмолдин Эдуард Ахметжанович – «Qazaq Jokey Club» РҚБ жаттықтырушысы, Алматы қаласы
Әбілқасымов Нұржан Бекқасымұлы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК жаттықтырушысы, Астана қаласы
Әлімжанов Еркін Қайнулдинұлы – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК жаттықтырушысы, Астана қаласы
Бадашев Елдос Әлмаханбетұлы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК жаттықтырушысы, Астана қаласы
Базарбаев Берікбол Ибекенұлы – жеке кәсіпкер, Жетісу облысы
Байзақов Бақтияр Болатұлы – жеке кәсіпкер, Павлодар облысы
Байкенов АсланбекЖақыпбекұлы – «Qazaq Jokey Club» РҚБ жокейі, Алматы қаласы
Бекмұсаев Жанбатыр Сайлауұлы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК жаттықтырушысы, Астана қаласы
Есен Ахмет Жалғасұлы – «Ұлттық спорт түрлерінен «Жетісу» кәсіпқой спорт клубы» КМҚК спортшысы, Талдықорған қаласы
Жақапбаева Айнұр Әбсадыққызы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК жаттықтырушысы, Астана қаласы
Зікірияев Биғали Жеңісұлы – «Астана қаласы әкімдігінің «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығы» МКҚК жаттықтырушысы
Келдіқұлов Ғани Құдайбергенұлы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК жаттықтырушысы, Астана қаласы
Күнтуған Арманбек – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК жаттықтырушысы, Астана қаласы
Қабдоллаева Аяш Советбекқызы –«Глубокое кентінің балалар шығармашылығы үйі» КМҚК мұғалімі, Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданы
Мұстафин Қанат Султанғазыұлы – Туризм және спорт министрлігі
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК жаттықтырушысы
Нығманов Жасыбай Рахметұлы – «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» ЖШС басшысы, Павлодар қаласы
Өткелбай Дарын Ақылбайұлы – «Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК спортшысы
Пазылбек Қайрат Серқұлұлы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директоры, Астана қаласы
Рахымбердиев Жомарт Елеусізұлы – Алматы облысы бойынша «Бәйге» федерациясы» РҚБ филиалының жаттықтырушысы
Серікқызы Мөлдір – «Интеллектуалдық спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ жаттықтырушысы, Ақтөбе облысы
Табылдиев Рамазан Ерікұлы – «Qazaq Jokey Club» РҚБ спортшысы, Алматы қаласы
Шотаев Мақсат Есенбекұлы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК жаттықтырушысы, Астана қаласы
Ізбасаров Сырым Нұржанұлы – «Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК жаттықтырушы-оқытушысы;
«Ерен еңбегі үшін» медалімен
Әутәліпов Ерасыл Дәуренұлы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК спортшысы, Астана қаласы
Байғонов Дамир Маратқанұлы – «Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша спорт клубы» КММ оқытушы-жаттықтырушысы, Шығыс Қазақстан облысы
Бақтыбай Қанат Саутбекұлы – «Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК жаттықтырушысы
Газаев Расул Абудинович – жеке кәсіпкер, Жамбыл облысы
Ғалымжанова Әсемгүл Хабиболлақызы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК спортшысы, Астана қаласы
Досжанов Рүстем Әмірғазинұлы – «Ұлттық спорт түрлерінен «Жетісу» кәсіпқой спорт клубы» КМҚК директоры, Талдықорған қаласы
Ержан Ернар – «Ұлттық спорт түрлерінен «Жетісу» кәсіпқой спорт клубы» КМҚК спортшысы, Талдықорған қаласы
Жакиев Айдын Нартайұлы – «Ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлерінің спорт клубы» КММ спортшысы, Қостанай облысы
Жалғасұлы Серікболсын – «Ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлерінің спорт клубы» КММ спортшысы, Қостанай облысы
Жапишев Ермек Жұмабекұлы – «Кәкен Аханов атындағы орта мектеп» КММ мұғалімі, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы
Кәрім Нұрталап Болатұлы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК нұсқаушы-спортшысы, Астана қаласы
Қабдолдаев Берікхан Қожегенұлы – жеке кәсіпкер, Жетісу облысы
Қайдаров Азамат Нұрболатұлы – «Aqbobek International sсhool» ЖШС жаттықтырушы-оқытушысы, Ақтөбе қаласы
Құттымұратов Медет Құттымұратұлы –«Шардара аудандық ұлттық спорт клубы» КММ директорының орынбасары, Түркістан облысы
Ошабаев Достан Алмабекұлы – Ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысы департаментінің инспекторы
Парахат Нұрбек Қосмалиұлы – «Qazaq Jokey Club» РҚБ спорт клубының серіктесі, Алматы қаласы
Рахметқалиев Мейір Қауленұлы – «Қазақстан Республикасының арқан тартыс федерациясы» қауымдастық нысанындағы ЗТБ мүшесі, Астана қаласы
Реимбай Қанат Жалғасбайұлы – «Ұлттық спорт түрлерінен «Жетісу» кәсіпқой спорт клубы» КМҚК спортшысы, Талдықорған қаласы
Сайлау Мұхаммеджан Жанбатырұлы – «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК спортшысы, Астана қаласы
Салман Аружан Бауыржанқызы – «Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ жаттықтырушы-нұсқаушысы, Түркістан облысы
Сапар Болат Мұхтарұлы – Туризм және спорт министрлігі «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК нұсқаушы-спортшысы
Сапарқұл Айбек Асқарұлы – «Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы» КБ менеджері, Астана қаласы
Серғазин Сұңғат Мұратұлы – «Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейі» КММ мұғалімі
Сүлеймен Ернұр Нұрлыбекұлы – «Жекпе-жек кәсіпқой спорт клубы» КММ жаттықтырушы-оқытушысы, Жамбыл облысы
Сыдықжан Малена Рустамқызы – «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» КеАҚ студенті
Төлебай Жарас Айтбайұлы – «Ұлттық спорт түрлерінен «Жетісу» кәсіпқой спорт клубы» КМҚК спортшысы, Талдықорған қаласы
Тулыбеков Абзал Тоқтарұлы – «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы» КММ аға жаттықтырушысы, Жамбыл облысы
Уалиев Азамат Александрович – «Б Агро» ЖШС қызметкері, Өскемен қаласы
Уалиев Ерлан Александрович – «Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша спорт клубы» КММ жаттықтырушысы,Шығыс Қазақстан облысы
Устинов Данил Алексеевич – «Жетісу облысының бұқаралық спортты дамыту және спорттық іс-шараларды өткізу спорт клубы» КММ спортшысы
Шәкіртов Дінислам Лұқбекұлы – «Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша спорт клубы» КММ оқытушы-жаттықтырушысы, Шығыс Қазақстан облысы
Шәріпов Дәурен Мырзабосынұлы – «Тарханка орта мектеп-балабақша кешені» КММ мұғалімі, Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданы
Шишкин Константин Владимирович – «Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейі» КММ қызметкері
Ыдырыс Жақсылық Берікболұлы – «Ұлттық спорт түрлерінен «Жетісу» кәсіпқой спорт клубы» КМҚК спортшысы, Талдықорған қаласы.
Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы беріледі
Бекбатыр Нұрасыл Бақытжанұлы — Алматы облысы Жамбыл ауданының Сұраншы батыр ауылындағы орта мектебінің оқушысы.
Өмекей Санжар Берікұлы — Алматы облысы Жамбыл ауданының Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта мектебінің оқушысы.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы