1935 жылы қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің бастамасымен негізі қаланған Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры өзінің 91-ші маусымын жаңа шығармашылық жобалармен бастамақ. 90 жылдан астам тарихы бар өнер ордасы биылғы маусымда көрермендердің барлық жас ерекшелігін қамтитын, түрлі бағыттағы төрт жаңа спектакльді 15-18 қыркүйек аралығында өткізілетін премьералар апталығы аясында ұсынады.
Жаңа маусымның басты ерекшелігі – қойылымдардың тақырыптық және жанрлық алуандығында. Театр ұжымы балаларға арналған классикалық туындыны жаңаша сахналап, экологиялық мәдениет, туған қала тарихы және ұлттық құндылықтар тақырыптарын қуыршақ өнері арқылы көрерменге жеткізуді мақсат етіп отыр.
Солардың бірі – көрермен назарына 15 қыркүйекте ұсынылатын «Алты жасар Алпамыс» спектаклі. Балаларға арналған таңдаулы туындылардың қатарындағы Абдолла Қарсақбаевтың көркем фильмі негізінде сахналанған адаптация алғаш рет қуыршақ бейнесінде театр сахнасына жол тартты. Білімге деген құштарлық пен арманға адалдықты арқау еткен спектакль 5 жастан асқан көрермендерге арналған. Спектакль режиссері – Шохан Құлназаров. Спектакльде Толқын Тлеулиева, Гүлім Рахимова, Рауан Укарова, Эльмира Кумарова, Мейрхан Батырханов, Ханшайым Серікова, Ұлан Адамбаев және Бота Табылдиева өнер көрсетеді.
Ал ұлттық құндылықтарды заманауи бағытта дәріптеуге арналған кезекті премьера – «Жақсылық пен жамандық» спектаклі. Премьерасы – 16 қыркүйекте. Қойылымның негізгі мақсаты – жас көрерменге қазақ халқының рухани мұрасын таныстырып, оның ішінде қасиетті домбыра аспабының маңызын насихаттау. Ұлттық өнерді заманауи сахналық шешімдермен ұштастыра отырып, спектакль өскелең ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруды көздейді. «Жақсылық пен жамандық» спектаклінің режиссері – Антон Зайцев.
91-маусымның тағы бір жаңа туындысы – «Taza.kz» спектаклі. Премьера – 17 қыркүйекте. 6 жастан асқан көрермендерге арналған буффонада жанрындағы туынды республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызын дәріптеуге бағытталған. Спектакль қоршаған ортаға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Спектакль режиссері әрі идея авторы – Алияр Нұраділ.
Ал Алматы қаласының тарихы мен мәдени болмысын арқау ететін «Алматының алмасы» спектаклі де жаңа маусымның премьералары қатарынан орын алды. Аталмыш қойылым 18 қыркүйекте премьералар апталығын тәмамдайды. Бұл спектакль еліміздің мәдени астанасы саналатын Алматы қаласының туған күніне орай ұсынылған қойылым шаһардың тарихын, өзіндік ерекшелігін және туған жерге деген сүйіспеншілікті жас көрерменге ертегі әлемі арқылы таныстыруды көздейді. Спектакль 6 жастан бастап көрермендерге арналған. «Алматының алмасы» спектаклінің авторы әрі режиссері – Григорий Лайко, суретшісі – Ануар Бүркітбаев, композиторы – Давид Литвинов.
Осылайша, төрт түрлі тақырыпты қамтыған жаңа қойылымдар театрдың шығармашылық ізденісінің жаңа бағыттарын айқындап, қуыршақ өнерінің тек балаларды қызықтыратын жанр ғана емес, тарихты, ұлттық құндылықтарды, экологиялық мәдениетті және қоғамдағы маңызды мәселелерді жеткізетін өнер алаңы екенін тағы бір мәрте көрсетеді.
Ұлпан ШЕРІХАН
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы




