Басты бет » Жастар үні » «Ардагерлерді ардақтайық!»: Жастар қарияларға қол ұшын созды

«Ардагерлерді ардақтайық!»: Жастар қарияларға қол ұшын созды

«Әділет» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ел аумағында «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясын бастады.

Бүгінде акция Шымкент қаласында, Абай, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткізілді. Оның барысында жастар қанатының волонтерлері аға буын өкілдеріне қол ұшын созып, жан-жақты қолдау көрсетуде. Акция барысында волонтерлер ардагерлерге көмек көрсетіп қана қоймай, олармен етене араласып, жылы қарым-қатынас орнатуда. Мұндай кездесулер аға буын мен жастар арасындағы байланысты нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын күшейтуге ықпал етеді.

​Айта кетсек, алдағы уақытта «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы еліміздің өзге өңірлерінде жалғасады. «Жастар Рухы» аға буынға тұрақты қолдау көрсету және қоғамға адал қызмет ету мәдениетін жастар арасында насихаттай береді.

«Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы өтті. Оның аясында жамбылдық рухтастар 83 жастағы жалғызілікті зейнеткер Мария Вареецованың үйіне барып, тұрмыстық жұмыстарға қолғабыс көрсетті. Жастар қарияның үй шаруасына көмектесіп, қажетті жұмыстарды атқарды.

Ізгілік пен қамқорлықты басты құндылықтарының бірі санайтын жастар үшін мұндай бастамалардың маңызы зор. Қарияларға көңіл бөліп, қолдау көрсету – аға буынға деген құрметтің жарқын көрінісі. «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған игі істер жүзеге асырылмақ.

Осындай шара Қызылордада да көрініс тапты. Облыстық филиал жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері аталған шара аясында қала тұрғыны, жалғызбасты қария Нағима Жұманазарованың шаңырағына барып, көмек-қолдауын көрсетті. Жастар ардагердің ауласын тазалап, үй айналасын ретке келтірді. Сонымен қатар Нағима апайдың жағдайын біліп, көңілін аулап әңгіме-дүкен құрды. Ізгі іске ризашылығын білдірген ардагер жастарға ақ батасын беріп, алғысын жеткізді.

«Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының «Жастар Рухы» жастар қанаты «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясында Атырау қаласы Кеңөзек ауылдық округінде тұратын жалғызбасты қарияға көмек көрсетті.

Ауылдың байырғы тұрғыны Меруерт Әділбаеваның үйіне арнайы барып, айналаны қоқыстан тазартып, қарияның күнделікті тұрмысына қажетті жұмыстарды атқаруға қолғабыс етті.

Акцияның негізгі мақсаты – аға буынға құрмет көрсету, көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіру және жастар арасында қайырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын кеңінен насихаттау. Игі бастама жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға да бағытталған.

– «Жастар Рухы» мұндай игі істерге әрдайым белсенді атсалысады. Кеше Құрманғазы ауданында белсенді жастар мүгедектігі бар азаматтың үйінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, ас әзірлеуге көмектесті. Бүгін Атырау қаласында осы игі істі жалғастырып отырмыз. Мұндай жұмыстар бір күнмен шектелмейді. Жастар көмекке мұқтаж жандарға әрдайым қол ұшын созуға дайын, – деді «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы «Жастар Рухы» жастар қанатының кеңесшісі Бекарыс Закария.

Өз кезегінде Меруерт әжей жастардың қамқорлығы мен ықыласына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

–  Атыраулық жастар бүгін үйіме ат басын тіреп, ауламды тазалап, үлкен көмек көрсетті. Олардың үлкенді сыйлап, мұқтаж жанға қол ұшын созып жүргені көңіл қуантады, – деді Меруерт Әділбайқызы.

Айта кету керек, «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясындағы мұндай шаралар үлкенге құрмет көрсетуге, қоғамдағы өзара қолдау мен мейірімділік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Әлия АСҚАР