Басты бет » Бозбала мен бойжеткен » САМАЛДЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ

САМАЛДЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ

IMG_4789

         «Криминалист мамандығы сырт көзге қарапайым мамандық болып көрінгенімен, оны толық игеріп, білікті маман болу үшін әр адамнан тынымсыз ізденісті талап етеді. Өйткені, орын алған қылмыстардың ізін суытпай, тез арада ашылуына криминалистиканың тигізер септігі мол. Тіпті, ішкі істер органдарын криминалистикасыз елестету мүмкін емес. Еліміздегі криминалистика саласы жыл өткен сайын жетіліп, заманауи техникалармен жабдықталуда. Оқып-үйренгенін тәжірибе жүзінде пайдаланып, бірнеше жас криминалист мамандар шеберліктері мен ептіліктері нәтижесінде қызметтерін алға басуда. Еңбекқор өзіне қояр талабы қатал жас мамандардың бірі Орал қ.ПБ жедел криминалистикалық бөлімінің криминалисі полиция лейтенанты Самал Сарсенбекова.

     Соңғы кездері Орал қаласында жеңіл автокөліктердің айналары ұрлануы жиіледі. Бір тәулікте 4-5, кейде 8-9 автокөліктердің екі жақтауындағы айналары ұрланып, көлік иелері сағат сайын басқармаға келіп арыз-шағым жазды. Айна ұрлану фактілері 3 мамырдан басталды. Ең бірінші факті 3 мамырдан 4 мамырға қараған түні тіркелді. Белгісіз тұлға Попович көшесіндегі №1 үй мекенжайында болып, «Лексус» маркалы көліктің айналарын ұрлаған.  1983 жылғы көлік иесіне  30 мың теңге шығын келді.  4 мамырда белгісіз тұлға Гагарин көшесіндегі №97 үй қасында тұрған «Тайота Камри» маркалы көліктің айналарын ұрлап, 1991 жылғы көлік иесіне 100 мың теңге шығын келген.

          Осылайша, бір тәулікте  9 көлік айнасыз қалды.  Жедел-тергеу тобында болып, оқиға орнына барған криминалист Самал Сарсенбекова әр көліктен алынған  саусақ іздерін салыстырып, зерделейді. Сонымен қатар, саусақ іздерін ақпараттық-іздеу жүйелері арқылы қарағанда күдіктінің кім екені, жалпы деректері анықталады. Полиция қызметкерлері күдіктіні құрықтап, басқармаға жеткізеді. Сұрастыра келе, расында да бірнеше жеңіл көлік машиналарының айнасын ұрлағанын мойындап, оңай ақша табу жолын таңдағанын айтқан. Криминалист  Самал 1 сағат ішінде 9 көліктің айнасын ұрлаған күдіктінің қылмыстық әрекеттерін саусақ іздері арқылы мойындатты.

         Бүгінгі күні басқарманың тергеу бөлімі ҚР қылмыстық кодексі 188 баптың 3 бөліміне сай ұрлық деп танып, іс материалдары сотқа жолданды. Жас кримиалист полиция лейтенанты Самал Сарсенбекованың тапқырлығын басшылары мақтаныш тұтады.

Гүламан Исмагулова,

Орал қ.ПБ баспасөз қызметкері  

Пікір жазу