Әсіп — ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық тағамы. Ең оңай дайындалатын TikTok рецепті бойынша үлкендермен бірге балалар да сүйсініп жейтін әсіп шұжығын бірге жасаңыз.
Ингредиенттер:
- Өкпе — 300 г;
- Бауыр — 400-450 г;
- Пияз — 2 тал;
- Сарымсақ — 3 түйір;
- Күріш — 200 г (шала піскен);
- Су — 150 мл;
- Тұз, бұрыш — дәміне қарай.
Дайындалуы
- Өкпе, бауыр және пиязды ет тартқыштан өткізіп аламыз. Өкпені алдын-ала қайнатып алуға болады.
- Оның үстіне күріш салыңыз. Күрішті бір қайнатып, қайнаған суында 10-15 минут ұстау керек.
- Дәміне қарай тұз және бұрыш себіңіз. Қалауыңыз бойынша басқа дәмдеуіштер қосуға да болады.
- Оның үстіне 150 мл су құйып араластырамыз.
- Содан кейін тұзбен жақсылап тазартып жуылған ішектің бір шетін жіппен байлаңыз.
- Ішектің екінші жағына өкпе-бауыр, күріштен дайындап алған қоспаны саламыз. Әсіп жарылып кетпеу үшін ішекке салынатын қоспаны қатты нығыздап салмаған дұрыс.
- Ішектің екінші жағын жіппен байлаған соң қазанға су құйып, аздап тұз сеуіп, әсіпті саламыз.
- Ішіндегі ауаны шығару үшін әсіптің әр жерінен инемен тесіп аламыз.
- Әсіп бір қайнаған соң көбігін алып, баяу отта 45-50 минуттай қайнату керек.
Дәмді әрі жұмсақ әсіпті суытып турасаңыз, пішіні бұзылмайды.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы