Басты бет » Жаңалықтар » ЖАСАНДЫ ТҮСІК – ҚАЗАҚҚА ЖАТ ТҮСІНІК

ЖАСАНДЫ ТҮСІК – ҚАЗАҚҚА ЖАТ ТҮСІНІК

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қыз балаларға 16 жастан бастап ата-анасының келісімін алмай-ақ, жасанды түсік жасата беру туралы жобаны ұсынып, заң жүзінде бекітіп алмақшы. Ал қазіргі біздегі қолданыстағы ережелер бойынша кәмелетке толмаған қыз балаларға мұндай медициналық көмек көрсету үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімі міндетті түрде керек. Министрліктің бұл ұсынысы жария болысымен-ақ халық арасында қызу талқылау басталып кетті. Ол түсінікті де, бұл бүкіл қоғам мен оның әрбір мүшесіне тікелей қатысы бар маңызды мәселе.

Жобаны жария еткен ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаеваның айтуынша, бұл әлемде бар тәжірибе. Жаңа ережені ұсынуға елімізде аяқасты бала көтеріп қалған қыздар саны көбейіп бара жатқаны басты себеп болып отырғанға ұқсайды. Ал, Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Исмағамбетованың пікірінше, бұл тастанды балалардың азаюына да септігін тигізбек. «Жоспарланбаған жүктілік баланы қорғансыз күйде тастап кетудің бірден бір себебі. Біз заңнамаға енгізгелі отырған норма осы мәселелердің алдын алады», – деді Айжан Исмағамбетова Үкімет үйінде журналистерге берген сұхбатында. Айта кетелік, жақында министр Елжан Біртанов та бұл жобаны қолдайтын пікірін білдірді.

Ресми деректерге қарасақ, соңғы үш жылда жасөспірімдер арасында жүктілік пен жасанды түсік жасату саны азайғанмен, қазіргі біздегі көрсеткіш тіпті адамдарға еркіндік өлшеусіз берілген Еуропадан да жоғары екен. «Ең алдымен ақпараттандыру және ескерту жұмыстарын жүргізген жөн. Бүгінде Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарда психоәлеуметтік кеңестік көмек көрсететін жүзден астам арнайы ұйымдар жұмыс істейді. Біз жастардың аталмыш орталықтарға барғанын, ақыл-кеңес алғанын қалаймыз», – деп атап өтті министрлік өкілі.

Үлкен мәселеге айналған жасанды түсіктің құқықтық жағын алып қарасақ, одан кейінгі болуы мүмкін кері салдарлары үшін барлық жауапкершілік ұсынылған жоба бойынша медициналық қызметкерлерге артылмақ. «Құқықтық механизм заңнамада көрсетілген. Аталған медициналық қызметтің сапасы үшін әрине, медициналық қызметкерлер жауап береді. Ал жасөспірім медициналық қызмет алуға құқылы болады», – деп түсіндірді А. Исмағамбетова. Заңмен бекіткенмен іс жүзінде қалай болмақ? Біздегі тәжірибеге сүйенсек дәп осы бағытта талай дау-дамайдың туындауы, тіпті адам өлімі орын алуы да әбден мүмкін. Жаңа заң қабылданған екен деп біздің дәрігерлер сапалы қызмет көрсетуге көше қояды дегенге сенім аз. Естеріңізде болса, дәрігерлердің жауапсыздығы мен салғырттығынан босануға келген бірқатар аналардың өлімі тіркелгені белгілі. Ондай жағдайлар әлі де жалғасуда. Жасанды түсік жасау да қатерлі екенін ұмытпағанымыз жөн. Аталған ұсыныс әзірге талқыланып жатыр, ереже қабылданған жағдайда, жасөспірім келісім беретін құжатқа өзі қол қоятын болады. Кәмелетке толмаған, оң-солын ажыратып үлгермеген жас қыздарға соншалықты жауапкершілігі мол шешім қабылдауды өз еріктеріне беріп қою қалай болар екен?..

БҰҰ-ның халық тұрмысы саласына қатысты арнайы қорының (ЮНФПА) мәліметінше, күн сайын әлемдегі дамушы елдердің кәмелетке толмаған 20 мың жасөспірімі босанып жатады. Бір жылда бұл көрсеткіш 7,3 миллионға жетеді, оның 2 миллионы – 15 жасқа толмаған қыздар. Демек, бұл дүниежүзі бойынша орын алып отырған мәселе. Әлемдік тәжірибе мен біз еліктеуден танбаған Батыста осылай екен деген деректерді тықпалай берудің, солардың ыңғайына жығылудың қажеті жоқ. Ондай сылтаулар мен сілтеулерді сырып қойып, біз алдымен өзімізге қатысты түйіндерді тарқатып алуымыз қажет. Біздің басымыз батыстықтармен бірге жаратылмаған, қазақтың ұлттық болмысы мүлдем бөлек екенін ұмытпайық. Біз неге әлемдегі қолданылып жатқан басқа да тәжірибелер мен шешімдерге назар аудармаймыз. Мұсылман мемлекеттерін былай қойғанда, мысалы, Польша, Ирландия, Мальта мен Филиппинде абортқа заңмен тыйым салынған. Оңтүстік Америка елдері де түсік атаулыға тіксіне қарайды. Мұнда тек инцест, зорлау мен ананың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана аборт жасауға рұқсат беріледі. Ал, мұсылман мемлекеті болып саналатын Қазақстанда жыл сайын 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 20 мыңы жүкті болып, оның тең жартысы – 10 мыңға жуығы жасанды түсік жасатады екен. ЮНФПА-ның мәліметінше қазақстандық жастардың 10 пайызға жуығы 14 жасқа дейін, ал 50 пайызға жуығы 19 жасқа дейін жыныстық қатынас жасап үлгеретінін айтады. Былтырдың өзінде жүкті болғандардың саны 3 жарым мыңға жетіп қалған. Әрине алаңдатарлық жағдай. Әйтсе де заңға енгізуге ұсынылған өзгерістер міндетті түрде қоғам талқысына түсуі керек. Бұл бір ғана медицина саласына ғана қатысты мәселе емес, оның адами, жанұялық, қоғамдық, тұрмыстық, тіпті мемелекеттік, ұлттық мән-мағынасы бар. Әсіресе сан жағынан өсе алмай жатқан қазақ үшін.

Бұған психологтар не дейді?

Адам өз тағдырын өзі шешетін болса да мұндай жағдай жасөспірімдердің таным-түсінігіне тым ауыр дейді психологтар. «Осындай кішкентай қыздарды түсікке апару тығырықтан шығудың жолы емес. Барлық мектептерге барып, сол қыз балалармен, жігіттермен жасөспірім кезінен бастап түсіндіру қажет. Жыныстық сауатын ашу керекпіз», – дейді психолог Әсия Мәмбеталина. Мамандардың айтуынша жасанды түсік және оның зияны туралы мектептен бастап үйретуді талап етеді. Біз, жастардың болашағының – білім алуы, адам болып қалыптасуы мен денсаулығына зиян келтіретін факторлардың алдын алуымыз қажет. Ал ерте жастағы жүктілік пен түсік жасау дәл осындай зиянды фактор дейді олар.

Жасөспірімдер бір ғана қауіпсіз жыныстық қатынас жасау шарттарын сақтамағандықтан жүкті болып жатқан жоқ. Бұл құбылыстың және бір себебі – мыңдаған жас қыз кәмелетке толмаған күйі ұзатылып та жатады. Президент жанынан құрылған отбасы-демография саясаты әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссияның дерегіне сәйкес Қазақстанда орта есеппен жылына үш мыңнан аса 18 жасқа толмағандардың некесі қиылады екен. Кәмелеттік жасқа толмай тұрмысқа шығу – күрделі мәселенің бастауы ғана. Біріншіден, дәрігерлердің айтуынша ағзасы жетілмеген жасөспірім қыздардың бала туса денсаулығына зор нұқсан келеді. Бізде шынында да қазір ерте жаста некесін қиып жатқандар аз емес. Екіншіден, олардың ана болуға әлі де дайын жоқ. Үшіншіден, жүкті болған жасөспірім білім, алдағы өміріне қажет мамандық та ала алмай, кейін жұмыссыз қалады. Басқасын айтпағанда аталған осы үш себепті назардан тыс қалдыруға болмайды. Сондықтан әрбір ата-ана қызының денсаулығы мен оның болашағына жауапты болу керек.

Кейбір деректер бойынша, жалпы алғанда Қазақстанда жыл сайын 100 мыңға жуық түсік жасалады екен. Олардың көбі 20-30 жас аралығын қамтиды. Оның арасында кәмелетке толмаған қыздар да бар. Алайда, бұл санды нақты деп айту қиын. Себебі, 18-ге толмаған қызға ата-анасының рұқсатынсыз түсік жасауға рұқсат берілмейтіндіктен, кей жеткіншектер арнайы дәрілерді қолданады. Қай қалада болса да түсікке арналған дәрілердің астыртын сауда нүктелері бар. Ол дәрілердің көбі Қытайдан келеді. Оны сататындар дәріні қалай қолдану керектігін өздері де білмейді. Кейін бұл қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтырып жатады.

Түсіктің қандай түрі болмасын зияны бар екенін кез келген дәрігер айтып бере алады. Мұның соңы әйелдің қайтіп бала көтермеуіне алып келуі мүмкін. Бүгінде ресми деректер бойынша елімізде әрбір 5-ші жұп перзент сүйе алмай, балаға зар болып жүр. Сала мамандарының айтуынша, сәбилі болу үшін жасанды ұрықтандыруға ынта білдірген әйелдердің жартысынан астамы жас кезінде түсік жасатқандар екен. Демек, статистика көрсетіп отырғандай, олардың бедеулікке тап болудың негізгі себебі – жасанды түсік. Осы мәселеге қатысты пікір білдірушілердің көпшілігі бұл сұмдықты мүлдем тоқтату керектігін айтады. Аталған проблеманы жою мақсатында бірнеше жыл бұрын «Отбасын жоспарлау» бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Оның аясында отбасы құрудан бастап, алдағы уақытта балалы болу мәселесiне қатысты кеңестер беріледі. Бірақ оның да нақты нәтижесін көре алмай келеміз. Өйткені жастар ондай орталықтарға көп бара бермейді, сондықтан бағдарлама жартылай қағаз жүзінде қалып отыр.

Жасанды түсіктен кейінгі синдром

«Медицинада «жасанды түсіктен кейінгі синдром» деген термин бар. Түсіктен соң көп әйелдер психологиялық күйзеліске ұшырайды. Оның соңы есірткіге, ішімдікке жол беруі мүмкін, тіпті өзіне өзі қол салуына да алып келеді. Сондықтан біз бұл жерде бір баладан арыламыз деп ананың да өміріне қауіп төндіреміз. Егер де осы жағдайларды ескеретін болсақ, онда біз жасанды түсікке тыйым салу мәселесін қарастыруымыз керек», – дейді ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» психолог маманы Мәдина Үсімбекова.

Бұған қарама-қарсы пікірлер де жоқ емес. Мысалы, ШҚО қоғамдық кеңестің өкілі Индира Кәкімова: «Егер де заң бойынша жасанды түсікке тыйым салынса заңсыз, жасырын түсік жасау етек алады. Бұл қазіргі елдегі әлеуметтік мәселелерді шешудің орнына, ушықтырып жібереді. Егер де абортқа заң жүзінде тыйым салынса, онда тастанды балалардың саны көбейеді. Сәйкесінше балалар үйінің саны артады. Болашақта елде жүгенсіз кеткен жасөспірімдердің қатары өсіп, әлеуметтік дау-жанжал пайда болады», – дейді. Бір қарағанда оны да жоққа шығаруға болмайды. Байқап отырғандарыңыздай пікір көп, қарама-қайшылық та жоқ емес. «Былай тартсақ өгіз өледі, былай тартсақ арба сынадының» кері келі тұр. Сонда не істеуіміз керек?

Алдында арнайы келтірген түрлі мамандардың ой-пікірлеріне қарасақ нақты бір шешім жоқ. Айтпақшы, телеарналардың біріне шағын ғана сұхбат берген саясаттанушы, қоғам қайраткері Дос Көшім «Жасанды түсік – қазақ үшін мүлдем жат түсінік» деп түйіндегенін естіп көрдік. Біздіңше, өзгелерге қарағанда Дос Көшім осы мәселенің тамырына тереңірек үңілген секілді. Біз де сол қырына көз жүгіртіп көрелікші.

Әр ұлттың өзінің қалыптасқан салт-дәстүрі, тәлім-тәрбиелік ұғымы бар. Оң жақта отырып, жүкті болған қызға деген қазақтың көзқарасын өздеріңіз де білесіздер. Сынға ұшырап, «отырса опақ, тұрса сопақ» дегендей ағайын-туыс, көрші-қолаң алдында «қарабетке» айналып шыға келеді. Сондықтан көп жасөспірімдер айтпай аборт жасатады, не үйден кетіп қалып, бала туып, оны тастап кетіп жатады. Бір ғана Алматыда тастанды балалардың 29 пайызының анасы 18-ге толмаған қыздар екені анықталған.

«Қызға қырық үйден тыйым» қажет

Қазақта «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұғым бар. Ол тек қана мәтел емес, ғасырлар бойығы бұлжымас ұлт ұстанымы болып келді. Ашығын айтсақ біз соны жоғалтып алдық. Бұрындар жастайынан жүкті болу өте сирек кездессе бүгіндер қалыпты жағдайға айналды. Бұған жас қыздарды кінәлай беруге болмайды. Бұның әлеуметтік, қоғамдық, керек десеңіз, саяси да астары бар. Капиталистік қоғамға кіргеннен бері біз материалдық байлыққа бой ұрып, ежелден келе жатқан рухани құндылықтарымызға қараудан қалдық. Қазіргі сәнге айналған тілмен айтсақ – ұлттық идеология дегенді ұмыта бастадық. Бұрындар анасы керек кеңестерді қызының құлағына өзі құйып отыратын. Қоғамда қыздың ашық-шашық жүруі болмайтын. Қазақ қызы – инабатты мінезімен көркем, үлкенді сыйлап алдын кесіп өтпейтін тәрбиесімен ерекшеленетін. Қазір мүлдем басқаша. Бүгін жастарды ата-анасы емес, шетелдік идеология тәрбиелеп жатыр. Телеарналар мен ғаламторлар арқылы белгілі бір бағыттағы идеологиялық теріс тәрбие жүргізіліп келеді. Шетел киноларындағы төсекте жалаңаш аунағандарды көрген жастар қандай тәрбие алмақшы? Оның үстіне біз мектептерде жастардың «жыныстық сауатын» ашу керек деп айқайға басудамыз. Ол туралы ашық әңгіме қозғаудың өзі – жастарды соған итермелеу болып табылады. Қазақта ол туралы ашық айтудың өзі ұятты нәрсе болған, ол тек ана мен қыздың арасындағы құпия әңгіме болып келген. Осыған қарағанда біз алдымен идеологиямызды жөндеп, ұлттық тәлім-тәрбиемізге қайта бет бұруымыз керек. Ол да енді оңайға түспесі белгілі, тым көп уақыт керек. Бірақ оң нәтиже беретіні анық, оған ата-бабаларымыздың ғасырлық тәжірибесі нақты дәлел бола алады.

Зейнолла АБАЖАН,

«Қазақ үні»

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*