Басты бет » Жаңалықтар » 10 жас ғалым тұрғын үй сертификатына ие болды

10 жас ғалым тұрғын үй сертификатына ие болды

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 10 жас ғалымға тұрғын үй сертификаттары табысталды. Бұл бастама ғылыми жастарды қолдауда және олардың кәсіби әрі жеке дамуына лайықты жағдай жасау жолындағы маңызды қадам болды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Сертификат иегерлерінің бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми қызметкері, Физика-техникалық ғылымдар институты «Талапкер» академиясының жетекшісі, доцент м.а., Айжан Ахметова.

Оның айтуынша, тұрғын үйге қол жеткізу – өмірдегі ең маңызды мәселелердің бірін шешу ғана емес, сонымен қатар жас ғалымдардың одан әрі табанды әрі нәтижелі еңбек етуіне зор ынталандыру. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолдау мен жастардың әлеуетіне деген сенім жаңа ғылыми жетістіктерге жігерлендіріп, отандық ғылымды дамытуға үлес қосуға деген ұмтылысты нығайта түседі.

Баспаналы болғандардың қатарында Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің Физика-техникалық ғылымдар институты «Техникалық физика» кафедрасының доцент міндетін атқарушы Темірұлан Әлібай бар. Жас зерттеуші 10 жылдан астам уақыт іргелі зерттеулерге арнап келеді.

Оның айтуынша, ғылыммен айналысу жай ғана зертханалық жұмыс емес: «Ғылым мен үшін тек қана зерттеулер жасап, мақала жазу емес. Бұл – еліміздің жарқын болашағына үлес қосу, жас буынға сапалы білім мен тәжірибені жеткізу жолындағы асыл міндет. Ал баспаналы болу – бұл тек пәтер емес, бұл мемлекеттің бізге деген үлкен сенімі мен ертеңге деген нық нысанасы».
Көптеген азаматтар үшін жеке пәтер маңызды өмірлік мақсат саналады, ал Astana IT University профессоры әрі Зияткерлік жүйелер мектебінің директоры Бауыржан Ильясов үшін бұл – қазіргі таңда Қазақстанда ғылымды дамыту лайықты әрі тұрақты өмірдің берік негізін қалыптастырып отырғанының айқын көрсеткіші.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда жас ғалымдар мен жалпы ғылыми қауымдастық үшін кең мүмкіндіктер жасалған. Ол ғылымды қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келе жатқанын, жас зерттеушілерге елеулі қолдау көрсетіліп отырғанын, сондай-ақ «Жас ғалым», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» сынды түрлі конкурстық бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бастамалар ғалымдарға өз ғылыми бағыттарын дамытуға жол ашады.
Сонымен қатар мемлекет тұрғын үй мәселесін де назардан тыс қалдырмайды. «Баспанаға ие болған бақытты жандардың қатарында мен және отбасым бар. Бұл үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деп атап өтті ғалым.