Астанада 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай колледж студенттерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Jastar janary елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Фото: Астана қаласы әкімдігінің сайтынан
Іс-шара жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттердің алдын алу, волонтерлік қозғалысты дамыту және жастардың экологиялық мәдениетін, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Кездесу барысында, алдымен колледж студенттеріне жол қозғалысы бойынша ережені сақтау жөнінде түсіндірме жүргізіліп, жазғы демалыста қауіпсіздік сақтау мен құқықбұзушылыққа жол бермеу туралы ескерту жасалды.
Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының профилактика және ведомствоаралық өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Әлия Қибатқызы «Жасөспірімдер арасындағы нашақорлық пен зиянды әдеттердің алдын алу» тақырыбында сөз сөйледі.
Спикер ерте профилактикалық жұмыстың маңыздылығына тоқталып, отбасы, мектеп және қоғамның рөлін атап өтті.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтері Даниялақмаль Салықов «Волонтерлік қызмет арқылы жастарды дамыту» тақырыбында баяндама жасап, волонтерлік бастамалар жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамытып, жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыратынын айтты.
Сонымен қатар, «Жер елшілері» жастар экологиялық қозғалысының жетекшісі Темірлан Мақұбаев экологиялық мәдениет пен республикалық «Таза Қазақстан» акциясы туралы баяндап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын түсіндірді.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

