Басты бет » Жаңалықтар » ҚИЫНДЫҚТА ШЫҢДАЛҒАН ТАҒДЫР

ҚИЫНДЫҚТА ШЫҢДАЛҒАН ТАҒДЫР

Ақбота ҚУАТЖАН

Үлкен атам бойындағы асыл қасиеттерді перзенттерінің санасына сіңіріп, оларды еңбекті қадірлеуге және Отанды шексіз сүюге баулыды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналықтың айқын мысалы – осы Сұлташевтар әулеті. Әке қанымен дарыған еңбекқорлық пен табандылық балаларының бойынан ерте көрінді. Ұлдары Бекен атам мен Мұрат атам механизатор мамандығының қыр-сырын жетік меңгеріп, совхоздың маңдайалды шоферларына айналды. Олар шаруашылықтың ең жауапты, ең қиын тұстарында қарапайым еңбек адамдары ретінде қара терге малшынған қауырт науқандарда алдыңғы шептен табылды. Қайда ауыр жұмыс болса, сонда Сұлташевтар жүретін. Совхоз басшылығы да кез келген күрделі істе ағайынды Сұлташевтардың кәсібилігі мен адалдығына үлкен үміт артып, сенім артқан. Олар да сол биік сенімнің үдесінен шығып, еселі еңбектерімен елдің шынайы құрметіне бөленді.

Мұның бәрі – Сұлташ атамның берген тәлімі мен өнегелі тәрбиесінің жемісі. «Тамыры терең мәуелі бәйтерек» десек, атам – сол бәйтеректің діңі, балалары – содан өнген құнарлы бұтақтар. Тамыры тереңге жайылған, жапырағы жайқалған бұл асыл әулеттің қалыптасу тарихы – адал еңбек пен тектіліктің көрінісі.

Бекежан (Бекен) Сұлташев атам 1927 жылдың 10 қаңтарында киелі Абай елінің Мұқыр ауылында дүние есігін ашқан. Оның балалық шағы мен есею жылдары тағдырдың ең ауыр сынақтарымен – ашаршылықтың зауалы мен соғыстың сұрапыл жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол бір қиын кезеңдер мен соғыстың суық лебі атамыздың бала жүрегіне ерте салмақ салып, оны ерте есейтті.

Атам білімге құштар болып, Семей қаласында агрономдық курсты тәмамдаған соң, Құндызды ауылында агроном маман ретінде алғашқы еңбек жолын бастады. Кейіннен тағдыр жолы оны Аягөз қаласына жетелеп, 1950-1959 жылдар аралығында теміржол саласында аға кондуктор болып абыройлы қызмет атқарды.

 1951 жылы Бижамал апаммен отау құрып, берекелі шаңырақтың негізін қалады. 1959 жылы атамекені – Бірлік ауылына оралып, 1989 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін табан аудармай жүргізуші болып еңбек етті. 1989 жылдан бастап «Еңбек ардагері» атанған атам, тоқсаныншы жылдардың тоқырау шағында да қол қусырып отырмай, 1996 жылы «Әзберген» шаруа қожалығын құрды. Бұл іске балаларын жұмылдырып, еңбекке баулу арқылы әулеттің экономикалық негізін бекітті.

Атам мен апам 61 жыл бойы сыйластық пен махаббаттың үлгісін көрсетіп, қол ұстасып бірге өмір сүрді. Осы жылдар ішінде он перзентті қанаттандырып, олардан өрбіген немере, жиендеріне тәлімді тәрбие берген ұлағатты ата-ана болды. Атамның кеудесінде жарқыраған көптеген орден-медальдар – оның тек бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің жүгін арқалаған нағыз еңбек адамы болғанының айқын дәлелі.

 Атам кейде өткеннің өзекті өртеген тұстарын тебірене еске алып: «Бізді сол бір нәубеттен аман алып қалған – нағашы атамның көрегендігі еді», – деп отыратын. Ел ішін аштық жайлайтынын алдын ала сезген сұңғыла жан бар малын босқа шығындамай, түгел сойып, отқа қақтап, сүрлеп, жер астына көміп сақтапты. Сұрапыл заман орнап, қиын-қыстау күн туғанда, сол көмбе ырысқа айналып, талай жанды ажал құшағынан арашалап қалған. «Сол ас болмаса, біздің де тағдырымыз не болары бір Аллаға ғана аян еді», – деп атам өткен күннің қасіретін ауыр күрсініспен еске алатын.

Ал соғыс жылдары – балалық шақтың балдәуренін ұрлап, орнына мұң мен жауапкершілікті ұялатқан бөлек бір дәуір. Апамның айтуынша, ол күндер еркеліктің емес, еңбек пен сағыныштың күндері болған. «Анамыз таң атқаннан күн батқанға дейін қара жұмыста болса, біз ес білмей жатып егінжайдан масақ теріп, қолғабыс ететінбіз», – дейтін апам. Ол кезде алты-жеті жастағы балалардың өзі «қара қағаздың» қасіретін ұғып, жүрегімен сезінетін. Ауылға суық хабар жетсе, бүкіл ауыл демін ішіне тартып, тына қалатын. Кешкісін жұрт қаралы үйге жиналып, қайғыны бірге бөлісіп, бірі жұбатып, бірі ас-суын әзірлеп, жұдырықтай жұмыла кететін.

Сол кездегі балалардың тәрбиесі мен зеректігі де ерекше еді. Далада ойнап жүрген бүлдіршіндерге ауыл аналары: «Әй, қазір шешең жұмыстан шаршап келеді, шайыңды қайнат!» – деп ескертсе болды, кішкентай бала үйге тұра жүгіріп, самаурын қойып, анасын күтіп отыратын. Балалық шағы ерте үзілген сол ұрпақ тұрмыстың тауқыметін көріп, қиындыққа мойымайтын қайсар болып өсті. Апам да жастайынан еңбекке пісіп, төзім мен жауапкершілікті серік етіп, өмірдің қатал сабағын ерте ұққан жан болып қалыптасты.

Апамның нағашы жұрты да сол бір тауқыметті кезеңде үлкен демеу болды. Нағашы ағасы Аягөздегі редакцияда қызмет етіп, ауылға анда-санда сәлемдеме жіберіп тұрады екен. Жоқшылықтың зардабы әбден меңдеген сол шақта, посылкадан шыққан бір түйір сарымсақтың өзі зор қуаныш сыйлайтын. Тіпті, оны жеуге қимай, тоқшылықтың нышанындай көріп, иіскеп-иіскеп қайта салып қоятын күндер де болыпты. Сол бір ащы иістің өзі үміт отын жаққандай әсер беретін. Ал апамның нағашысы бір келгенінде, апайын қуантпақ болып, қағаздан ою ойып, терезе мен қабырғаны сәндеп қояды екен. Жұмыстан қажып келген анасы мұны көргенде: «Ой, бауырым, құлыным келген екен ғой!» – деп, көңілі жадырап, жанарына жас алып, ерекше елжірейді екен.

 Сол бір ауыр жылдар тек жоқшылықтың емес, мейірім мен бауырмалдықтың, шексіз сабыр мен төзімнің нағыз мектебі еді. Қиындық қанша қыспаққа алса да, адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы мен жанашырлығы олардың ең басты тірегі болып қала берді.

Атам мен апамның тағдырлары Аягөз қаласында тоғысты. Атам ол кезде теміржолда аға кондуктор болып қызмет атқарса, апам нағашысының жанында, газет редакциясында әріп теруші болып еңбек ететін. Екеуі осы жерде танысып, отау құруға бел байлайды.

Атамның жастық шағынан сыр шертетін мына бір оқиға оның қайсарлығы мен табандылығын аңғартқандай. Үйленер алдында үлкен атамыздан қалыңдыққа апару үшін бір сиыр (өгізше) алыпты. Ешкімге салмақ салмайын деп, сол малды мүйізінен арқандап, Бірлік ауылынан Аягөзге дейінгі ұзақ та ауыр жолды жалғыз өзі жаяу жетектеп жүріп өткен екен. Кейіннен үлкен атамыз осы сәтті жылы жымиып еске алып: «Шіркін, өмір-ай десеңші! Бекен үйленемін деп, сол малды жалғыз өзі жаяу сүйреп Аягөзге дейін жеткізген еді-ау…» – деп атамның еңбекқорлығы мен мақсатына беріктігін жыр қып айтады екен. Бұл оқиға – біз үшін атамның мінезінің қайсарлығын көрсететін керемет мысал.

Шаңырақ құрғаннан кейінгі алғашқы екі жылда атам мен апам немере ағасы Бөкенбайдың отбасында тұрып, солардың ыстық ықыласына бөленді. Ол заманда жеке шығып, бөлек түтін түтету – үлкен жауапкершілікті қажет ететін, оңайға түспейтін іс еді. Десе де, атам мен апам еш қиындыққа мойымай, өз еңбегімен жеке шаңырақ көтеруді мақсат етті.

Апам сол бір күндерді: «Аягөзде біреудің қабырғасын сұрап алдық», – деп еске алатын. Ол кездің дәстүрі бойынша, көршінің немесе ағайынның үйінің дайын тұрған бір қабырғасына тіреп, қалған үш қабырғаны тұрғызып, баспана жасап алуға болатын еді. Осылайша, өз күштерімен үш қабырғаны қалап, мұржасынан түтіні түзу ұшқан өз үйлеріне қол жеткізді.

Бөлек шығып, өз алдына отау болған сәтте Бибігүл тәте (Бөкенбай атаның бәйбішесі) апама бір қазан мен айнаны ырымдап сыйға тартты. Бұл – жай ғана тұрмыстық бұйымдар емес, жаңа шаңырақтың берекелі және көрікті болуына деген ізгі ниет еді. Сол айнаны апам ұзақ жылдар бойы қастерлеп сақтады. Ал қара қазанды Әлия (кенже келін) жеңгеміз бүгінге дейін отбасының киесіндей қадірлеп, ұстап келеді. Осы бір қарапайым сыйлықтардың артында туыстық махаббаттың, үзілмес сыйластық пен келешек ұрпаққа деген шексіз қамқорлықтың өшпес ізі сайрап жатыр.

Уақыт өте келе атам мен апам: «Өз шаңырағымызды биіктетеміз» деген мақсатпен жаңа үй салуға кіріседі. Атам күнұзын теміржолдың ауыр жұмысында болса да, кешкісін шаршағанына қарамай, білек сыбана сабан араластырып, кірпіш құюға кірісетін. Болашақ баспаналарының әр кірпішін апам екеуі маңдай терлерімен, өз қолдарымен дайындады.

Алайда тағдырдың сынағы ма, бір түнде нөсерлете жауған жаңбыр апталап төккен еңбектің заясын шығарды: жаңадан құйылған сабан кірпіштерді су ағызып кетті. Таңертеңгі көрініс екеуінің де ұнжырғасын түсіріп, көңілдерін құлазытты. Бірақ «бір есік жабылса, бір есік ашылады» дегендей, біраз уақыттан кейін атам қуанышты хабармен оралды. Бір жақсы адам: «Үйімді бөліп төлеп ал, қинамаймын», – деп ұсыныс жасапты. Жүрексіне барып алған сол үй Аягөздің ең алды баспаналарының бірі болып шықты – едені қып-қызыл бояумен боялған, жинақы да шуақты үй екен. Апам: «Құдай төккен терімізді көріп, еңбегімізді осылай қайтарды», – деп сол күндердің берекесін үнемі айтып отыратын.

Атамның теміржолдағы қажырлы еңбегі ескерусіз қалмай, суреті Құрмет тақтасына ілінді. Десе де, туған жердің тартуы күшті еді. Мұрат ағаның: «Ауыл жақсарды, әкем қайтыңдар деп жатыр», – деген хаты атамды терең ойға қалдырды. Ақыры, туған елге оралуға бел буып, үйді сату туралы шешім қабылдады. Қайша апам қуана жүгіріп, терезеге «Үй сатылады» деген хабарландыру жапсырған сәт – әулет тарихындағы үлкен бетбұрыстың басы еді.

Көп өтпей-ақ сол әсем үйді бір шешен кісі сатып алды. Апам кейде сол жайлы баспананы, Аягөздегі жақсы тұрмысты еске алғанда: «Босқа саттық па екен…» – деп аздап өкініш білдіріп те қоятын. Бірақ бұл қадам – оларды туған топырағына, Бірлік ауылындағы жаңа белестерге жетелеген тағдыр жолы еді.

Апамның еңбек жолы Аягөздегі баспаханада қаріп терушіліктен басталса, атам теміржолдың ауыр жұмысына жегіліп, өз болашағын өз қолымен қалады. Бұл – қос тағдырдың еңбек пен төзім арқылы тоғысқан белесі еді.

Мұрат ағаның: «Әкем қайтсын деп жатыр», – деген хаты ағайынның сағынышы ғана емес, Сұлташ атамның әулетті бір арнаға тоғыстырмақ болған көрегендігі еді. «Жат жерде жат бауыр болғанша, туған жерде тұлпар бол» дегені шығар, бәлкім. Осы шақыртудан соң олар ауылға оралып, берекесі тасыған үлкен қара шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешті.

Сол бір еңселі қара шаңырақты атам мен Мұрат аға тастақ жердің қиындығына қарамай, лайын аяқпен таптап жүріп, өз қолдарымен көтерді. Апам мен Қайша апам да ауыр кірпіштерді қажымай тасып, әр қабырғаның қалануына жан жылуын қосты. 1957 жылы іргесі қаланған бұл баспана жетпіс жылға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін мүжілмей, алғашқы айбынды қалпын сақтап тұр. Бұл – тек үй емес, табандылық пен маңдай тердің айқын көрінісі.

 

Уақыт өте келе балалар ер жетіп, қанаттанған шақта Сұлташ атамның даналығы тағы бір қырынан көрінді.

«Екеуің бір үйде тұрып жатырсыңдар, балалар өскен сайын, мінез де өседі. Ертең бір-біріңе деген сыйластыққа сызат түспесін. Әрқайсың бөлек отау болып, өз түтіндеріңді түзу ұшырыңдар», – деген баталы сөзімен Мұрат атамды жеке шаңырақ иесі етіп шығарды, ал осыған дейін өз қолдарымен қалаған қара шаңырақта менің атам тұрады. Үйлерін бөлек қылып, дербес тіршілікке баулығанымен, екі атамның жүректерін бірлікке байлап кетті.

Осылайша, атадан қалған асыл өнеге мен еңбекке деген адалдық біздің әулетіміздің өшпес мұрасына айналды.

Кейіннен Гүлнаш апайым апамнан: «Аягөздей қаладан ауылға көшіп келгеніңізге өкінбейсіз бе?» – деп сұрағанда, апам өткен күнге ризашылықпен көз тастап: «Жоқ, шырағым, бұл топырақта да жаман болған жоқпыз. Осы жерде тамырымызды тереңге жайдық, өсіп-өндік. Он баланы аяқтандырып, осы ауылда жеткіздік, соған мың шүкір», – деп жауап беріпті. Бұл – апамның тағдырына деген шынайы ризашылығы еді. Осылайша, ата-баба аманатына адал болған атам, Мұрат атамыз бен Қайша апам іргелес қоныс теуіп, бір-біріне сүйеу болды. Олардан өрбіген ұрпақ та бірін-бірі жатсынбай, ұйым-бірлігі жарасқан үлкен отбасы болып өсті.

Аягөзде өткен сол бір берекелі жылдар – атам мен апамның ғұмырнамасындағы алтын парақтар іспетті. Екі-ақ бөлмелі қарапайым баспана болса да, атам мен апамның пейілінің кеңдігі сол тар кеңістікті кең дүниеге айналдырды. Ол шаңырақта Мақан аға, Ғылымбек ата, Қайша апа мен Сәкен тәтелердің бәрі бірге тұрып, бір қазаннан ас ішті. Бір бөлмеде шәй үстінде қызған әңгіме-дүкен айтылса, екінші бөлме түнгі тыныштықтың бесігі болатын. Бірақ ешкімге тарлық сезілген емес: бәрі сыйласып, бәрі сыйыса білді. Кейде базардан қойдың басын сатып әкеліп, соны барлығы бірге отырып мүжудің өзі бауырмалдықтың нышаны еді. Барын бөлісіп жеу – сол үйдің бұлжымас заңы болатын.

Ғылымбек атамыз да сол үйдің өз баласындай болып кетті. Уақыт өте келе, ауылға ат басын бұрған сайын: «Жеңгешеммен бір шәй ішіп, әңгімелесіп қайтайын» деп, атамның шаңырағына арнайы соғып кететін. Ол жылдар таршылықтың емес, кең пейілдің, жоқшылықтың емес, жұдырықтай жұмылған бірліктің кезі болды. Сол адамдардың жүрегіндегі жылу – замана зауалынан қорғайтын ең үлкен қамал болатын.

Атамның бүкіл ғұмыры тынымсыз еңбек пен адал тердің иісі аңқыған өмір еді. Совхоздың қауырт жұмысы оны таңғы сағат үште оятып, қараңғыда жолға шығаратын. Жаздың аптап ыстығы көтерілмей тұрып, шөптің сонысын жинап үлгеру үшін жанын салатын. Қапырық күн астында белі бүгіліп, шөптің салмағы иығына батса да, ешқашан «шаршадым» демеген. Түс ауа үйге әрең жетіп, асын ішер-ішпестен қисая кетіп, қайтадан таңғы сағат үште қайта жұмысын бастайтын. Бұл бала-шағасының болашағы мен елінің ертеңі үшін жасалған нағыз маңдай тердің өтеуі еді.

Үй ішіндегі тіршіліктің бүкіл тауқыметі апамның иығында болды. Кейде үйде ет таусылғанда, атам фермадан бір қой әкеліп беретін. Бірақ таңғы қарбаласпен союға уақыты жетпей, тек бауыздап үлгеріп, жұмысқа асығатын. Қалған шаруа – апамның мойнында. Ол кісі жалғыз өзі қойдың терісін сыпырып, жанындағы балаларға сирағын ұстатып қойып, бүкіл істі жалғыз өзі дөңгелететін. Пешке от жағып, бас-сирақты үйітіп, етті мүшелеп қазанға салғанша тыным таппайтын. Атам жұмыстан оралғанда, үй іші буы бұрқыраған дәмді астың иісіне толып тұрады.

Осы бір күйбең тіршіліктің өзі – үлкен тәрбие мектебі. Апам қой сойып жатып: «Әйел баласына мал бауыздауға болмайды», – деп, кішкентай болса да ұлдарының қолына пышақ ұстатып, «мына жерін кесіп жібер» деп баулитын. Балаларын еңбекке де, жауапкершілікке де осылай ерте араластырды.

Апамның қолынан келмейтіні жоқ: ас-су ғана емес, қажет болса үйдің құрылысын да бастап, кірпіш қалап, пеш тұрғызудан да тайсалмаған. Оның бойындағы қайсарлық пен төзім – бүкіл әулеттің мызғымас тірегіндей көрінетін.

Бірде Гүлнаш апайым: «Мама, бізді қалай өсірдіңіз?» – деп сұрағанда, апам езу тартып: «Сендер біріңді бірің жетеледіңдер, біріңді бірің өсірдіңдер, маған еш ауырлығың түскен жоқ», – деп жауап беріпті. Бұл сөздің астарында – таудай ауыртпалықты білдірмей көтерген аналық сабыр мен бар мейірімін баласына ғана арнаған кең жүрек жатқан еді.

Ал атам шөптен шаршап келгенде, алдынан балалары жамырай жүгіріп шығатын. Бірі қолына, бірі аяғына су құйып, күнге тотыққан жүзін салқын сумен шайғанда, маңдайындағы қажығаны сәл де болса сейілетіндей. Сондай сәттерде ол кісі мейірлене қарап: «Бақытты бол, балам!» – деп ақ батасын аямайтын. Сол қарапайым ғана сәттерде әкенің шексіз мейірімі мен еңбектің қадірі, батаның киесі мен қасиеті ұштасып жататын.

Апамның ең асыл қасиеті – отағасын ерекше ардақтап, жарын қадірлей білуі еді. Оның бүкіл болмысы мен күнделікті тіршілігі атамды сыйлаудың төңірегінде өрбитін. Атам шөп басында жүргенде шөлін бассын деп арнайы бие байлап, қымыз баптайтын. Апам қымызды атам келер уақытқа дәлдеп, ыдыстың ернеуінен асыра толтырып дайындап қоятын. Өздері татпаса да, атамның несібесін міндетті түрде бөлек сақтады.

Шөптен қайтқанша ұзақ жолда талай шайқалып, бетіне сары майы шығып пісілген қымыздың дәмі мен иісі бөлек еді. Үйге келіп, қоржынын түсіріп, ыдыстың бетін ашқанда, мұрын жаратын хош иіс айналаны алып кететін. Сонда атам риза кейіппен:

– Ойбай-ау, мынау андағы мың шақырым жолда шайқалып, әбден бабына келіп, тіпті жақсы пісіпті ғой! – деп сүйсіне ішетін.

Апам атамның жол азығын да ерекше ұқыптылықпен әзірлейтін. «Мынаны жолға саласыңдар» деп етін турап, жұмыртқасын асып, тіпті оның тұзын да бөлек орап, кесесіне дейін жуып-тазалап дайындап қоятын. Осындай ұсақ-түйек көрінгенімен, астарында үлкен мейірім мен құрмет жатқан бұл істер – екі жанның арасындағы мызғымас сыйластықтың айғағы деп түсінемін.

Апам – пейілі кең, қолы ашық, өте ширақ жан болатын. Дастарқаны әрдайым берекелі, үйі айнадай тап-таза еді. Ол – еңбекті өмірінің өзегіне айналдырған нағыз тіршіліктің иесі. «Балаларым дәмді ас ішсін» деген аналық тілекпен он баланы асырау үшін бар күшін салды. Тұтас бір шелек қамырды илеп, содан лағман созатын ерлігін айтсаңшы! Эмаль тегенеге толтыра иленген қамырды жіп-жіңішке етіп созып, әр талын мейіріммен өргендей дөңгелеткенде, апамның шеберлігіне еріксіз тәнті болатынсың.

Ошақ басы – апамның өз патшалығы, өз әлемі. Таңсәріден шелпегі мен бауырсағының иісі бүкіл үйді шарпып, балаларын тәтті дәммен оятып, әр тағамынан аналық жылу, әр дәмінде шексіз мейірім сезілетін. Маңдай терін төгіп, барын баласына ұсынған апам ешқашан еңбектен жалықпайтын.

Атам мен апамның шаңырағы – құт қонған, қонақ үзілмейтін берекелі үй болды. Төріне озған жан өзін бөтен емес, өз үйінде жүргендей сезінетін. Ақман аға мен жұбайы Ждановтан ат терлетіп арнайы келсе, Билетбай ағалар да ат басын осы үйге бұрып, ақ дастарқан басында ұзақ әңгіме-дүкен құратын.

Апам бауырларына да өте қамқор еді. Өз ағасы Сыбанғалиды ерекше қадірлеп, жеңгесі Сақибамен туған апасындай араласты. Жеңгесімен егіздей жарасып, құрақ көрпелерін қатар құрап отырып, ұзақ сырласатын. Сол құрақтың әр қиығындай тізбектелген тәтті естеліктер де сол сәттерде өріліп жататын.

Жаз шыға ауыл тіршілігі тіпті жанданады. Апам екі бие сауатын. Биені алғаш байлаған күні ежелгі «бие байлау» дәстүрі жасалады. Ол кездің адамдарының көңілі кең, пейілі ақ еді – арада ешқандай қоршау да, бөгде бөліну де жоқ, бүкіл ауыл бір үйдің баласындай етене араласатын.

Апам балаларын шақырып алып:

– Барыңдар, көршілерді шақырыңдар! Бүгін бие байлаймыз, – деп жұмсайтын.

Балалар қуана жүгіріп, хабар тарататын. Бибігүл апа мен Күлбибі апа бастаған көршілер өз үйлерінен бір-бір тәрелке құрт-кәмпитін алып жетіп келеді. Ал апам буы бұрқыраған бауырсағын үйіп, дастарқанын әзірлейді. Далада биелердің маңында дөңгелене жайылған жер үстелге әркім өз дәмін қойып, ортақ береке басталатын. Қымыз құйылған сабалар мен тегенелер ортаға келіп, үлкендер әңгіме тиегін ағытса, бала-шаға асыр салып, мәз-мейрам болып ойынға кіріседі. Ауылдың сол бір қарапайым, бірақ шынайы жылулығы бәріне шуақ сыйлайтын.

Кешкілік қымыз пісудің де өзіндік жауапкершілігі мен салтанаты болатын. Апам:

– Ертең үлкен аталарың келеді. Қымыздың бабы келісуі үшін жүз рет пісіңдер, – деп балаларды еңбекке жұмылдырып қоятын.

Ертеңінде таңсәріден үлкен атам келіп, бабымен пісілген сусынды ішіп отырып:

– Мына қымызды кім піскен? Бетіне майы қалқып, дәмі тіл үйіреді ғой! Нағыз қымыз деген осы! – деп дән риза болып, ақ батасын беретін. Үлкен атам әдетте Ертуған ағаны (немересі) ертіп, алдымен Қайша апаның, сосын Мұрат атаның үйіне соғып, ең соңында біздің шаңыраққа келетін. Әр үйде әңгіме айтып, ағайынның амандығын біліп, көңілді күймен бата беріп жүретін қадірлі ақсақал еді.

Ол кезде дастарқаннан кісі, төрден қонақ үзілмейтін. Үйдің іші әрдайым жайлы, дастарқан жаюлы тұратын. Көрші-қолаң, ағайын-туыс келіп, тегене-тегене қымыз ішіп, еркін көсіліп әңгімелесетін. Мұның бәрі – үлкен қажыр мен еңбекті қажет етсе де, ешкімге ауыр жүк болмады. Себебі үлкендер балаларды құрғақ сөзбен емес, өз істерімен тәрбиеледі. «Еңбек ет» деп ақыл айтқаннан гөрі, маңдай тердің жемісін көрсетіп, қадірін ұғындырды. Сол заманның берекесі де, тәрбиесі де осы бір қарапайым тіршіліктің ішінде еді.

Апамның үйі – бірлік пен мейірімнің алтын ордасы. Аягөзде тұрған жылдары олардың қолында атамның қарындасы Сәкен апа тәрбиеленіп өсті. Таршылық пен жоқшылық белең алған сол бір қиын кезеңде де атам мен апам ағайынның абыройын бәрінен биік қойып, Сәкен апаны өз қолдарынан ұзатты. Қолда барды қанағат тұтып, барын базарға салғандай әзірлік жасап, басына аппақ қос төсек әперіп, ыдыс-аяғын түгендеп, ақ батамен шығарып салды.

Атам депода бірге істеген Билетбай ағаның жайсаңдығы мен адамгершілігін көріп, қарындасымен өзі таныстырып, екі жастың басын қосқан екен. Оларды бөлек отау етіп шығару – жоқшылыққа мойымаған кең пейіл мен ағайынға деген шынайы жауапкершіліктің үлгісі деп білемін.

Апамның жүрегі – дариядай кең, қолы берекелі, жомарт еді. Қолында барын ешкімнен аямайтын, сұрағанға да, сұрамағанға да үлестіре беріп, өзі жымиып: «Осы беріп жатсам да, қара қазаным ортайған емес. Алла өзі толтырып қояды», – дейтін. Осы бір ауыз сөздің өзінде таусылмас шүкіршілік пен жомарттықтың мәні жатыр.

Оның қолынан шыққан дүниелер де ерекше, көз майын тауысып, әр қызына арнап сызылған сырмақтарының оюына аналық мейірімін қоса өрнектейтін. Олар – ана алақанының жылуын сақтаған баға жетпес қазына.

Кешкілік балаларын маңына жинап алып, ертегі айтатын сәттері – бір бөлек ғажайып әлем. Әр сөзімен қиялға қанат бітіріп, балалық жүректерді әлдилеп, ертегілер еліне жетелейтін. Ертегі аяқталып, апам орнынан тұра бергенде, Айтқали ағам: «Біз де ертең балаларымызға айтамыз ғой, тағы біреуін айтып берші», – деп қиыла өтінеді екен. Сонда апам күліп, қайта жайғасып, тағы бір қиссаны бастайтын. Сол сәттерде уақыт тоқтап қалғандай, тек мейірім мен жылулық қана тіл қатып тұрғандай.

Апам кейде балалардың зейінін ашу үшін жұмбақ та жасыратын:

«Төрде төртеу – төремін деп отыр,

Есікте екеу – өлемін деп отыр.

Тауып көріңдер…» – дейтін.

Балалар аң-таң болып ойланып жатқанда, өзі ақырын жымиып: төрдегі төртеу – төсектің төрт аяғы, ал есіктегі екеу – есіктің екі топсасы екенін түсіндіріп береді. Осындай қарапайым сәттерден апамның даналығы мен тәлім-тәрбиесі көруге болады.

Атам өмір бойы жүрегінің тереңінде бір өкінішті сақтап өтті. Аягөзге алғаш жұмысқа тұрып, ең алғашқы айлығын қолына алғанда, балалық көңілмен анасына қуантқысы келеді. Бар тапқанына шай мен мата (бұл) алып, ауылға сәлемдеме жібереді. Ол кезде Аягөз бен ауыл арасындағы қатынас тым қиын, екі ортаны тек өгіз арба ғана жалғап тұрған ауыр кезеңнің уақыты.

Алайда тағдырдың жазуы басқаша болды. Атам ақ ниетпен сәлемдеме жіберген тұста, анасы науқастанып жатқан екен. Перзенттік қуанышпен жолданған сол базарлық анасы дүниеден озғанда, жетісіне қарай әзер жетеді. Көңілдегі ақ арман қасіретке айналып, атамның өзегін өкініш өрті шарпиды…

«Жарық дүниенің рахатын көрмеген қайран анам-ай… Тіпті, электрдің сәулесін де көрмей, шамның жарығымен өмір сүріп, сол сығырайған жарықпен кете барды-ау…» – деп атам көзіне жас алатын. «Тіпті, бір кәртішкесі де (суреті) қалмады…» деп сағынышын ішіне бүгіп, мұңайып отырушы еді. Бұл сөздерде тек өкініш емес, орындалмай қалған перзенттік парыздың ауыр салмағы сезіледі. Анасының басына белгі қойып, қатым түсірсем деген арманына заманның тар шеңбері мен совхоздың таусылмас жұмысы мұрша бермеді. Уақыт сырғып, атамның өз әл-дәрмені азайғанда, сол бір тілек жүрек түкпірінде үнсіз мұң болып қала берді.

Алайда ізгі ниет ешқашан жоғалмайды. Атамның жүрегіндегі сол арман-аманатты кейін Ахат ағам жалғап, игі іске ұластырды. Әжесінің басын қарайтып, сауапты істің бастамашысы болды. Осылайша, атамның орындалмай кеткен асыл арманы жүзеге асып, ана рухына деген құрмет лайықты жалғасын тапты.

21-сурет

 

22-сурет

 

 

 

 

Атам өткен күндерді еске алғанда:

«Полигонды атып жатқанда, біз оның дәл қасында шөп тасып жүретінбіз. Сол сәттерді ойласам, таңғаламын: менің осы жасқа жетуім – әуелі Алланың мейірімі, екіншіден – апаларыңның қажырлы еңбегі, үшіншісі екі биемнің сүтінен деп білемін. Әйтпесе, менің қатарларым, қаншама атпал азаматтар ерте кетті, мен олардан әулие емеспін ғой», – деп айтып отыратын. Бұл сөздерімен атам отбасының қамқорлығы мен табиғаттың берген сыйына деген шексіз ризашылығын бізге білдіргісі келді деп ойлаймын.

Атам кейде өзі атқарған істеріне іштей риза болып: «Біздің Суықбұлақ – жайлаудың төресі. Оны келешек ұрпақ үшін өзім алып беріп кеттім», – деп мақтанышпен еске алатын. Расында да, Суықбұлақтың жасыл желегі мен мөлдір бұлақтары – атам үшін жай ғана қоныс емес, оның туған жерге деген шексіз махаббаты мен қажырлы еңбегінің айнымас символы.

Атамның өмірлік ұстанымы еңбек пен білімнің үйлесімі болғанының дәлелі – қолы сәл босаса, уақытын кітап оқумен өткізетіндігі. Демалыс күндері ауыл кітапханасына барып, 10–15 кітапты қатар арқалап келетін. Ол кісі тек оқырман ғана емес, білім көкжиегін үнемі кеңейтіп отырған ізденімпаз жан еді. Шахмат тақтасында ой қозғап, қиялын шыңдауды да жаны сүйетін.

Өмірдің әр сәтін мәнді өткізуге тырысатын атам жыл сайын Барлықарасанға барып, ем-дом қабылдап, тәнін де, жанын да сергітіп қайтатын. Саяхатқа деген құштарлығы да ерекше еді. Апам екеуі Қырғызстанның асқар таулары мен Қара теңіздің жағалауын аралап, жаңа әсерлерге бөленетін. Аягөзде депода істегендіктен, теміржолмен тегін саяхаттау мүмкіндігін мүлт жібермейтін. Содан естелік ретінде Фрунзеден әкелген шағын сандығы мен қырғыз кілемшелері әлі күнге дейін үйдің төрінде апамның көзіндей, сол бір бақытты шақтардың дәлеліндей сақтаулы тұр.

Атамның мейірімі тек адамдарға емес, айналасындағы төрт түлік мал мен үйінің итіне де жететін. Тіпті, жануарлардың өзі оның жылуын жазбай танитын. Жайлауда, кешқұрым қазақ үй іші қоңыр салқын тыныштыққа бөленіп отырғанда, үш-төрт қырдың ар жағынан машинаның бәсең дүрілі естіле бастаса-ақ, итіміз елең ете қалатын. Құлағын түріп, бір сәт тың тыңдайтын да, арсалаңдап тауға қарай жүгіре жөнелетін.

Сонда үлкендер:

– Бекен келе жатыр, әйтпесе ит бұлай жүгірмейді, – деп отырады екен. Расында да, ит тек атамның машинасының үнін мыңдаған дыбыстың ішінен ажыратып, иесінің келе жатқанын алдын ала сүйіншілейтін. Атам иттерін де, малдарын да баласындай көріп, еміреніп, еркелетіп жүретін. Ол үшін олар жай ғана мал емес, шаңырақтың бір мүшесіндей еді. Сол мейірімнің қайтарымы болар, тілсіз жануарлар да оны сағына тосып, алдынан шығатын.

Атам мен апам – бір шаңырақтың құламас қос діңгегі іспетті еді. Атам сыртта жүріп, отбасының қамы үшін маңдай терін төгіп, тіршіліктің нәпақасын тауып әкелсе, апам сол табыстың берекесін кіргізіп, он баланың басын құрап, үйдің ырысын еселеді. Біз үшін олардың өмірі – жарасым мен тепе-теңдіктің нағыз үлгісі. Атам – шаңырақтың айбынды тірегі, сырттан келетін дауылдан қорғайтын асқар тауы болса, апам – сол үйдің жылуы мен шуағы, ішкі бірлік пен татулықтың ұйытқысы еді. Бірі – сыртқы әлемнен несібе жинап, әулеттің мерейін өсірсе, екіншісі – сол несібені ұқсатып, он перзентті мейіріммен аялап, түтіні түзу ұшқан шуақты ошаққа айналдыра білді.

Дәл осы қос жүректің үндестігі мен бір мақсатқа тоғысқан ерен еңбегінің арқасында бір әулеттің іргесі бекіп, шаңырағы күн сайын биіктей түсті. Олардың арасындағы үнсіз түсіністік пен адал сыйластық – бүгінгі ұрпақтың бой түзейтін басты өнегесі, мәңгілік рухани мұрасы болып қала бермек.