Басты бет » Біз де студент болғанбыз » Дариға Мұштанова, ақын: «Кітапханаға кіру үшін таңғы 8-ден кезекке тұратынбыз»

Дариға Мұштанова, ақын: «Кітапханаға кіру үшін таңғы 8-ден кезекке тұратынбыз»

 

 «Біз де студент болғанбыз» айдарында аға ұрпақ өкілдері жастық шақтағы естеліктерімен бөлісіп, студенттік жылдардың қызығы мен қимас кезеңдері жайлы сыр шертіп, әңгіме өрбітеді. Мақсат – елге тұтқа боп басшылық қызметтерде, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген аға-апаларымыздың өнегелі өмірі мен жеткен жетістіктерін жастарға үлгі ету.

Ендеше, айдарымыздың қонағы – белгілі ақын, кезінде айтыс өнерінде өзіндік ізін қалдырған елге танымал айтыскер ақын Дариға Мұштанова.

дарига апай1


– Мінекей, тағы бір оқу жылы аяқталды. Енді келесі жылында мектеп қабырғаларына оқушылар, сонымен қатар көптеген жоғарғы оқу орындарына студенттер жаңадан қосылады. Осы орайда сіз өзіңіздің студенттік шағыңызға бір саяхат жасап, сол қайталанбас кезіңізден жадыңызда сақталып қалған естеліктермен бөліссеңіз. Қайда оқыдыңыз? Жалпы, Дариға Мұштанова қандай студент болды?

– 1972 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына түсіп, 1977 жылы бітіріп шықтым. Мен әсершіл, білімге құштар студент болдым. Н. Крупская атындағы кітапханадан шықпайтын едік. Ол уақытта білімге құштарлық деген ғажап, таңертеңгі сағат 8-де кітапханаға кезекке тұрып кіретінбіз. Түскі уақытта түстенуге шықсақ орнымызға басқалары келіп отырып алады деп нанымыз бен майымызды бірге алып келіп тамағымызды ішіп, кітапхана жабылғанға дейін керек мәліметтің бәрін алып шығатынбыз. Қазіргі Достық, сол кездегі Ленин даңғылының бойында «Қазақ шайы» дейтін асхана болған. Сол сағат 4-те шегіміз шұрыдап кітапханадан шығып, сол асханадан ыстық шаймен, бәлішпен тамақ ішетінбіз.

Дарига апай 

– Шәкірті биіктен көрініп, белгілі бір дәрежеге жетсе ол – ұстаздың еңбегі. Өзіңіздің үлгі тұтатын ұстаздарыңыз туралы айта кетсеңіз…

– Тілдің сырына үңілген Шәнда апайдың қазақ тілін беруі, талап етуі, Сәрсен ағайдың көңілдің көкжиегін кеңге тартатыны, оқу бағдарламасымен ғана емес, М. Әуезовтермен дәмдес болғаны, сырласқаны, әңгімелескені, сол уақытта айтуға болмайтын әңгімелерді айтқаны, әрине біз үшін айтарлықтай үлгі болды. Мәтжан ағаның қазақтың дәстүріне, өнеріне, тіліне көзсіз берілгені, ессіз ғашық фанат адам екеніне біз таң қалатынбыз. Меруерт апайдың грамматикасынан шыңдалдым. Сондай керемет тұлғалы ұстаздардан тек қана дәріс емес, сол кісілердің биіктігінен, деңгейінен үлгі, тәлім-тәрбие алдым.

– Студент кезіңізде қандай ақындардың шығармаларын сүйсіне оқыдыңыз? Есіңізге түсіріп көріңізші?

– Біздің ол кезде есімізге тоқығанымыз Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгерееваның кітаптары ғой. Ақындармен кездесуге үнемі қалмай баратынбыз. Күллі қазақ елінің оқитын Т. Айбергенов, М. Мақатаев өлеңдерін біздер де жастығымыздың астына жастанып жүріп оқыдық. Біздің кезімізде М. Әуезов атындағы Қазақ театры айлап бізге гострольдік сапармен келетін. Солардың қойылымдарына баратынбыз. Актерларды көріп, содан деңгейіміз өсетін. Сосын Ескендір Хасанғалиев ағамыз келіп концерт қойғанда тайлы-тұяғымыз қалмай баратынбыз. Олар университетке келіп кездесулер жасайды. Жалпы Орал қаласына келген әнші, актерлар біздің университетке келіп үнемі кездесулер жасайтын. Біз үшін бұл әрине, ертегі сияқты. Біздің ұрпақ керемет әсершіл, талпынғыш, ұмтылғыш болдық. Қазіргі жастарды елең еткізу қиын андай-мындайға таң қалмайды.

– Студент кезіңіздегі бос уақытыңыз қалай өтуші еді? Сауық кештері қалай өтетін?

– Ол кезде қазіргідей клуб ештеңе болған жоқ. Сол туған күнімізді атап өтеміз. Бос уақытымызда біз енді кішкене өлеңге құштар болғаннан кейін және әдебиетшілер оқығаннан кейін бір-бірімізге қалжың өлеңдерді қағытатынбыз. Мен жалпы кітап оқуға, көркем әдебиетке «фанат» адам болдым, сол себептен де бос уақытымның көбі кітап оқумен өтетін.

– Студент шағыңыздан есіңізде ерекше қалып қойған қызықты оқиғаңызбен бөлісе отырсаңыз…  

– Енді студент кезде қызық жағдайлар көп қой. Мен бір жігітпен керемет айтыстым, бірақ оның кім екенін ақыры білмедім. Ол кезде біздер үшінші қабатта тұратынбыз, ал ана өлеңді жіберетін жігіттер төртінші қабатта. Кешке таман тамағымызды ішіп бола берген мезгілде шарғы жіппен байланған қағаз келеді, сол қағазда екі-үш шумақ өлеңдерімен жігіттер біздің қыздарға тиіседі-тұғын және не істеп отырғанымызды біліп отырады. Енді біздің шамымызға тиген соң біздер де отыра қалып өлең жазып жауап беретінбіз. Сол жұмбақ жанмен екі жұмадай айтысқан болармын. Күндіз менің институтқа барғаныма шейін, не істегенімнің бәрін-бәрін біліп отырады. Кешке таман тағы да шарғы жіппен қағаз түседі, оны қыздар оқып, ызаланғаны ызаланып, өлеңмен жауап жазып, түсіп тұрған жіпке байлап жібереміз, олар алады. Енді ертеңгісін іздеп барсақ, есіктерін ешкім ашпайды. Негізі сол төртінші қабатта тарихшы жігіттер тұратын еді, мүмкін солар ма деп ойлағанбыз. Мүмкін біреулер ұйымдастырды ма, әйтеуір ақыры сол жұмбақ жанның кім екенін біле алмадым. Жылдар өте келе маған тарих пәнінің мұғалімімін деп бір жігіт қазір енді шалдар ғой, сол шал келіп амандасып, сол уақытта сенің өлеңіңе тәнті едік қой деп айтқаны бар. «Тұра тұр, сол жұмбақ жан сен емес пе?» деп қалжыңдап айтып едім, «жо-жоқ мен емес, ондайым жоқ» деп жауап берген.

– Сол замандағы студенттермен қазіргі кездегі студенттердің арасында айырмашылық, ұқсастық қандай?

– Енді қазіргі студенттерден байқағаным, біздің кезіміздегідей елгезектік жоқ сияқты, кішкене самарқаулау. Қазіргі кезде клуб десең клуб бар, интернет десең ол да бар. Қазіргі студенттерге қызықты әрі жеңілірек деп ойлаймын. Біздер ол кезде ауылдан келген соң бәрі жаңалық болды. Театрға барсаң да, киноға барсаң да жаңалық, үлкен мереке болатын біз үшін. Ал қазіргі жастарды киномен таң қалдырып көр. Адам қиындық көрген сайын шыңдалады, жақсылық көрген сайын босаңси береді. Сондықтан да қазіргі жастарда самарқаулық басым. Енді біздің кезімізге қарағанда қазіргі кездегі студенттердің деңгейі биік.

34788885_929594277201315_7031102475641815040_n

– Студент кезіңіздегі достарыңызбен қазіргі кезде араласып тұрасыз ба?

– Әрине, араласып тұрамыз. Біздің группаның көбі Ақтөбеден, Атыраудан болатын. Жалпы, біздің институтымызды, қазіргі М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін үлкен бір қара шаңырақ деп білеміз. Солай қарайтын, ата білім ордасы деп бас иіп келетін Атыраудың, Ақтөбенің жастары көптеп келіп оқитын,қазір де солай. Сол группаластарымның көпшілігі Атырау мен Ақтөбеде, әлі күнге дейін араласып, хабарласып тұрамыз.

– Сіз үшін студенттік кез несімен ерекше, несімен ыстық?

– Жастығымен, сұлулығымен ыстық. Сол уақыттағы суретіме әлі күнге дейін шынымен де мен осындай болдым ба деп сағынышпен қарап отырамын. Екі өлеңім бар еді жазған, соны оқып берейін.

Біріншісі, «Институтқа келгенде» деп аталады.

Келіп ем институтқа, бұрылдыңыз,

Кетті ме еске түсіп бұрымды қыз?

Осы бір құт мекеннің бұрышынан,

Байқамай іздейміз-ау, бұрынды біз.

Тағынып сан қоңырау көңіл деген,

Төріңді түгелдейсің, өріңменен.

Жастығыңның табы бар қабырғаға

Сыр шертесің тараудан Өмір деген.

Білдірмей арығыңды кесектеніп

Маздатып жан отыңды көсеп келіп

Азамат болғаныңды дәлелдейсің

Әке алдында тұрғандай есеп беріп.

Жаңа леп әкелгендей жаңа бұл күз,

Болып тұр жүрек – аспан, сана – жұлдыз.

… Сен екен деп қалып ем – анау жігіт,

Өзім екем деп қалдым – ана бір қыз.

Ал ендігі өлең «Киелі мекен» деп аталады:

Бәрі жаңа. Бәрі асыл. Кереметтей,

Үстірттікке хақың жоқ, терең өтпей.

Көне үнге мұндағы жаңғырыққан,

Әлі күнге кете алман елең етпей.

Жүргенімді бейсауат ағат көріп,

Аяғымды басамын санап келіп.

Демімді алып ішіме құлақ түрем,

Сәрсен ағай тұрғандай сабақ беріп.

Бас ғұмырды жалғай ма тас ғұмыры,

Бірте-бірте биіктеп хас тұғыры

Қара өлеңді құранша құйылтқандай

Мәтжан ағай кәдімгі Мақсымұлы!

Алғысы кеп бір сәуле тұнықтардан,

Таң шапағы мұнда кеп тұрып қалған

Бұл киелі мекен ғой жұрт тәу етер,

Ұлылардың дауысы сіңіп қалған.

Мен үшін университет киелі мекен, оның үстіне М. Өтемісұлының есімін алғаннан кейін құдіреттене түскендей. Сол білім ордасынан білім алып жатырған жастарды Ер Махамбеттің балалары деп айтамын, осының барлығы рух тәрбиесін беруге үндеп тұр деп ойлаймын. Өзімді де кей уақытта солардың қатарына қосып қоямын, Ер Махамбеттің қызымын деп.

– ХХІ ғасыр жастарына айтар өтініш, тілегіңіз бар ма?

– Ең әуелі адамшылықты ұмытпасыншы. Адамгершілік – ізгілік, кісілік – ірілік. Осыны жоғалтпаса, қалғанының бәрі бар қазіргі жастарда.

Әңгімелескен Ерлан Мәжік

Пікір жазу