Жалпақтал төрінде бой көтерген биіктігі 30 метрлік Эйфель мұнарасы бүгінде ел назарын өзіне аударып үлгерді. Бірнеше күннен бері бұл туынды туралы әлеуметтік желіде айтылып та, жазылып та жатыр. Көз сүйсіндіріп, көңіл қуантқан ерекше нысан туған жердің мәртебесін асқақтатып, көптің ықыласына бөленіп келеді. Аз уақыт ішінде ауылдың аты алысқа тарап, түлектердің төбесі көкке жеткендей әсер қалдырды.
Алайда көпшілікті таңғалдырған бұл туындының авторы кім екені бірқатар адамға беймәлім болып қалғанын да айту керек. Себебі жұрт назарын бірден өзіне аударған зәулім нысанның артында қаншама еңбек пен маңдай тер тұрғанын көпшілік біле бермейді.
Әрбір үлкен туындының түбінде ерен еңбек, тынымсыз ізденіс және талантты шебердің қолтаңбасы жататыны анық. Жалпақталдағы бұл сәулетті мұнараның да авторы туған жерінің мақтанышына айналған жас шебер Сайранбек Нұржанұлы. Жыл сайын осы мезгілде оның есімі жаңа бір туындысымен қатар аталып, мақалама арқау болып келеді. Себебі ол – тоқтаусыз ізденіп, туған жеріне тың дүние сыйлауды әдетке айналдырған еңбекқор да шебер азамат.
Биіктігі 30 метрлік Эйфель мұнарасы – оның бүгінге дейінгі ең ауқымды еңбектерінің бірі. Шебердің айтуынша, нысанды толық жасап, орнатуға 9 ай уақыт кеткен. Бұл туындыға 25 тонна металл жұмсалып, 200 литр бояу пайдаланылған. Жобаның жалпы құны 23 миллион теңгені құраған.
Шебердің өлшемі жасаған дүниесімен ғана емес, тоқтаусыз ізденісімен бағаланса керек-ті… Ал ізденістің жолына түскен адам ешқашан бір орында тұрмайды. Біздің Сайранбек те дәл сондай жыл сайын еңбегімен елді сүйсіндіріп, жыл сайын биігін асырып келе жатқан шебер азамат…
P.S: Қазір Казталов ауданының әр ауылында түлектер түрлі нысандар тұрғызып, туған жеріне тарту жасап жатыр. Бір ауылда ескерткіш бой көтереді, бір жерде ерекше сәулет нысаны салынады, енді бірінде ел назарын аударатын тың дүниелер пайда болып жатады. Көпшілік сол әдемі туындыны көреді, тамсанады, суретке түседі. Бірақ сол дүниенің артында тұрған адамды біле бермейміз. Олар көп жағдайда тасада қалып қояды. Ал шын мәнінде, мақтауға лайық адамдар– солар, шеберлер.
Жалпақталдағы Эйфель мұнарасы туралы да ел көп айтты. Бірақ сондай ауқымды дүниені жасап шығарған шебердің еңбегі де қатар айтылуы керек. Себебі кез келген туынды өздігінен пайда болмайды. Оның артында талант, төзім, уақыт және үлкен еңбек тұрады. Осындай жандарды көбірек көрсетуіміз керек. Әсіресе, өз ауданымыздан шыққан шеберлерді, ісімен елге үлгі болып жүрген азаматтарды таныту маңызды.
Елді өсіретін нысандар ғана емес, сол нысандардың артында тұрған еңбек адамдары.
Жұлдыз АСҚАР
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

