Басты бет » Жаңалықтар » Есірткі қылмысы: 9 айда 59 жасөспірім сотталды

Есірткі қылмысы: 9 айда 59 жасөспірім сотталды

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек жастардың есірткі қылмысына тартылуының алдын алу мәселесіне назар аударып, депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, жастарды синтетикалық есірткі тасымалына және банк шоттары арқылы заңсыз қаржы айналымына тарту қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, елімізде 2026 жылдың тоғыз айында 7 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелген. 3 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 59 жасөспірім сотталған.

–  Бұл деректер профилактикалық жұмысты күшейтіп, балалар мен жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудан қорғау қажеттігін көрсетеді. Құқықтық статистика деректеріне сәйкес 2026 жылғы маусымның басына қарай өткен 214 адамның 159-ы 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар болған. Оның ішінде 140 адам құқықбұзушылық жасаған кезде жұмыссыз болған. Бұл қылмыстың алдын алу шараларының жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдаумен қатар жүргізу қажеттігін көрсетеді, – деді Д.Ділдәбек.

Осылайша, ол жастар арасындағы дропперлікке қарсы жаңа шара енгізуді ұсынып, 14–22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық ақша аударымдарын биометриялық растау арқылы жүргізу мәселесін көтерді. Бұл тетік жастардың банк шоттарын заңсыз қаржылық операцияларға пайдаланудың алдын алуға бағытталған.

Ұсыныстың пайда болуына жастардың банк карталары мен шоттарын үшінші тұлғаларға белгілі бір ақыға беру жағдайлары себеп болып отыр. Депутаттың айтуынша, әсіресе студенттерге есепшоттарын «жалға беру» үшін ақша ұсынатын жағдайлар кездеседі. Мұндай әрекет жастардың дропперлік схемаларға байқамай немесе әдейі араласуына әкелуі мүмкін.

Депутат келтірген мәліметке сәйкес, 2026 жылдың басынан бері 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылған. Олардың банк шоттары арқылы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілген.

Айта кету керек, ұсыныс әзірге күшіне енген жоқ.