Алаяқтық пен қылмыстық жолмен келген кірістерді заңдастырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған Перизат Қайраттың туған нағашы ағасының отбасы Дубайда жалпы құны 5,9 миллион долларға (шамамен 2,67 миллиард теңге) бағаланатын аса қымбат жылжымайтын мүліктерге иелік ететіні анықталды, деп хабарлайды Jastar janary Ertenmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Фото: ertenmedia.kz
Дубайдың жылжымайтын мүлік тізіліміндегі ресми дерек бойынша, пәтерлер 2020–2022 жылдар аралығында дәл Перизат Қайраттың қоғамдық кеңістікте танылып, қор жұмысын белсенді жүргізе бастаған кезеңінде алынған. Элиталық апартаменттердің бәрі Гүлбану Алашбаеваның атына тіркелген. Ол Перизатпен бірге 7 жылға сотталған анасы Ғайни Алашбаеваның туған інісі Сәбит Алашбаевтың заңды әйелі.
Қызығы сол, ерлі-зайыпты Сәбит пен Гүлбану Алашбаевтар Қазақстанда ірі кәсіпкерлер тізімінде жоқ. Олардың атында тек Астана мен Ақтөбеде тіркелген қарапайым екі ЖК ғана бар, ал өмірде екеуі де қатардағы риелтор болып қызмет етеді. Тіпті отандық жылжымайтын мүлік нарығы шарықтап тұрған күннің өзінде, қарапайым риелтордың Біріккен Араб Әмірліктерінен миллиондаған долларға қымбат пәтерлер сатып алуы ақылға сыймайды.
Гүлбану Алашбаеваның атына Дубайдың ең қымбат нүктелерінен 7 нысан жазылған:
• Әйгілі Burj Khalifa маңындағы Forte Tower II кешенінде көлемі 116,3 шаршы метр болатын пәтер (құны шамамен $878,6 мың);
• Vida Dubai Mall Tower II кешенінде — 74,8 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер ($750 мың);
• Дәл осы кешенде екі жатын бөлмесі бар 105,6 шаршы метрлік тағы бір апартамент ($1,12 млн);
• Көршілес Bellevue Towers кешенінде — 119,6 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтер ($735 мың);
• Azure Residence кешенінде — ауданы бірдей (106 шаршы метр) 5 және 7-қабаттардағы екі пәтер (жалпы құны $1,65 млн);
• Harbour Views кешенінде Дубай каналына қарайтын 106,1 шаршы метрлік пәтер ($780 мың).
Сонымен қатар бұған дейін Acacia at Park Heights кешенінен 380 мың долларға алынған тағы бір пәтер туристерге жалға беріліп, кейін сатылып кеткені анықталды.
Кезінде Қаржы мониториң «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының негізін қалаушыға қатысты шетелдік активтер немесе үшінші тұлғаларға жазылған мүліктер туралы білетіндерді ақпарат беруге шақырған еді. Алайда тергеу барысында шетелден ешқандай мүлік табылмай, Қазақстан аумағындағы 900 миллион теңгенің дүниесі ғана мемлекетке тәркіленген болатын.
Ашығын айтқанда, қордан жымқырылды делінген 3,5 миллиард теңгенің бір бөлігі дәл осы Дубайдың зәулім мұнараларына құйылған болуы әбден мүмкін. Ендігі кезекте құзырлы органдар қарапайым риелтор туыстардың бұл активтерін назарға ала ма, жоқ па уақыт көрсетеді.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
