Ресей аумағына нәпақа табуға кетіп, кейіннен соғыс қимылдары өтіп жатқан аймаққа тап болған бірнеше қазақстандық азаматтың аналары биліктен көмек сұрады. Айтуынша, олардың балалары бастапқыда қарапайым кәсіпорындарға жұмысқа орналасамыз деп барып, кейіннен алдау немесе күштеу арқылы әскери келісімшарттарға қол қоюға мәжбүр болған, деп хабарлайды Jastar janary Ertenmedia.kz-ке сілтеме жасап.

«Күзет бюросы деп ақ қағазға қол қойғызған»

Тоғыз баланы дүниеге әкелген Гүлжан Ташарғанованың 25 жастағы үлкен ұлы Мирас жұмыс таппай қиналған соң, тамыз айының ортасында Ресейге кеткен. Ет комбинатында өнім ораушы қызметін атқарамын деген жігіт арада бір ай өткенде әскери қимылдарға аттанып бара жатқанын хабарлаған. Аң-таң болған анасы ұлының мән-жайды түсінбей қол қойып жібергенін айтты.

«Мен оған: «Соғысқа келісімшартқа қалай қол қойдың?» дедім. Ол: «Анашым, оны бізге оқуға берген жоқ! Алдымда тек ақ қағаз ғана жатты, онда «Ташарғанов Мирас Қанатұлы» деп жазылған екен. «Күзет бюросына барасыңдар» деп сол қағазға қолымды қойғызды» деп түсіндірді. Ол маған: «Енді күзетте істеймін, саған апта сайын ақша жіберіп тұрамын» деп уәде берген еді», – деді көзіне жас алған Гүлжан Ташарғанова.

«Қол қоймасаң, сотталасың» деген қоқан-лоқы

Елордада еңбек етіп жүрген 27 жастағы Ақылбек Тельман да қыркүйек айында Мәскеудегі шұжық цехына жұмысқа шақырту алған. Алайда арада біраз уақыт өткенде онымен байланыс үзіліп, кейін оның Луганск қаласынан бір-ақ шыққаны белгілі болған. Ақмарал Әбілғазина баласының қару асынуға өз еркімен бармағанын жеткізді.

Амалсыз қалған ана ұлының қауіпсіздігі үшін қатты қайғырып, күні-түні көз ілмей жүргенін баяндады. Оның сөзінше, жігіттерді қамауға аламыз деп бопсалаған көрінеді.

«Күндіз-түні ұйқыдан қалдым, қатты уайымдап жүрмін. Тіпті тамақ та батпайды, үнемі баламның амандығын тілеймін. Ол өзін қинап, қорқытқанын, содан кейін ғана қол қоюға мәжбүр болғанын айтты. Егер қол қоймасаң, сотталасың деп қатаң ескерткен екен», – деді Ақмарал Әбілғазина.

«Анашым, маған оқ тиді»: Шымкенттік ананың зары

Шымкент қаласының тұрғыны Нәзира Болысованың ұлы да осыған ұқсас жағдайға тап болған. Ол наурыз айында құс фабрикасына жұмыс істеуге кетіп, бастапқы айларда үйімен үзбей байланысып тұрған. Біраз уақыттан соң хабарсыз кеткен азаматтың майдан даласында жүргені белгілі болған.

Жақында ғана анасына баласынан қолына оқ тиіп, жарақат алғаны туралы ауыр хабарлама келген. Қансырап қалған жігіт өлімнен әрең аман қалғанын жеткізген.

«Үш-төрт күн бұрын ол маған: «Анашым, мен жараландым» деді. Телефонымда оның: «Анашым, қолыма оқ тиді. Мен сені жақсы көремін, қатты сағындым. Қазір госпитальдамын» деген дауысы сақтаулы тұр. Ол көп қан жоғалтқанын және тірі қаламын деп ойламағанын айтып жылады», – деді Нәзира Болысова.

Сыртқы істер министрлігі келіссөз жүргізуде

Көбейіп кеткен жанайқайға байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ресми жауап берді. Ведомство әлемдегі қарулы қақтығыс ошақтарынан отандастарымызды елге аман қайтару бойынша тәжірибесі бар екенін және көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Мәселені оң шешу үшін қажетті құқықтық ақпараттар жинақталып жатыр.

«Азаматтарды құқықтық тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында министрлікке олардың аты-жөні, туған жылы, болжамды орналасқан жері, сондай-ақ жасалған еңбек шарттары туралы толық мәліметтер қажет. Қазақстандықтарды елге қайтару жөніндегі ортақ шараларды әзірлеу үшін Ресей тарапымен кеңесулер үздіксіз жалғасуда», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов.

Дипломаттар елге оралуға мұқтаж отандастарымыздың арнайы тізімі қалыптасып жатқанын және оның ресми түрде ресейлік әріптестерге жіберілетінін хабарлады. Қазіргі уақытта Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен барлық консулдықтарында жедел желі телефондары іске қосылған.