Басты бет » Жаңалықтар » Шымкентте «Тартыл FEST» дәстүрлі спорт фестивалі өтті

Шымкентте «Тартыл FEST» дәстүрлі спорт фестивалі өтті

Шымкент қаласындағы «Арбат» аллеясында жастар арасында воркаутты кеңінен насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған дәстүрлі «Тартыл FEST» спорт фестивалі өтті.

Спорттық іс-шараға салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары, әуесқой спортшылар мен тәжірибелі атлеттер қатысты. Фестиваль жоғары көңіл-күй мен тартысты бәсекеге ұласты.

Іс-шара барысында қатысушылар белтемірге тартылудан өзара бақ сынасып, күш пен төзімділіктерін көрсетті. Фестивальдің ерекшелігі – қатысушыларға қатаң жас шектеуінің қойылмауы. Кәсіби спортшылармен қатар, спортқа қызығушылық танытқан әуесқойлар да өз мүмкіндіктерін сынады.

Сайысқа 17 жастан асқан жастармен бірге 60 жастан асқан ардагерлер де қатысты. Мектеп оқушылары тартылу техникасын көрсетіп, өз қатарластарына үлгі болса, тәжірибелі атлеттер мен воркаут ардагерлері күрделі элементтер орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – жастардың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттырып, спортпен айналысу үшін міндетті түрде қымбат спортзалдарға барудың қажет еместігін көрсету.

– Спортпен айналысу үшін ең бастысы – ниет. Ал белтемір секілді қарапайым спорттық құрал кез келген адамға қолжетімді, – дейді ұйымдастырушылар.

Жарыс қорытындысы бойынша әртүрлі жас санаттарында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар және дипломдар табысталды.

«Тартыл FEST» фестивалі Шымкентте бұқаралық спортты дамытуға және қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды спорттық шаралардың біріне айналып келеді.

Фариза АХМЕТ,

Шымкент қаласы