Қуыршақ театры – балалық шақтың ең мөлдір қиялымен астасқан, ғажайып пен сезімге толы ерекше өнер кеңістігі. Балалар үшін бұл – ертегі мен шындықтың шекарасы жойылатын, қиял шексіздікке ұласатын ғажайып әлем болса, ересектер үшін – өмірдің мәнін қайта зерделетіп, ұмыт қалған сезімдерді қайта тірілтетін терең өнер. Осындай нәзік те күрделі өнердің тылсымына үңіліп, жылдар бойы сахна арқылы көрермен жүрегіне жол тауып келе жатқан жандар бар. Олар үшін қуыршақ жай ғана құрал емес, ол – сезімнің, ойдың, тіпті адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – қуыршақ театры саласында 20 жылдан астам уақыт табандылықпен еңбек етіп келе жатқан өнер иесі – Толқын Тлеулиева.
– Қуыршақ театрына қалай келдіңіз? Бұл өнерге деген қызығушылығыңыз қалай оянды?
– Біздің балалық шағымыз бүгінгі балалардікінен сәл өзгеше болды деп ойлаймын. Біз үшін өнер қолжетпес биік, ерекше бір тылсым әлем сияқты көрінетін. Театрға бару – мереке, ал сахнадағы адамдар шынайы өмірден бөлек, басқа бір кеңістіктің тұрғындарындай әсер қалдыратын. Сол кезеңде өнер адамдарына деген құрмет те, қызығушылық та өте жоғары еді. Әсіресе, сахнадағы табиғилық, адамның жан дүниесін қозғайтындай шынайылық мені қатты баурады. Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз бен талантты өнер анасы Лидия Каденова апайымыздың өнерін көрген сайын, «мен де осындай болсам екен» деген арман жүрегімде бірте-бірте тамыр жайды. Бұл жай ғана бала қиялы емес, уақыт өткен сайын нақты мақсатқа айналған арман еді. Әрине, бұл жол оңай болған жоқ. Әкемнің қаталдығы, өмірдің өз шарттары болды. Бірақ кейде адамның ішкі дауысы бәрінен күшті болады ғой. Мен сол дауысқа сендім. Екі жыл күтіп, қайта әрекет жасап, Алматыға келген сәтім – менің өмірімдегі шешуші кезеңдердің бірі болды. Қызығы, мен қуыршақ театрына әдейі, саналы түрде таңдадым деп айта алмаймын. Бұл тағдырдың маған дайындап қойған жолы сияқты болды. Қабылдау аяқталып, тек қуыршақ мамандығы ғана қалған кезде, мен оны соңғы мүмкіндік ретінде қабылдадым. Бірақ дәл сол «соңғы мүмкіндік» менің өмірлік кәсібіме, жүрек қалауымa айналады деп ол кезде ойламадым. Басында түсінбегенім рас. Бірақ уақыт өте келе, ұстазым Серік Мақұлбековтің арқасында бұл өнердің тереңдігін, философиясын, тіпті миссиясын сезіне бастадым. Сол сәттен бастап қуыршақ театры мен үшін жай жұмыс емес, өмірлік жолға айналды.
– Қуыршақпен жұмыс істеудің қызықты әрі қиын тұстары қандай?
– Қуыршақ театры – сырт көзге қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның ішкі әлеміне үңілген сайын, бұл өнердің қаншалықты күрделі әрі көпқырлы екенін түсінесің. Ең басты ерекшелігі, сен өзіңді толықтай «жасырып», басқа бір тіршілікті алға шығарасың. Яғни, көрермен сені емес, сен арқылы сөйлеп тұрған қуыршақты көреді. Бірақ сол қуыршақтың жанды, сенімді болуы – түгелдей сенің ішкі энергияңа, сеніміңе байланысты. Бұл жерде тек техникалық шеберлік жеткіліксіз. Сен қуыршақтың «жанын» сезінуің керек. Оның мінезін, тынысын, тіпті үнсіздігін де түсіну қажет. Кейде бір ғана қимыл немесе кішкентай пауза үлкен мағына береді. Ал қиын тұсы – шынайылық. Әсіресе, балалар алдында. Баланы алдау мүмкін емес. Егер сен ішіңнен сенбей тұрсаң, олар оны бірден байқайды. Олар эмоцияны сүзгіден өткізбейді, бәрін таза қабылдайды. Сондықтан әр қойылым – өзіңді қайта-қайта дәлелдеу. Әр сахнаға шыққанда «бүгін де сенімді бола аламын ба?» деген ішкі сұрақ тұрады. Бұл жағынан қарағанда, біздің жұмыс тек актерлік шеберлік емес, үлкен ішкі дайындықты, эмоционалдық адалдықты талап етеді.
– «Ана жүрегі» спектакліндегі рөліңіз ерекше әсерлі. Бұл образды сомдау қаншалықты қиын болды? Дайындық барысы қалай өтті?
– Бұл спектакль менің ішкі қорқыныштарыммен бетпе-бет келген жұмыс болды десем, артық айтпаймын. Өйткені біз көбіне ширманың артында боламыз, яғни белгілі бір деңгейде «жасырынғандай» күйде жұмыс істейміз. Ал бұл жолы көрерменнің алдына ашық шығу – мен үшін үлкен психологиялық тосқауыл болды. Оның үстіне, дайын сценарийдің болмауы да жағдайды күрделендірді. Әдетте, актер белгілі бір мәтінге, құрылымға сүйенеді ғой. Ал мұнда сен бәрін өз ішіңнен іздейсің. Бұл – бір жағынан еркіндік, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Шынымды айтсам, бір кезеңде мен бұл рөлден қашқым келді. Тіпті, кетіп қалған кезім де болды. Бұл тек қорқыныш емес, өз-өзіңе сенбеудің көрінісі еді. Бірақ жолда келе жатып, өзіммен ішкі диалог басталды. «Сен осыған дейін не үшін келдің? Неден қашып бара жатырсың?» деген сұрақтар мені тоқтатты. Сол сәтте мен үшін таңдау айқын болды: не қашу, не өсу. Театрға қайта оралғанда, режиссерімнің сабырлы түрде «жалғастырамыз ба?» дегені мені қатты толқытты. Ол жерде қысым да, мәжбүрлеу де жоқ, тек сенім болды. Сол сенім маған күш берді.
Осы спектакль арқылы мен тек жаңа рөл емес, өзімнің жаңа қырымды аштым деп ойлаймын. Бұл – кәсіби ғана емес, жеке тұлғалық өсуіме де үлкен әсер еткен жұмыс.
– Балалардың ықыласы сіздің актерлік ойыныңызға қалай әсер етеді?
– Балалар – ең шынайы көрермен. Олар ешқашан өтірік күлмейді, өтірік әсерленбейді. Егер қойылым қызық болмаса – олар оны бірден білдіреді. Ал егер сен олардың жүрегіне жетсең – ол да бірден сезіледі. Сахнада ойнап тұрып, залдағы балалардың тыныштығын, күлкісін, кейде тіпті демін ішіне тартып отырған сәттерін сезесің. Бұл – сөзбен жеткізу қиын ерекше байланыс. Балалардың ықыласы маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені сен тек рөл ойнап тұрған жоқсың, сен олардың алғашқы эстетикалық, эмоционалдық тәжірибесіне әсер етіп тұрсың. Кейде спектакльден кейін балалар келіп, өз әсерімен бөліседі. Сол сәттерде сенің еңбегіңнің бос кетпегенін түсінесің. Бұл – ешқандай марапатпен салыстыруға келмейтін сезім.
– Театр жолында жүріп түйген ең басты өмірлік сабағыңыз қандай?
– Уақыт өте келе түсінгенім, кез келген мамандықтың қадірі оны қалай қабылдайтыныңа байланысты. Басында «қуыршақ театры» дегенге күмәнмен қарайтындар болды. Кейде сол пікірлер өзіңе де әсер етеді. Бірақ жылдар өткен сайын мен бұл өнердің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Біз тек спектакль қоймаймыз, біз балалардың қиялын, сезімін, тіпті өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға үлес қосамыз. Ең үлкен сабақ – өз жолыңды бағалау. Егер сен өз ісіңді шын сүйсең, сыртқы пікірлердің әсері азаяды. Сен өз орныңды табасың. Мен үшін ең үлкен бақыт – балалардың шынайы қуанышын көру. Сол сәтте сенің еңбегіңнің мәні ашылады. Өмір маған бір нәрсені анық үйретті: жүрекпен жасалған іс ешқашан зая кетпейді. Қандай қиындық болса да, егер сен өз жолыңнан таймасаң, бәрі өз нәтижесін береді.
Айзира САЛАТОВА,
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотеледраматургия» мамандығының 2-курс студенті
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы


