Жақында Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында балаларға арналған «Мен чемпион боламын» ертегісінің премьерасы өтті.
Қойылым режиссері – ҚР Мәдениет саласының үздігі Самал Абуов. Ал шығарма авторы – қазақ сатирасының классигі Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының иегері Оспанхан Әубәкіров. Автордың шығармалары терең тәрбиелік мәнімен ерекшеленеді. Оның «Қожа мен спорт» туындысы негізінде қойылған «Мен чемпион боламын!» ертегісі балаларға жалқаулықтан арылып, спортпен айналысуға және ұлттық құндылықтарды бағалауға шақырады. Қойылымның басты мақсаты – жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулып, технологияға тәуелділіктен арылту.
Шығармада басты кейіпкер Қожа бастапқыда еріншек, спортқа қызықпайтын бала ретінде көрсетіледі. Қойылымның актерлік құрамына келетін болсақ, әрбір кейіпкер спектакльдің идеялық мазмұнын ашуға үлес қосты.
Қожа ролін Ерсұлтан Мырзағалиев пен Рауан Таймас сомдады. Басты кейіпкердің бастапқыда жалқаулыққа бой алдырғаны, кейін өзін өзгертуге ұмтылысы актерлердің ойынында нақты көрініс тапты. Олардың сахнадағы еркіндігі, шынайы эмоциялары балаларды бірден қызықтыра алды. Әсіресе, спортқа бет бұру кезіндегі жігерленуі, күреске дайындық сәттері шынайы әрі сенімді шықты. Рауан Таймастың бірнеше рет «Мен чемпион боламын» деп қайталауы балаларға рух сыйлады.
Алтыншаш ролінде – Самал Иманғалиева, Наргиз Габдылгазизова. бұл кейіпкердің ақылдылық пен мейірімділік бейнесін актрисалар өте нәзік жеткізді. Оның Қожаға қолдау көрсетуі, жігерлендіруі арқылы көрермендер достық пен қамқорлықтың маңызын түсінді.
Әжесі Ақжар – Назгүл Батанова, Бота Сәрсенова мен Атасы Қарпық – Асылжан Жакин мен Абылай Максим, олардың ойыны ұлттық құндылықтарды дәріптеумен ерекшеленді. Әсіресе, Кемпірдің кейбір әзілге толы сөздері, Шалдың ақылгөй ретіндегі әрекеттері балаларға қызықты әрі әсерлі болды. Балаларға арналған қойылымдарда актерлік ойынның шынайылығы өте маңызды. Өйткені балалар көрермен ретінде ең сезімтал, алдамшы дүниені бірден байқайды. Егер актер өз ролін сенімсіз ойнаса немесе қойылым жасандылыққа толы болса, балалар оған сенбейді және оқиғаның тәрбиелік мәнін толық қабылдай алмайды. Осы тұрғыда ертегіде әр актер өз кейіпкерін сәтті алып шықты. Режиссермен бірлесіп жұмыс жасағанын көреміз.
Жалқаулар Назерке Есен, Ақтілек Шалабаева, Дана Нұрқуат – бұл кейіпкерлердің бейнесі балалар үшін ерекше маңызды болды. Актерлер ерікті түрде жалқаулыққа салыну, еріншектікке ерудің салдарын аса шынайы жеткізе алды. Олардың қойылымдағы әрекеттері балаларды күлдіріп қана қоймай, «Жалқаулықтың арты не болатынын» нақты көрсетті.
Спорт кейіпкері (Ғаділ Амандық, Құралбек Қатшаев) өзін ерекше сенімді, жігерлі, мықты тұлға ретінде көрсетті. Оның кейіпкер ретіндегі дене қимылдары, сахнадағы қозғалысы көрермендерге нақты спорттың символикасын сезіндірді.
Рэфер Арсен Нуфтығалиев, Аманжол Сатқанбаевтың кейіпкері әділдік пен тәртіптің көрінісі болды. Рингтегі әділ төрешілік – спорттық қағидаларға сай әрекеттері балаларды спорттық тәртіпке баулитын ерекше көріністердің бірі.
Ринг-Герз (Алмагүл Жантурина, Дильназ Қуанышалиева) – сахнаны жандандырып, көрермендерге спорттық сайыстардың атмосферасын сезіндіре білді.
Сойқан (Рамазан Қамешов, Құдайберген Хамитов) – теріс кейіпкерлер ретінде өте әсерлі ойнады. Олардың Қожаны кемсітуі, сынауы және финалдағы өзгерісі сахнаның шынайылығын арттырды. Актерлердің сенімді ойыны көрермендерге «Кез келген қиындықты еңбек пен табандылық жеңеді» деген ойды ұсынды.
Қызықты әрі әсерлі сахналық шешімдер – декорациялар, костюм және музыкалық сүйемелдеу спектакльдің әсерлілігін арттыра түсті. Режиссер Самал Абуов қойылымды тек қызықты оқиға ретінде ғана емес, жас көрермендерге спорттың маңызын, жалқаулықтың зиянын, ұлттық салт-дәстүрдің құндылығын жеткізетін құрал ретінде ұсынды. Қожаның өзгеруі, Жалқаулардың сабақ алуы, Спорт кейіпкерінің бейнесі – бәрі де балаларға нақты үлгі болатын етіп құрылды. Спорт – режиссер бұл кейіпкерді сахнада тек қарапайым кейіпкер емес, Қожа мен көрерменді жігерлендіруші, мотивация беруші рөлін атқарады.
Сонымен қатар қазіргі қоғамдағы балалардың телефонға тәуелділігі, спорттан алыстауы сияқты мәселелерді көтеру арқылы қойылымды заманауи шынайылықпен байланыстыруы оны балалар үшін қызықты әрі өзекті етті.
Жекпе-жек сахналары (спорттық жаттығулар, рингтегі көріністер) балалардың қызығушылығын арттырып, көрермендерді спектакльге барынша тартты. Музыкалық және жарық эффектілері динамиканы күшейтіп, сахналық оқиғаларға ерекше көркемдік сипат бергенін көре аламыз. Режиссер Самал Абуов қойылымды дәстүрлі сахналық форматпен шектемей, балаларды процеске эмоционалды түрде тарта білді. Көрермен кейіпкерлермен бірге күліп, кейде оларға жанашырлық танытып, бірге уайымдай алды. Бұл – спектакльдің жетістігінің бір көрінісі.
«Мен чемпион боламын!» ертегісі – балалардың қызығушылығын оятатын, оларға мотивация сыйлайтын тәрбиелік қойылым.
Режиссерлік шешімдері балалар мен ата-аналарға ой салатын, тәрбиелік маңызы жоғары, жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ететін маңызды мәдени оқиға болды.
Айым ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ,
театртанушы