Басты бет » Жаңалықтар » Тұрар Сәттарқызы: ЕРТЕҢГІ ҰРПАҚТЫҢ ХЭЛЛОУИН ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРІ ДЕМЕСІНЕ КІМ КЕПІЛ?

Тұрар Сәттарқызы: ЕРТЕҢГІ ҰРПАҚТЫҢ ХЭЛЛОУИН ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРІ ДЕМЕСІНЕ КІМ КЕПІЛ?

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
этнолог, тарихшы
Жастардың арасында трендке айналған Хэллоуин мерекесі сияқты жат дүние жылдан-жылға жас ұрпақтың бойына тереңдеп сіңіп жатыр.
«БАЛАҢДЫ ҚАЗАҚША ОҚЫТ» жобасымен балабақша аралап жүргеніме бірер жыл болды. Жас ата-аналарға салт-дәстүр жайлы сұрақ қойсаң, күмілжиді. «ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ-АЙ» ұлттық-этнографиялық сайысына қатысушы жинау – қиынның қиыны. Неге? Жас отбасылар «Салт-дәстүр білмейміз, сұраққа жауап бере алмай қалсақ» деп жатады. Бірақ сұрасаң, отбасында сәби дүниеге келерде «гендер пати» жасадық дегендер көбейіп барады. Бастаңғыны білмесе де, «цветной вечеринканы» бәрі біледі, жасап жүргендері де бар.
Ал одан кейінгі жас буын студенттермен, оқушылармен кездесуде қазақтың салт-дәстүрі жайлы ілуде біреуі біледі. Мектепте ондай сабақ оқытылмайды, үйінде жасалмаған соң білмейді. «Апай, сіз, салт-дәстүр жайлы айтып тұрсыз, оны біз қайдан көреміз?» – дейді.
Көбі шеттің қаңсығы – Хэллоуинді мерекелеп жүр. Бір кездері әулие Валентин деп шулап, оны әзер дегенде тоқтатып, Әулие Валинтиннің қазақша нұсқасын жасап, сәуірге ауыстырып еді. Бірақ Валентин ауруынан да толық айығып кетпеді.
Фото: mail.kz
Қазір жын-сайтандарды ұлықтайтын осы бір қорқынышты мерекені тойлау бірқатар елдерде заңмен тыйым салынған екен. Ол елдер «сайтандарды ұлықтау» деп, түсінік берген күнді атап өтудің өскелең ұрпаққа берер бірде-бір пайдасы болмағандықтан осындай шешім қабылдаған екен.
Ал біздің елімізде керісінше «Хэллоуинді» асыға күтетіндердің қатары артып, мейрамның түп-төркінін жете түсінбесе де, арнайы дайындалып, тойлайтындар қатары артқан. Тіпті, енді қазақтың киелі музыкалық аспабы – домбыраны да қосыпты.
«НАҒЫЗ ҚАЗАҚ, ҚАЗАҚ ЕМЕС, НАҒЫЗ ҚАЗАҚ – ДОМБЫРА» деп көкірегімізді кереміз. Ұлт құндылығы саналатын домбырамызды осылай қорлатып жатырмыз. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа қалмады.
Хэллоуин дегенді дін және қоғам қайраткерлері «коммерциялық жоба» мен «мәдени отарлау» құралы десе, педагогтар мен психологтар «зұлымдық бейнесі мен ойындар», әсіресе жас балалардың жетілмеген психикасына қауіп төндіреді дейді. Тіпті Хэллоуин тойлау кезінде түрлі заң бұзушылық фактілері болғанын да есімізде.
Хэлоуин – азғындықтың мерекесі. Түрлі құбыжық, әруақтардың кейпіне еніп, мағынасыз мерекені атап өтуді, дініміз де құптамайды. Себебі «Хэллоуин» пұтқа табынуға шақырады. Аруақты сыйлаған халқымыз, «Аруақ риза болмай, тірі жарылқанбайды, – деп өмірден өткендерге құрмет көрсетеді, артынан құран бағыштап, жаман сөз айтпайды. Ал осы бір азғын мереке аруақтарды қорлап, мазаққа айналдырады. «Хэллоуинде» құбыжық болып киініп, қан ағызып, адам шошырлық жаман бір көріністерді көрсетеді.Бұл мұсылмандыққа жат нәрсе.
Жаратқан әр ұлтты өз ерекшелігімен, тілімен, ділімен, болмысымен жаратқан. Сол айырмашылығымыз бізді басқа ұлттан ерекшелендіріп тұрады. Әр халық пен ұлыстың өзіне тән төл мейрамы бар. Өзінікі қаңсық, өзгенікін таңсық көрген, жылтыраққа құмар жастарымыз осыны түсінсе етті?!
Жастар ненің жаман, ненің жақсы екенін білмейді, не болса, соған еліктеп, парқын білмей, байыбына бармайды, бірақ біз соған немқұрайлы қарап отыра береміз бе?
Менің ұл-қызым ондай емес, – деп те отыра беруге болмайды. Сіздің де балаңыз осы қоғамның бір мүшесі екенін ұмытпаңыз. Ертең ол да осы қоғам да өмір сүреді. Қоғамды түзетуге әр адам атсалысуы керек.
Бұл тек қана жас ұрпақтың тәрбиесі емес, халқымызда «албасты басқыр» деген сөз бар, адамды қорқытуға болмайды. Қазақ халқының сана-танымы, салт-дәстүрі бар. Егер біз бүгін ойланып, әрекет етпесек, ертең осы әрекетсіздігіміздің салдарынан бармағымызды шайнайтын боламыз.
Қарап отыра берсек, пиғылы бөтен нәрсе бойларына сіңіп, бұл бүтін бір ұлттың адасуына алып келмей ме, ағайын?! Қазақта мереке жоқ па? Өзгенің жын-ойнағын емес, мәнді де мағыналы, салт-дәстүріміз бен ұлттық дүние танымымызға жақын, мейрамдарды жастардың тойласа жарасымды болар еді.
Хэллоуинді тойлап жүрген жастарымыз тарихын біле ме екен? Христиандық дәуірге дейінгі кезеңде қазіргі Англия мен Ирландияның, сондай-ақ, Францияның аумағында «Кельт» атты жұрт өмір сүрген. Олардың түсінігінде Күн қыс мезгілінде өлілердің патшасы Самхэйннің тұтқынында болады-мыс. Тура 31 қазан күні кельттар өздерінің Самхэйн атты мейрамдарын тойлаған. Кельттар пұтқа табынушылар болған. Олар мазасыз әруақтар мен сиқырлы тіршілік иелері біздің әлемімізге өтеді деп сеніп, солардың бейнесіне енген.
31 қазан ескі ағылшын тілінде «All Hallows» («барлық әулиелер кеші») деп аталған. Кейін жәй ғана Хэллоуинге айналған.
Қазақ еліктегіш халықпыз дейміз. Бірақ осынша рухани құлдырап, мағынасыз, қорқынышты, үйретері жоқ, жат мерекеде жастарымыздың дүрлігуіне не себеп? Хэллоуинді тойлаймыз деп, түр-әлпетін бояп, жын-шайтан бейнесіне еніп, өз еріктері мен адамдықтан айуандыққа өткендеріне мәз. Тіпті, соны суретке түсіріп әлеуметтік желілерге жүктеп жатады.
Ұлт болашағы — жастардың қолында дейміз. Ал Хэллоуин тойлап жүрген жастардан не үміт, не қайыр, қандай болашақ күтеміз? Осы жылдар ішінде ұрпақ тәрбиесінде барымыздан айырылдық. Бүгінде қоғамда орын алып жатқан өзегіңді өртер дүние – осының жемісі.
Ұлттық рухымыз, ұлттық санамыз толық қалыптаспаған ұлт екенімізді ащы да болса мойындауымыз керек. Өкініштісі, осы кемшіліктің орнын толтыруға, сырттан келіп жатқан қатердің алдын алуға тырыспаймыз.
Біздің осындай ұлттық құндылықтан, руханилықтан жұрдай, жыртық-тесігімізге, бос қуысымызға өзге өзінің тілін, бөтен өзінің ділін, тағы басқалары өзінің мейрамдарын «тығып» жатыр. Сол арқылы өскелең ұрпақтың санасын улап, ұлттық кодынан айырып жатыр. «Той десе қу бас домалайтын», еліктегіш, сенгіш халықтың осал тұстарын байқап, осы арқылы өз идеологиясын тықпалап жатыр. Жаһандануға жұтылып кетпес үшін, өз ерекшелігін сақтап қалу үшін ұлттың идеологиясы болуы керек.
Біраз жыл бұрын рухани жаңғыру, ұлттық рухани жаңғыру деп түрлі бағдарламаларды жалаулаттық, бірақ ұлттық идеологиясы жоқ қоғамда ешқандай жаңғыру болмайды.
Бізде «ҰЛТ ҚҰНДЫЛЫҒЫ», «ҚАЗАҚЫЛЫҚ» деп шырылдағандарды жау санайды. Аяқтан шалады, олар “ыңғайсыз” деп қара тізімге енгізеді. Оларды қабылдамайды. Сонда “кім үшін, не үшін” шырылдап жүр деп ойламайды.
«ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ҰЛЫҚТАЛАТЫН ОРТАЛЫҚ АШҚЫМ КЕЛЕДІ», – деп талай есікті қақтым, талай табалдырық тоздырдым. Шын ниетпен тыңдаған адам кездестірмедім, жүрекпен ұққан адам көрмедім. Нәтиже жоқ. Одан да шаршадым. Бәріне қол сілтеп, тастай салғым келетін сәттерім де болады. Бірақ ұлтымның болашағына деген алаңдаушылық жатқызбайды. Көріп жүргенім пен естіп жүргенім жанымды ауыртады.
“Мені жыл он екі ай бойы ешкім қаржыландырмайды, жоба болса, 2-3 ай болады” деп шақырған мектепке, жастарға бармауға дәтім жібермейді. Сондықтан да жоспарым тығыз. Жастарға титтей де болса, пайдам тисінші деп, қарақан басымды емес, ұлт болашағын ойлаймын. Бірақ….
Халық болып, ұрпақтың тамырына балта шауып жатқан бұл мерекені тойлауға заңды тұрғыда тыйым салыну керек.
Бүгінгі ұрпақ – ел ертеңі.
Ұрпағының тәрбиесін басты назарда ұстайтын, ертеңіне алаңдайтын ҚАЗАҚ едік, соншалықты бейғам ұлтқа қалай айналдық?!