Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің XVII отырысы өтті. Шараға 10 мемлекеттен 150-ден астам делегат келді. «Экологиялық ортадағы жастар көшбасшылығы: ШЫҰ шеңберінде тұрақты болашаққа жол салу» деген атаумен өткен шарада жастар экология мәселесін талқылып, ол туралы ойларын ортаға салды. Ұйымдастырушы – «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы Мемлекет басшыларының Астана саммиті қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, сөз сөйледі.
«Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету шеңберінде 2024 жылды Экология жылы деп жариялады. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес екенін атап өтті. Климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеп кетуі мен олардың ауқымы кеңеюі бізден бірлескен күш-жігерді қажет ететінін түсінуіміз керек. Бұл істе жастар қауымы шешуші рөл атқаруы керек. Бүгін сіздердің тараптарыңыздан экологиялық сын-қатерлерді еңсеру бойынша тың әрі батыл шешімдер ұсынылатынына сенімдімін», – деді Мәжіліс Спикері.
Расымен де, Экология тақырыбы бүгінде әлем бойынша өзекті мәселе болып тұр. Мәселен, Үндістанда әдеттен тыс аптап ыстық орнады. Қытайдың кейбір провинциясында нөсер жаңбыр жауып, дауыл соқты. Ресей мен Қазақстанды су тасқыны әбігерге салды. Мамандардың айтуынша, бұл – соңғы 80 жылда болмаған ірі табиғи апат.
– Климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеп кетуі мен олардың ауқымының кеңеюі бізден бірлескен күш-жігерді қажет ететінін түсінуіміз керек. Бұл істе жастар қауымы шешуші рөл атқаруы керек. Осындай жиындарда сіздердің тараптарыңыздан экологиялық сын-қатерлерді еңсеру бойынша тың әрі батыл шешімдер ұсынылатынына сенімдімін, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Қазақстанда экология мәселесіне қатысты жүйелі шараларға қабылдануда. Су ресурстарын пайдалану тәсілін түбегейлі өзгертетін жаңа Су кодексі әзірленуде. 2025 жылға дейін елімізде 2 миллиард түп ағаш егіледі. Президент бастамасы бойынша жаңа экологиялық сана қалыптастыруға және әр азаматты күн сайын қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, оны өмір салтына айналдыруға шақыратын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық ауқымды акциясы өтуде. Бұл орайда қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға қазақстандық жастар да елеулі үлес қосуда. Мәселен, Президенттің «Таза Қазақстан» акциясына 2,4 млн-нан астам адам қатысып, 900 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. 2,5 млн-ға жуық жасыл желек егілді. 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары қайта қалпына келтірілді.
«Жуырда Астана мен Алматы арасындағы ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын тас жолды қоқыстан тазартуға бағытталған партиялық іс-шара аяқталды. Әр апта сайын партиялықтар еліміздің барлық өңірінде аумақтарды тазалауға арналған «Таза бейсенбі» науқанын өткізеді. Небары екі аптада шамамен 3 мың тонна қалдық жиналды. Жиналған қоқыс қайта өңдеуге жіберіледі», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.
Сонымен қатар Ақерке Искандерова «Жастар Рухы» төрағалығы шеңберінде ШЫҰ Жастар кеңесі мүшелерінің есірткі қылмысына қарсы бірлескен іс-қимылына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Нашақорлықпен күресу, оған заң аясында қарсы тұру барысында тәжірибе алмасу мәселесіне ерекше мән берілді. Осы жұмыс нәтижесінде ШЫҰ елдеріндегі жастар ұйымдарының есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылының ұжымдық жоспары әзірленді.
Қытай Халық Республикасының өкілі, Бүкілқытайлық жастар федерациясы Бас хатшысының орынбасары Дун Ся жастардың экологиялық білімін арттыруға қатысты өз ойын білдірді.
«Біз қоршаған ортаны қорғау тұжырымдамасын қарапайым әрі түсінікті тілмен баяндаймыз. Креативті жастар қоршаған ортаны қорғау саласында шексіз әлеуетке ие. Ол өз кезегінде адамзаттың дамуына ықпал етеді. Астықты ұқыпты пайдалануға шақыратын жастар акциясы белсенді түрде жүзеге асырылуда», – деді ол.
Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының депутаты Денис Кравченко экономика өсімінің драйвері ретіндегі креативті индустрияның рөлі туралы айтты. Үндістан Республикасы Үкіметінің Жастар ісі жөніндегі департаменті хатшысының орынбасары Нитеш Кумар Мишра өзендер мен су айдындарын тазарту және суды үнемді пайдалану бағдарламалары туралы тілге тиек етті. Ал Өзбекстан Республикасы Жастар ісі агенттігі жанындағы Институт директоры Актам Жалилов волонтерлердің Арал теңізінің түбін мелиорациялауға қосқан үлесі туралы баяндады.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ШЫҰ елдеріндегі жастар ұйымдарының ынтымақтастығын нығайту жөніндегі бірлескен қарар қабылдады. Құжат эко-волонтерлердің халықаралық штабын құруды, жыл сайын экологиялық жобалар конкурстарын ұйымдастыруды және тағы басқа көздейді.
Сонымен қатар делегаттар бірауыздан шешім қабылдап, Беларусь Республикасы мен Иран, Ислам Республикасының ШЫҰ Жастар кеңесіне кіруге өтінімдері мақұлданды. Осылайша, ұйымға мүше мемлекеттер саны 10-ға жетті. ШЫҰ Жастар кеңесіне төрағалық ету кезегі Қытай Халық Республикасына өтті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram