29-30 қарашада Алматыды Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры – отбасы құндылықтарын дәріптейтін «ӘПКЕ» спектаклінің премьерасын көрермен назарына ұсынады.
Дулат Исабековтің «Әпке» драмасы – ұлттық өнердің алтын қорына енетін ерекше шығарма. Өмірге құштар Қамажайдың ошақтай отбасының ішінде болып жатқан мәселелер – қоғамның алып дерті іспеттес. Биыл, еліміздің драматургиясының биік шоқтығы саналатын «Әпке» пьесасының дүниеге келгеніне – 46 жыл. Аталмыш шығарма әр кезеңде де өзектілігін жоғалтпай, барша әлемді селт еткізіп, оқырман мен көрерменнің ықылас-зейінінен қалыс қалған емес.
«ӘПКЕ» спектаклі қоғамның, адам санасының өзгерісін, оның ұлттық құндылықтарға тигізіп жатқан ықпалын ашып көрсетеді.
Жаңашылдықпен суреттелетін қойылымның режиссері Мейрам Хабибуллин – Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрынан арнайы шақыртылды. Заманауи режиссер спектакльге өзгеше дем беріп, музыкалық сарынын MOLDANAZAR-дың сазды әуендерімен әрледі.
Мүсірепов театры дайындықты үш ай бұрын бастап кеткен. Дайындық барысында «Әпке» шығармасының авторы, драматург Дулат Исабеков театрға арнайы келіп, режиссермен және актерлік құраммен танысып, батасын беріп кетті.
Шиеленісті оқиғалардан тұратын бұл драма – бүгінгі заман ағысының басқа арнаға бұрылғанын, отбасындағы тәрбиенің маңызды екендігін және ағайын-туыс, бауыр арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын дәріптейді. Шығарма өткен ғасырда жазылса да, бір отбасындағы ағалы-қарындастың арақатынасы арқылы бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерін көтереді.
Режиссер жетім қалған балалардың қамқоршысына деген адами парызы мен борышын алдыңғы қатарға шығарған. Бар махаббаты мен шарапатын бауырларына беріп, өз сүйгенінен бас тартқан әйел тағдыры жастардың санасына сілкініс жасайтын тың сахналық туынды болмақ! Туындының алғашқы көрермендерінің бірі болуға асығыңыз, алматылық көрермен!