Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеудің бірінші кезеңі аяқталды. 1 қыркүйекте резервке кезекті іріктеу басталған болатын. Талап бойынша, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан азаматы қатыса алады. Іріктеу негізінде 50 кандидат резервке алынады.
Жобаның pkrezerv.gov.kz сайтында құжаттарды қабылдауға берілген өтініш негізінде бір айда 30 мыңнан астам адам тіркелген. Оның ішінде 6 404 қатысушы «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне жіберілді. Кейін бірнеше кезеңнен сүрінбей өтіп, «Құзыреттерді бағалау» сатысына 244 үміткер жетті. Енді олар 19-24 қазан аралығында өз бақтарын сынап көреді.
«Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Егер жиналыс жасау керек болса, біз осы жерге келіп, өз сұрақтарымызды ақылдасамыз. Президенттік жастар кадрлық резерві өз тарапынан ұсыныстар әзірлеп, мемлекеттік орган басшысына оны енгізе алады. Осындай қосымша мүмкіндіктеріміз бар», – деді Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілі Бибігүл Құрманова.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай білікті кадрларды даярлау, қызметшілердің білімін жетілдіру үнемі басты назарда екенін атап өтті. Оның сөзінше, кәсіби мамандар легін қалыптастыру жолында Мемлекеттік басқару академиясы әлемдік стандарттарға сай білім беруде.
«Академия тек оқытумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар біз мемлекеттік органдарға, оның ішінде Президент Әкімшілігіне, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне арнайы қолданбалы зерттеу жүргізіп, талдау жазбаларын дайындаймыз. Академияның әрбір өңірде филиалы бар. Олар тікелей жергілікті атқарушы органдармен байланыста. Бізде 11 бағдарлама жұмыс істейді. Оның 8-і магистратура болса, үшеуі – докторантура. Академияның бағдарламалары тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелдерде аккредиттелген. Жақында ғана Еуропалық аккредиттеу орталығының рұқсатымен біздің төрт бағдарламамыз 2033 жылға дейін іске қосылды», – деп жұмыстардың нәтижесіне тоқталды Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.