Астанада Республика күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының кубогы үшін «Ел бірлігі» атты екі күндік республикалық пікірсайыс турнирі өтті, деп хабарлайды Jastar janary Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Пікірсайыс турнирі жастардың зияткерлік даму алаңын құру, оларды Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға және насихаттауға белсенді қатысуға жұмылдыру, сондай-ақ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында өтті. Турнир ұйымдастырушылары – Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі және «Ұлттық пікірсайыс федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мұндай пікірсайыс турнирін алғаш рет өткізіп отыр. Бұл іс-шара толықтай қазақ тілінде өтуімен қатар, әр команданың көпэтносты болуымен ерекшеленеді.
Турнир аясында пікірсайысшылар Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен және Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілхановпен кездесті.
Пікірсайысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарының командалары қатысты. Қазақстанның заманауи бәсекеге қабілетті интеллектуалды дамыған жастары кейпіндегі қатысушылар еліміздің түрлі өңірін таныстырды.
Іс-шараның екінші күні қорытындылау және Кубок жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Пікірсайыс нәтижесі бойынша:
І орын иегерлері – Дәулет Нүркен мен Элина Амурлаева;
ІІ орын иегерлері – Жақсылық Бекхан мен Бохромжан Турсунходжаев;
ІІІ орын иегерлері – Сламбек Елемес пен Диана Хабибулина;
«Үздік медиа» номинациясы бойынша Әсет Ахмедов;
«Үздік спикер» номинациясы бойынша Исахан Нұрбақыт марапатталды.