Түркістан облысындағы «Тау самалы» демалыс орнында студенттерге арналған «ТAU FEST» лагері өтті. Оған Шымкент, Атырау, Қызылорда, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстарынан 300-ге жуық белсенді жас қатысты. Лагерьге облыс әкімі Дархан Сатыбалды да арнайы келіп, жастармен кездесті.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған көшбасшы жастардың басын біріктірген шараға арнайы қатысып, жастармен пікір алмасты. Қазақстан жастарының ынтымақтастығы мен бірлігін арттыруды, танымдық қызығушылықтарын ояту арқылы білім деңгейін көтеру мен интеллектуалды ортаны қалыптастыруды мақсат еткен шара екі күнге созылды. Лагерьге қатысушы жастар алғашқы күні «Спорт және өнер», «Жастар саясаты» тақырыптарында семинар-тренинг, кездесулер өткізді. Алдымен мүмкіндігі шектеулі жандардың фото көрмесін тамашалап, олардың үш туындысы, қолөнер бұйымдары аукционға қойылды. Сондай-ақ шара аясында өңір басшысы мен Мәжіліс депутаттары қоғамдағы жастардың рөліне тоқталып, сұрақтарына жауап берді. Арнайы спикерлер білім, экология, президент жолдауында айтылған негізгі басым бағыттар мен жастарды қоғамдық-саяси салада ілгерілетуге ықпал ететін креативті жобаларды таныстырды. Қонақтар алғашқы күні жастармен бірге алау басында, мерекелік концертке қатысты. Лагерьдің екінші күні қатысушылар «Жастар жетістігі» диалог алаңында бас қосты. Онда түрлі салада белгілі бір жетістікке жеткендер замандастарына тәжірибелерін бөлісті. Сонымен бірге жастар ұлттық ойындар, интеллектуалды сайыстар бойынша командалық жарыстар өтті. Жастар шарасына арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай жастарға қашанда қолдау болатынын айтты.
– Жаңа Қазақстан құру жолында экономиканы да, мәдениетті де жетектеуші – жастар. Күрес әрбір жастың өзінен бастау алу керек. Біз қашанда өзгерісті жастардан күтеміз. Бәсекеге білім мен ғылымның арқасында ғана түсе аламыз. Мәселен, Forbes-ке кірсеңіз ғылым мен білімді игерген Илон Маскты көреміз. Илон Маск ешқандай шикізатсыз-ақ әлемді өзіне қаратып отыр. Кез келген елдің жерінің асты да, үсті де байлыққа толы болуы мүмкін. Бірақ білімсіз елдің байлығы білімді ел игеретінін естен шығармауымыз қажет. Қашанда азаматтық қоғам дамымай, мемлекеттік қоғам дамымайды. Бүгінгі шараның мақсаты да осы. Жастардың озық ойлы болуы үшін біз аға буын әрдайым көмектесуге дайынбыз, – деді Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.
Шараға көшбасшы жастар, өңірлердегі Студенттер Альянсы мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты. Сондай-ақ араларында азаматтық қоғам өкілдері, жас ауыл әкімдері мен жергілікті мәслихаттардың жас депутаттары бар. Жалпы, Түркістан облысында 14-35 жас аралығындағы жастар саны 654 мыңнан асады. Оның 80 пайыздан астамы ауыл жастары. Сондықтан да ел ертеңіне бейжай қарамайтын әділетті жастарды қолдау аса маңызды, бұл жұмыстар жалғасын табады.
Ахмет Фариза,
Шымкент қаласы