Басты бет » Жастар үні » Жастар ресурстық орталығын дамыту ісі депутаттар назарында

Жастар ресурстық орталығын дамыту ісі депутаттар назарында

Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Нартай Сәрсенғалиев бастаған бір топ депутат Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға Жастар ресурстық орталығын дамыту туралы депутаттық сауал жолдады.

Бүгінгі депутаттық сауалым еліміздің ертеңі үшін жанын салып қызмет қылып, айлығы шайлығына жетпей, тұрмыстық тауқімет тартса да тартынып қалмайтын жастардың мұң-мұқтажы туралы. Қазақта: «Жақсы жастан шығады, Темір тастан шығады» деген аталы сөз бар. Бірақ біз сол жастардың қадіріне жете алмай келеміз. Жастардың басын біріктірген бір ұйым бар бізде, Жастар ресурстық орталығы деген. Аты дардай болғанмен заты сондай болмай тұр. Қайсы өңірге барсақ та алдымыздан шыққан жастар жұмыста жүйе жоқ екенін, өздерін жергілікті билік өкілдері білгенінше жұмсап, негізгі жұмыстарына жолатпайтынын айтады. Салдарынан ел «орталықтың жастары ортаңқол» деп сөгеді кейде. Еліміздегі 232 Жастар ресурстық орталығында қызмет ететін 3 мыңнан астам белсенді жас әр әкімнің бұйрығымен таң атысы, кеш батысы сабылып жүргенде жастармен жұмыстың жәйіне қалатыны әмбеге аян. Әу баста Жастар ресурстық орталығы – жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесетін, жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін орталық ретінде құрылған еді. Бірақ қазір сол жастардың еңбегі еш, тұзы сор. Себебін санамалап айтайын:
Біріншіден, жалақының төмендігі. Жастар ресурстық орталығындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 90 мың теңге. Бұдан әлдеқайда төмен айлық алатын жастар да жеткілікті. Бұл қазіргі қымбатшылықта түкке де жетпейді. Аталған айлыққа білімді, білікті жастарды қызметке әкеліп, «елдің ертеңі үшін жұмыс жаса, жастарға қызмет ет» деп үндеу керек. Әрине, оған білімді әрі
белсенді жастар келіспейді. Сәйкесінше, Жастар ресурстық орталығында үнемі кадр ауыса береді. Қазақ: «Су ағады, тас қалады, Кәрі кетеді, жас қалады» дейді. Бүйте берсек, ертең жастармен жұмыста кім қалады? Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын бекіту туралы 2022 жылғы 25 сәуірдегі №241 қаулысымен Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің жалақысын көтеру ұсынылған. Алайда бұл шешім Астана,
Шымкент қалаларымен Қарағанды, Ақмола облыстарында ғана орындалды, қалған облыстар ақша жоқ деп қысқа қайырған.
Екіншіден, жергілікті әкімдердің барып кел, шауып кел дейтін бұйрықтары белсенді жастардың төзімін әбден тауысқан. Оның ішінде Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерін жастарға мүлдем қатысы жоқ сансыз мерекелік шараларды ұйымдастыруға, аулаларды аралап мониторинг жасауға, әкімдіктің күнделікті бітпейтін бұйрықтарын атқаруға міндеттейді екен. Әкім қаралардың тапсырмасымен шауып жүрген жандар қашан жастардың мәселесімен
айналысады?
Үшіншіден, Жастар ресурстық орталығындағы штаттық бірліктің жетіспеушілігі. Еліміз бойынша орталықтың 1 қызметкері орта есеппен 2 мың жас азаматпен жұмыс істейді. Бірақ кей өңірлерде бұл стандарт жайына қалған. Мәселен, Алматы қаласында Жастар ресурстық орталығының бір қызметкері 32 мың жас азаматқа қызмет көрсетеді, Астанада 1 қызметкерге 17 мың адамнан
келеді.
Төртіншіден, Жастар ресурстық орталығының ғимараты жоқ. Олар әкімдіктің ішіндегі әр кабинетті паналауға мәжбүр. Бөлме берген биліктің жастарға билігін жүргізетіні анық.
Бесінші мәселе – қаржыландыру тетігінің нақты болмауы. Нақты нормативтің жоқтығы. Белсенді замандастарымыз Жастар ресурстық орталығын Мәдениет және ақпарат министрлігіне бекітіп берсе деген ұсыныс жолдады. Тапсырма бір тараптан болмаса әр әкімнің қас-қабағын бағудан әбден қажыған жастар. Ол ол ма, 2024 жылы республика бойынша Жастар ресурстық орталығына бөлінетін қаржыны қысқарту жоспарланған. Бұл онсызда кадрдің қадіріне жетпей жатқан саланы құлдыратып жібермей ме? Еске саламын, бұл 3 мыңнан астам белсенді, білімді жас азаматтың тағдыры.
Аталған мәселерді ескеріп, ұсыныстарды назарға алып заңнамамен белгіленген мерзімде жазбаша жауап күтемін.

«AMANAT» партиясының
фракция мүшелері, депутаттар Н. Сәрсенғалиев
Е. Бейсенбаев
Р. Зайытов
Д. Исабеков
«Қазақстан Халық партиясы»
фракциясының депутаты Г. Танашева