Хайуанаттар бағын сатып алып, өмірдің мәніне ие болған отбасы жайлы әдемі хикаяны көргілеріңіз келе ме?
«Біз зообақ сатып алдық» атты фильмнің түсірілуіне арқау болған бұл оқиға расымен өте әсерлі. Фильмнің басты кейіпкері – журналист Бенджамин Ми. Әйелі дүние салған соң оның басынан проблемалар арылар емес: 14 жастағы ұлының мектептен шығып кетуі, жұмыстағы сәтсіздіктер, мазасыз көршілер – осының барлығынан құтылу үшін Бенджамин қоныс ауыстыруды шешеді.
7 жасар қызы Рози мен жаңадан жұмысқа кірген риэлтор Стивенспен олар бірнеше үйді қарағанмен, көңіліне жайлысын таппайды. Соңында кішкентай қыз Рози ұсынған кітапшадағы үй олар үшін тамаша шешім болып көрінеді. Олар ескі үйге барады: Бенджамин мүлікті тексеріп, риэлторға үйдің көңілінен шыққанын айтады. Арыстанның ақырған дауысы естілген кезде, Стивенс үйде бірнеше жыл бұрын жабылған хайуанаттар бағы болғанын, үйді алғысы келсе, екеуін қоса сатып алу керектігін айтып түсіндіреді. Үй құстарымен ойнап жүрген Розидің қуанышын көрген Бенджамин үйді хайуанаттар бағымен бірге сатып алуға келіседі.
Осылайша, хайуанаттар бағының қызметкерлері бұл орынды жұртшылыққа қайта ашу ниетімен, жөндеу жұмыстарына кіріседі.
Ауылшаруашылық ісінің қатал инспекторы Уолтер Феррис аяқ астынан тексеріс жүргізіп, 150 мың доллар тұратын жөндеу жұмысының сметасын жасайды, ал Бенджаминде мұндай ақша жоқ. Хайуанаттар бағының есепшісі Ронда Блэрдің «Бенджамин осы жерді сатады» деген өсегін естіген қызметкерлердің көңіл күйі түсіп кетеді.
Осы қарбалас шақта Бенджамин әйелінің бұған жазып қалдырған инвестициялық шотын тауып алады. Бенджамин сол ақшаны хайуанаттар бағының жөңдеу жұмысына жаратуды шешеді.
Режиссер Кэмерон Кроудың мақсаты сәтті орындалған. Екі сағаттық фильмге көп мағына сыйдыра алған: онда әке мен бала, әйел мен ер, адамдар мен жануарлар арасындағы қамқорлық, махаббат тамаша жолмен көрініс табады. Кино көрерменге біздің өміріміздегі ең маңызды нәрсе не және айналамызды бақытты ету үшін не істей алатынымыз туралы ойлануға көмектеседі. Фильм хэппи эндпен аяқталады.
«Біз зообақ сатып алдық» – мен көрген фильмдердің ішіндегі ең жақсыларының бірі. Өте шынайы, қызықты әрі көңілді бұл фильмді басында басқа комедиялық туындылардың бірі болар деп ойладым. Сөйтсем, қателесіппін. Фильм өзінен кейін өте жарқын әсер қалдырды. Қазір көптеген фильмде кездесетін ерсі әзілдердің жоқтығы да қуантты. Кейіпкерлермен бірге қуанып та, жылап та алдым.
Аяжан ИСИНА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 1-курс студенті