«12 жасымнан бастағам. Кей тілдерді білгеніммен, аса қызығушылық та, қажеттілік те болмайтын. Итальян, француз тілдерін оқып жүрдім, кейін қысқа қарай ғаламтордан латын тілі туралы оқи бастадым. Ежелгі мысыр, ежелгі араб тілі осылай кете берді», — дейді Айбат Ахметжан.
Айбат тілдерді өз бетімен үйренгенін және тілдерді топқа бөліп, оның этимологиясымен қатар үйренетінін айтты.
Бағдарлама барысында Айбат Ахметжан жүргізушінің тілдерді ажырату туралы сұрағы мен ойындарына да мүдірмей жауап беріп, тарихын да бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Оның айтуынша, атасы, әке-шешесі де бірнеше тіл біледі.
«Менің атам — тарихшы. Ол жас кезінде тіл үйренгенді жақсы көрген. Біздің үйде атамның үлкен кітапханасы бар. Поляк, венгр, неміс тілінде кітаптар бар. Мен атаммен кейде поляк тілінде сөйлесемін. Анам университетте француз, латын тілдерін оқыған. Әкем түрік, ағылшын тілдерін жақсы біледі», — дейді ол.
Айбат Ахметжан болашағын да осы линвистикамен байланыстырады. Ол әрі қарай дамып, осы салада әртүрлі жобалар жазып жатқанын да атап өтті.