Жер бетіндегі ең ақылды, ең саналы тіршілік иесі – адам. Адамзат баласы осыған дейінгі сан мыңдаған жылдық ғұмырында тас құралдарынан бастап сансыз технологиялар ойлап тапты. Адам өмірін жеңілдету үшін ойлап табылған құралдар уақыт өткен сайын жетіліп, адамның санасы да қарыштап дами берді. Біздің өміріміздегі ең басты нәрсе – ақпарат алмасу. Ақпарат алмасудың түр-түрін ойлап тапқан адамзат ежелгі заманда тасқа қашап жазу жазды, сурет салды. Жаугершілік заманда темір тұлпарлармен хат таситын арнайы хатшылар мен жаушылар да болды. Аспанға ақ қанат көгершінді де ұшырды. Ал қазір Ыбырай Алтынсариннің «Айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деп келетін өлең жолдары ақиқатқа айналып, адам ақыл-ойының жаңа кезеңі технология мен интернет дәуірі орнады.
– Бұл біздің өмірімізден алып тасталынбайтын бөлшек сияқты болып қалды. Біз онымен болмайды, керек емес, қолданбау керек деп күресудің орнына ол жерден жақсысын, пайдасын алуға тырысу керек. Қазір «Instagram» желісін көп көреміз, көп кәсіпкерлер жеке брендтерін қалыптастырып жатыр. Көп компаниялар өз тұтынушыларына тікелей жүректерінен орын тауып жатыр. Демек, басқа салалардан ерекшелігі – оның өте тез, жылдам дамуы. Мысалы, Kaspi қосымшасы болмағанда осыдан 2-3 жыл бұрын барлығымыз қағаз ақша ұстасақ, ал қазір ешкім ұстамайды. Бұл – еліміздегі IT саланың дамып жатқанының көрінісі. Оны әрі қарай жетілдірсек, дамыған 50 елдің қатарына қосыламыз, – дейді ол.
Интернет саласы – көз жетпес жылдамдықпен дамып келе жатқан сала. Бүгінде әлем ғалымдары адамның жадын, санасын компьютерге көшіруді де қолға алуда. Әлеуметтік желі білім беру саласында да кеңінен қолданылады. Интернет пайда болғаннан кейін дәстүрлі білім беру жүйесіне айтарлықтай өзгеріс енді. Қазіргі уақытта білім алу мен білім берудің кітаптан бөлек бірнеше форматтары бар. Оны әлемді жаулаған індет кезінде де байқадық. Онлайн білім беру жүйесінің баланың біліміне тигізер оң тұстары көп екенін мектеп ұстазы Мөлдір Өтегенқызы бөлісті.
– Онлайн оқыту барысында біз түрлі формаларды қолдандық. Алғашқы кезінде білім министрі өте ұтымды жолын тауып, мұғалімдерге ватсап желісін ұсынды. Және бірден видео сабақтар түсіруге тапсырма келді бізге. Видеосабақтар түсіріп, ютуб желісіне салдық. Bilim land деген платформа бар онлайн мектеп деген сол жерге салынды. Оның тиімділігі видеоконференция өткізетін жері бар. Бетпе-бет көріп синхронды түрде өтуге мүмкіндік береді сабақты. Хабарлама жазып отырып қолданатын да қызметі бар. Мұғалімдер сабақты алдын ала салып қояды, – дейді ұстаз.
Дегенмен технология мен компьютер дәуірі адам үшін кері әсер етіп жатқан тұстары ұшан-теңіз екенін ұмытпаған жөн. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, пайдасы мен зияны қатар жүреді. Бұл гаджеттер мен әлеуметтік желілердің баланың психологиясы мен деңсаулығына тигізер кері әсері бары сөзсіз. Компьютер алдында сағаттап қозғалыссыз отыру түрлі ауруларға соқтырады. Қоғамдағы жас бүлдіршіндердің тілінің кеш шығуы, аутизм, санасының кеш жетілуі де осының салдары. Әлеуметтік желілерде отырған сәтте біз өзімізді шынайы өмірдегіден басқаша сезінеміз. Мұнда кіргендердің 70 пайызы өз өмірлерін күшті етіп көрсеткісі келеді.
Қорыта айтқанда, ақпарат ғасырында әлеуметтік желі қолданушылардың өз ойы мен пікірін ашық айта алатын алаңға айналды. Әлеуметтік желі күнделікті өміріміздің бір бөлшегі іспетті. Оның адамға тигізер ұшан – теңіз пайдасы мен кері әсерін де айттық. Ендеше мұнда өткізетін уақытты тиімді, әрі пайдалы жұмсау өз қолыңызда.
Іңкәр АЛТАЕВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 2-курс студенті