Басты бет » Жаңалықтар » ҰЛЫ ДАЛАНЫ ҰЛЫ ЖҰТҚА АЙНАЛДЫРҒАН АШАРШЫЛЫҚТЫ «ГЕНОЦИД» ДЕП ТАНУ КЕРЕК

ҰЛЫ ДАЛАНЫ ҰЛЫ ЖҰТҚА АЙНАЛДЫРҒАН АШАРШЫЛЫҚТЫ «ГЕНОЦИД» ДЕП ТАНУ КЕРЕК

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, 
“Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары


Мың өліп, мың тірілген Қазақ халқы жыл сайын дәл бүгін 31 мамырда Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алады. Қазақтың 70 пайызын, 4 миллион халықты қолдан жасалған аштықпен қыру әлем назарын аударған алапат саяси апат. Енді осы 4 млн ата-бабамыздың аруағын риза етіп, тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін «Ақ жол» партиясы 2020 жылы да парламентте ұсынғандай, Кеңес империясының, тоталитарлық билігі ұйымдастырған қазақ жеріндегі Ашаршылық қырғынына ресми түрде «геноцид» деп құқықтық баға беруді талап етеміз.

Иә, тура осыдан үш жыл бұрын,”Ескі Қазақстанда”-ақ: “Еліміздің Сыртқы істер министрлігі ашаршылық мәселесін геноцид ретінде халықаралық деңгейде (Біріккен Ұлттар Ұйымы, АҚШ Конгресі, Европарламент) мойындату жұмыстарын бастауы керек” деп жазып едік. Бірақ бұл әділеттілікті талап ету бағытында жасалып жатқан жұмысты “Жаңа, Әділетті Қазақстаннан” да көріп отырған жоқпыз.

1932 жылы миллиондаған қазақ сүйегінің үстінде тұрып өткізген жиында қанішер Голощекин “Қазақстан қандай бақытты ел”-деп оттап тұрғанда, көшеде қырылып жатқан мәйіттердің иісі ашық терезелерден залға қаптап тұрған…

Аштықтан қырылғандар мен қастықтан атылған Алаш арыстары кімдер еді? Олар — сіз бен біздің, парламентте Мәжіліс пен Сенатта отырған 148 депутаттың, Ақорда мен Үкіметтегі қаптаған шенеуніктердің, мемлекеттік қызметкерлердің, жалпы қазақтың ата-бабалары!
Ендеше біз қырылған 4 миллион қазақты, жазықсыз қырылған ата-бабамызды ел секілді жоқтай алмасақ, әруағына тағзым ете алмасақ, несіне жүрміз?!.

Сондықтан да Кеңес империясының, тоталитарлық билігі ұйымдастырған, қазақтың төрттен үшін — төрт миллионын қырып салған, сайын даланы сақырлаған ақсүйекке айналдырып, Ұлы далада Ұлы Жұт жасаған алапат Ашаршылық қырғынын ресми түрде «геноцид» деп танып, құқықтық баға беруді тағы да талап етіп отырмыз.

Осы Кеңес империясы жасаған Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, құқықтық баға беруді айта қалсаң, немесе әрбір Азаттық алған елдің міндетті түрде ең алдымен жасауы тиіс отарсыздану саясаты, де-коммунизацияны қозғасаң, Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болса да біздің биліктегі идеологы бар, басқалары бар, шенеуніктердің бәрінің шекесі тырысып, қалтырай қалатыны несі? Кеңес одағы келмеске кеткен жоқ па? Жоқ, бұл шенеуніктер өздерін Кеңес одағының мұрагерлері санай ма?!.Осыдан тура үш жыл бұрын дәл бүгін жазылған «Зұлмат» атты толғауымда:

Өлі риза болмай қалай жариды ел,
Көз алдымнан кетпей мәңгі тұрады-
4 миллион!- Қолын жайып нан сұраған сәбилер,
О дүниеде дұға сұрап жүр әлі…

4 миллион — бір мемлекет!
Көтеретін қай ұлтты да белеске,
Өмір бойы қалай алмас ел еске?!.
Пірі сынды тіл тигізбеу Кеңеске,-
Тірі сынды 4 миллионды қайта өлтіру емес пе?!.-

деп жырмен жоқтағанымдай, жазықсыз қырылған қалың қазақ алдында біздің борышымыз әлі өтелген жоқ.

Сол жылдары, өз елін, ауылын азапты ажалдан құтқарамын деп, тоталитарлық, қанішер саясатқа қарсы қарулы көтеріліс жасаған жүздеген батырларымыз әліге дейін ақталған жоқ. Оларға «басмашы» деген жала әлі жабысып жүр. Тарихшылар деректері бойынша, қазақ даласында мұндай 300-ден аса көтеріліс болған. Ел Созақ, Сарқан, Балқаш, Қазалы, Қарақұм, Ырғыз, Атбасар, Сарысу, Қызылқұм, Адай, Шұбартау, Бостандық көтерлістерін әлі күнге дейін айтады.

Барлық жерде бас көтерген қазақ ауылдарын қызыл қанға бояған қызыл әскер артиллериямен атқылап, қашып бара жатқан елді аэропланмен бомбалап, шекарада ұсталған қорғансыз босқындарды пулемётпен бала-шағасымен қоса, қойша кырып салғаны туралы деректер мен құжаттар жеткілікті. Шекарада ұсталған қазақтар туралы большевиктер көсемінің «Арғы жаққа өткізбеңдер, бергі жаққа қайтармаңдар!» деген бұйрығы белгілі.

Мысалы, Шығыстағы қазақ-қытай шекарасындағы атақты «Ақ-найман қырғыны» деген қанды оқиға ел есінде сақталса да, ресми түрде әлі мойындалмаған; ал осы заставаның аты бертінге дейін сол қырғынды тікелей басқарған қызыл әскердің атымен аталып келді. Мұндай әруақты қорлау әрекеттері еліміздің әр жерінде кездеседі. 2012 жылы «Қарасу» шекара пунктінің құрылысы кезінде, Шу өзеннің жағасынан жергілікті қариялардың айтуынша 30-шы жылдары атылған әйелдер мен балалардың үйіліп жатқан сүйектері табылды.

Осындай тарихи ақтаңдақтар Жетісу мен Сыр бойында да, Каспий өңірінде де, бүкіл еліміз бойынша, жеткілікті. .
Әрине, мұндай құжаттарды анықтап, халыққа жария етіп, еліміздің мыңдаған нағыз құрбандарын ақтап, адал тарихи баға беретін кез келді.

”Ақ жол” партиясы 10 жылдан бері «Алашқа тағзым» шеруін өткізіп келеді. Былтыр бұл бастамамызды Үкімет Премьер-министрі қолдады. Сондықтан енді бұл «Алашқа тағзым» шеруін мемлекеттік деңгейде өткізетін уақыт жетті. Біз бұған дейін Алашорда автономиясы құрылған 13 желтоқсанды Алаш күні деп атау туралы ұсыныс жасаған едік, бірақ бұған үкімет үнсіз қалды. Енді бұл күнді — қазақтың қос премьері — Алаш көсемі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан мен Қазақ автономиялы республикасы үкіметінің төрағасы Нығмет Нұрмақұлы екеуінің 1937 жылы Мәскеуде атылған — 27 қыркүйекті қазаққа қарсы жасалған зобалаң — Қанды репрессия құрбандарын еске алуға арналған және «Алашқа тағзым» шеруін өткізетін күн ретінде белгілеу керек.

Өткенін ұлықтай алмаған елдің болашаққа қадамы әлсіз болады. Тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған Алаш қозғалысы тарихына мектеп оқулықтарында бір жарым бет қана беріліп келеді. Соның салдары Алаш жайлы анық ақпараттар жеткіліксіз болғандықтан, қазір әлеуметтік желілерде негізсіз, дәлелсіз айыптаулар мен қате тұжырымдар кездесіп қалады. Сондықтан еліміздің мектептері мен ЖОО-ларда толыққанды Алаштану пәні оқытылуы керек. Алаш арыстарын ұлықтау Мемлекеттік деңгейде жолға қойылуы қажет.

Сонымен қатар, соңғы жылдары, көрші елімізде соғыс басталғалы бері кейбір әлеуметтік топтарда, керісінше, сталинизмді қайта насихаттау, милитаризмге үгіттеу басталды. Өткен заман тәуелсіз ұлттың келешегіне бөгет емес, баспалдақ болуы тиіс. Сол себептен, Тәуелсіздігімізді нығайту үшін елімізде де-коммунизация ұстанымын мемлекетіміздің ресми саясатының басты бағыты болуы қажет.

Осыған байланысты нақты ұсыныстарымыз:

1.Кеңес империясының, большевиктердің тоталитарлық билігі ұйымдастырған қазақ жеріндегі Ашаршылық қырғынына ресми түрде «геноцид» деп құқықтық баға беруді талап етеміз.

2.31 мамыр күнін – Ашаршылық құрбандарын еске алу — Ұлттық аза тұту қаралы күні деп жариялау. Осы күні жыл сайын сағат 12:00-де бір минут үнсіздік жариялап, дұға бағыштап, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының әруағына тағзым ету.

3.Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қазақтың мемлекет қайраткерлері атылған — 27 қыркүйекті (1937 жыл) Қанды репрессия құрбандарын, Алаш арыстарын еске алуға арналған және «Алашқа тағзым» шеруін өткізетін күн ретінде белгілеу керек.

4. Алаш арыстарының аттарын ұлықтау мемлекеттік деңгейде жолға қойылып, еліміздің мектептері мен ЖОО-ларда толыққанды Алаштану пәні оқытылуы тиіс..

5. Тәуелсіздігімізді нығайту үшін елімізде де-коммунизация ұстанымы мемлекетіміздің ресми саясатының басты бағыты болуы қажет.